Атыраудағы жеті нысан «Қасиетті Қазақстан» картасына енгізілді

Атыраудың жеті көне нысаны Жаңалықтар

Облыс орталығындағы тарихи-өлкетану музейінің қорында 1939 жылдан бері жинақталған тарихи құжаттық деректер аймақ шежіресі тым әріден бастау алатынын көрсетеді. Көзі қарақты оқырман бұған дейін Сарайшық қалашығы, Ақмешіт қорымы, Ұшқан ата мавзолейі мен Махамбет Өтемісұлы кесенесінің «Қазақстанның киелі жерлері картасына» енгізілгенін біледі. Әйтсе де, кейінгі зерттеулер мен толықтырулар нәтижесінде Құлшан ата жерасты мешіті, Аралтөбе қорғаны және Иманқара-Қойқара кешені ұсынылып, Атырау облысы бойынша барлығы жеті нысанға жетті.

Атыраудың жеті көне нысаны

Құлшан ата жерасты мешіті

Құлшан ата қорымы Құлсары қаласынан шығысқа қарай 67 км жерде биік төбенің батыс жағында орналасқан. Қорым саман тасты сағанатамдар мен шағын сәулеттік пішіндегі құлпытастарымен ерекшеленеді. Құлшан ата мешіті екі бөлмеден тұрады, оның біреуіне мешіттің негізін қалаушы жерленген. Мешітке жақын маңда түнек үйі тұрғызылған, басында шырақшысы бар.

Құлшан ата – Бекет Мырзағұлұлының әрі жиені, әрі шәкірті. Ақмешітке зиярат етуге шыққан жолаушы алдымен жол бойындағы Құлшан ата басына дұға оқып өтуі тиіс. Себебі, кейбір деректерде айтылатынындай, Бекет бабаның өзі «Ақмешітке зиярат жасап келушілер жолай жиенім Құлшан бейітіне соғып, дұға оқысын» деп тапсырған делінеді.

Құлшан атаның зайырлық қасиеті жоғары, өзі ерекше қасиетімен танылған. Таулы жерден үңгір қазып, жерасты ғимаратын салған. Атаның жатқан жерінен кез келген адамға емес, бірақ, ара-тұра жылан көрінеді екен. Ал, аптаның бейсенбі мен жұма күндері от байқалатын болған. Ата Пайғамбар жасына жеткенде кейін өзі жерленген орыннан жерасты үңгірін қазып алып, соны мекендеген.

Құлшан атаның бесінші ұрпағы, қазір шырақшылық қызмет атқарып отырған Оңайқұл Елеусіновтің айтуынша, қасиет иесі 1849 жылы дүниеге келіп, 1905 немесе 1910 жылдары дүниеден өткен.

Аралтөбе қорғаны

Ерте темір дәуірі ескерткіштерінің бірі – Аралтөбе қорғандар тобы. Ол Бекет ата дүниеге келген Ақмешіттің оңтүстік-батысында алты шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл атақты сармат тайпасының көсемі – Алтын киімді адам табылған жер.

1999 жылы Аралтөбе қорғанына жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде үш зират қазылды. Оның алғашқысынан адамдардың қаңқалары мен олар қолданған шыны моншақтар, жебе ұштары мен сынықтары табылды. Екіншісінде басы оңтүстікке қаратылып жерленген мүрде жанында жүзден астам жебесі бар қорамсақ, бүйірлі үлкен қыш құмыра, темір қылыш жатыр екен. Ең бастысы, үшінші зиратқа алтын киімді ер және әйел адамдар мүрделерімен бірге екі жылқы мен қыран құс жерленіпті. Ер адамның киімі, шашын түйген байламшасы, жанындағы қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесі алтынмен апталып, әдемі әшекейленген. Бұл оның тайпа көсемі, қолбасы немесе дінбасы, абыздықты ұстанған, әрі қыран құс баптап, саятшылықпен айналысқан аңшы болғанын білдіреді.

Иманқара – Қойқара кешені

Бұл архитектуралық ескерткіш Құлсары қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 60 км жерде орналасқан. Таудың ұзындығы екі шақырым, ені 300, биіктігі 200 метр. Үстіңгі тегіс жазықта 18 қорған салынған. Олардың биіктігі 0,5-1, ал, диаметрі 3-15 метр аралығында. Бұларда сарматтар жерленген. Иманқара қорғандары біздің заманымызға дейінгі V ғасырға жатады.

Қазіргі кезде кейбір зерттеушілер үңгір 1911 жылы жасалғанын, оны ағылшын кәсіпкері Нобель қойма ретінде пайдаланғанын айтады. Бірақ, бұл – қате пікір. Өйткені, алғашқы адамдар бұл өңірді Жаңа тас (неолит) дәуірінде, біздің эрамызға дейін 5-3 мың жылдары мекендегені мәлім. Осы кезеңде Иманқара үңгірінде де адамдар тұруы мүмкін.

Бүгінде облыстан қасиетті орындардың республикалық тізіміне енгізілгені жетеу ғана. Ал, өлкемізде мұндай жерлер жетерлік. Сондықтан, осы тақырыпқа байланысты қосар ұсыныстарыңыз болса, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіне хабарласып, материалдар жинақтауға атсалысуға шақырамын.

Рашида ХАРИПОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз