Атырауда облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен патриоттар форумы өтті

Патриотты Жаңалықтар

Кеше облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен патриоттар форумында өңірдің отансүйгіш азаматтары арнайы аталымдармен ұлықталды. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Злиха Таласбекованың айтуынша, бұл форум ҚР мемлекеттік рәміздерінің және Қарулы күштерінің 25 жылдығы аясында өткізіліп отыр. 

Патриотты__

Саналы ғұмырының 36 жылын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіне арнаған Мағиса ИБРАШЕВА «Ерен еңбек жолы» номинациясымен марапатталды. Бүгінде ол – ұстаздар династиясын жалғастырушы, Индер ауданындағы Қ.Абаханов атындағы орта мектептің директоры. Соңғы жылдары ол басшылық ететін білім ордасы «Үлгілі білім мекемесі», «Жыл мектебі» атанып, Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамотасына ие болған.

Үкіметтік емес ұйым, саяси партиялардың белсенді көшбасшылары, азаматтық ұстанымы биік тұлғаларға арналған «Азаматтық асқақтық» номинациясының иегері – Балғаным ХАСЕНОВА. Ол білім саласындағы басшылық қызметімен қоса, учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы, облыстық білім беру кәсіподақтарының пленум мүшесі, Құрманғазы аудандық әйелдер кеңесінің мүшесі, аудан әкімі жанындағы аналар кеңесінің төрайымы ретінде  қоғамдық өмірге белсене атсалысып келеді.

«Ұрпаққа ұлағат» аталымының жүлдесін «Қос өзен мұнайшылары», «Қасиетіңнен айналдым», «Айшықты әлем» кітаптарының авторы, еңбек ардагері Мұрат БЕКТЕНОВ иеленді. Мұнай өндіру саласына қырық жылдың үстінде сіңірген еңбегі үшін ол бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған.

Ал, «Мемлекеттік қызмет сапында» номинациясы Мақат аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі Гүлжанар ӨТЕШОВАҒА табыс етілді. Әлеуметтік, зейнетақы саласындағы реформаларды жүзеге асырудағы белсенділігі үшін Гүлжанар Тілесқызы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісін иеленген.

«Табиғат жанашыры» номинациясының иегері – Нұрлан ЕСМҰХАНОВ.  Еуропадағы оқу және жұмыс сапарларының барысында дамыған елдердің қоршаған ортаға  жанашырлық көзқарасына қызығушылығы оянып, туған жерге оралған соң Атырауды көркейту, көгалдандыру мақсатында «Green Transition» қозғалысын құрған ол осы аталымға лайық деп танылды.

Туған жерінің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына бағытталған патриоттық бастамаларына жастарды жұмылдырып жүрген «Атырау» пікірсайыс орталығы мен «Сенатор» пікірсайыс клубының президенті Абылай ҚҰРМЕТҰЛЫ «Жастық жігер» номинациясының иегері атанды.

«Тәуекел – көзсіз батылдық». Өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, сын сағатта батылдық танытқан құрманғазылық Ермахан НАСИХАН да патриот ретінде мерейі тасыды.

Еңбекші орта мектебінің 8 сыныбында оқитын 13 жасар Ермахан  екі жыл бұрын досы Бейбарыс Қайроллаұлымен бірге  Сұрхан өзенінде суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды. Бұл ерлігі үшін Ішкі істер министрлігінің «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен және Білім және ғылым министрлігінің «Елжанды патриот» төсбелгісімен марапатталды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз