Атырауда Ретросаябақтың ашылу күні алыс емес

Ретросаябақ эскиз Жаңалықтар

«Тұрғындар қалашығы» ықшамауданындағы жалпы көлемі үш мың жарым гектар аумақта  ретросаябақ құрылысы  қызу жүріп жатыр. Оған қажетті қаражатты  «Игілік» әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бөлген. Мердігер мекеме – «Алем Констракшн Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Ретросаябақ

Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Күлән Құлбаева құрылыстың жалпы құны 3 млрд. 271 млн. теңгені құрайтынын айтады. Мұндай саябақтың облыста баламасы жоқ.

ТШО-ның үкіметпен  және бұқарамен байланыс бөлімінің бас  менеджері  Рзабек Артығалиевтің айтуынша, қалаға көрік беретін жаңа нысан жергілікті тұрғындардың демалуы үшін қызмет етпек.

– «Игілік» бағдарламасы аясында биыл облыс орталығынан тағы да бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылады деп жоспарлануда. Осының барлығына компания 25 млн. АҚШ долларын бөліп отыр. Халыққа қажетті нысандарды салуға барынша үлес қосу – біздің парызымыз, – дейді ол.

Бүгінде болашақ амфитеатр, ретро стиліндегі 90 орындық дәмхана, көрмеге арналған павильон, әуезді әуен мен түрлі түсті жарықпен әрленген төрт су бұрқағы, жасанды тоған және басқа да көздің жауын алар небір сәулет туындылары бой көтеріп үлгерген. Ал, жаяу жүргіншілер көпірінің астынан 364 шаршы метр аумақта асхана орналаспақ. Сонымен қатар, саябаққа заманауи бейнебақылау жүйесі қондырылып, радиохабар таратылатын болады. Үш жарым гектар аумаққа мыңға жуық ағаш отырғызылады деп күтілуде. Осы шаруаның бәрін мердігер мекеме өкілі Төлеген Арыстанов бастаған топ үйлестіріп жүр.

– Рас, ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс біраз бәсеңдеп қалды. Осы кезде тұрғындардың көңілдерінде аз-мұз күдік ұялағаны да шындық. Бірақ, кейін қайта жанданды. Ретросаябақтың осы жылы ашылуын атыраулықтар асыға күтіп жүргені жасырын емес. Қазір алаңда  130 адам еңбек етуде. Олар тәулігіне сегіз сағаттан екі ауысыммен жұмыс жасайды. Көбісі жергілікті жерден тартылған, арасында тәжірибелі мамандармен бірге жастар да бар. Барлығы 18 арнайы техника жұмылдырылған, – дейді ол.

Ал, құрылыс теліміне жауапты Армат Нұрғалиев «жаяу жүргіншілер мен көлік қоюға арналған алаңдар, әдемі орындықтар тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналады» деп сендіреді.

– Шағын скульптуралық туындылар саябақ сәнін арттырары анық. Бұл жерден қолөнершілер мен заманауи суретшілердің туындылары үшін де орын табылады. Қазір жұмыстың біраз бөлігі аяқталып қалды. Инженерлік коммуникациялар жүргізілген. Енді үш ғимараттың ішкі жұмыстары қалып тұр, – дейді ол.

Мұнайлы мекеннің байырғы тұрғыны Рақым Шайхиев ақсақал облыс орталығы жасыл желекке зәру екендігін айтады. Осы орайда ол саябақтар қатарын көбейту керектігін алға тартады.

– Әрлі-берлі шұбырған көлік нөпірінен бөлінетін улы газ ауамызды ластауда. Ал, жол бойындағы шаңды басатын ағаштар өте аз. Сондықтан, тал егіп, оны жасыл баққа айналдыру –  тұрғындардың өз қолында. Осыны, әсіресе, таяқ тастам жердегі қоқыс жәшігіне баруға ерінетін жастар ескерсе екен. Екінші мәселе, шаһарда 166 ойын, 33 спорттық  және 48 футбол алаңы болғанымен, кейбірі балалар үшін қауіпті. Меніңше, олардың қаншалықты сапалы, техникалық тұрғыда қауіпсіз екендігінде ешкімнің шаруасы жоқ сияқты, – дейді ол.

Ретросаябақ-эскиз

– Жалпы, адам баласы өмірге тек күні-түні оқу-тоқу, не жұмыс жасау үшін ғана келмейді ғой. Үлкендер немерелерін жетектеп, таза ауа жұтқысы келеді. Жастар жағы көшеге шығып, саябақтарда серуендеуге құмар. Атырауға келген қонақтардың «мұнайлы астанада демалатын орын аз екен» деп сын айтуы намысқа тиеді. Сондықтан, осындай әдемі саябақ құрылысын тездетіп бітіру керек деп санаймын, – деді бізбен тілдескен тағы бір қалалық Саттарбек Әбуғалиев.

Амандық АБДОЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз