Атырауда Нұрлан Балғымбаевты еске алды (ФОТО)

ЕАС 145 Жаңалықтар

Махамбет атындағы қазақ драма театрында мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті. Оған бекзат болмысты тұлғаның  әріптестестері мен жұртшылық өкілдері қатысты. Алдымен, белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев  көрнекті қайраткердің адами қасиеттері, ел руханиятын қолдаудағы жанашырлығы хақында толғана сөйледі. Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпанов, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин, мұнайшылар Нұртас Шманов, Меңдеш Салықов, Ғалиаусат Кешубаев, Мақсот Қилыбаев  қарапайым мұнайшыдан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне дейінгі  өмір жолынан өткен  тұлғаның  Отаны мен халқына деген патриоттық сезімі туралы кеңінен әңгімеледі.

ЕАС 145

Нұрлан Балғымбаев  өзінің  қайсарлығымен, іскерлігімен танымал тұлға еді. Әрине, әуелі ел ішіне Балғымбай қариядан тараған Қойшығара мен Өтеп, Өтәлі мен Салтанат, Мақаш мұнайшылығымен танылды. Әкесі Өтеп пен оның бауырларының Отанға адал қызмет ету үлгісінен тәлім алған Нұрлан да әулеттің мұнайшылық кәсібін жалғастыруды қалады. Жоғары білім алды, қарапайым мотористің көмекшісі болып еңбек жолын бастады. Мұнайлы өңірлердің «қара алтынын» ел игілігіне жарату үшін аянбай еңбек етті. Мұнайшылықты кәсіп етсе де дана Абайдың «Талап, еңбек, терең ой» қағидатын темірқазықтай ұстанғанын онымен жұмыстас, әріптес, сырлас болғандар әлі күнге ақтарыла айтады.

ЕАС 042

Сан алуан жауапты жұмыстарды атқарса да талапшыл болудан, адалдықты ардақ тұтудан айнымады. «Мінезді еді, айтқан уәдесінен таймаушы еді»,-дейді Нұрлан Өтепұлын жақсы білетіндер. КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің мұнай өңдеу жөніндегі бас басқармасына жұмысқа шақырылуына зеректігі мен білімділігі, тура жолдан таймайтын талапшылдығы себеп болғаны даусыз. Оның есімі бұрынғы Одақ құрамындағы елдерге ғана емес, Қазақстанмен іскерлік, экономикалық байланыс орнатқан шет мемлекеттердің барлығына да кеңінен таныс. Өйткені, ол тәуелсіз Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібін өркендетудің бастауында тұрды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Мұнай және газ министрлігін, кейін осы саладағы ұлттық компанияны басқарып, ел экономикасының жетекші буынына айналған саланы қарқынды өркендетуге өлшеусіз еңбегін сіңірді. Отандық мұнай-газ өнеркәсібі саласында іске асырылған халықаралық жобалардың бастауында тұрды.

ЕАС 094

Мұнай мен газ өндірілгеніне бір ғасырдан асқан Атыраудағы мұнайшылардың әлеуметтік тұрмысын оңалтуды көздеп, экологиялық ахуалы нашарлаған елді мекендерді жаңа қонысқа көшіруде де көшелі іс атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық экономиканы өркендету саясатын қолдап, сенімді серігіне айналды. Оның нарықтық экономиканы басқара білетін менеджерлігі мен іскерлік қабілеті Премьер-Министр лауазымында  жарқырай көрінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Өз Отаны мен халқын қалтқысыз сүйген Н.Балғымбаевтың болмысына қарапайымдылық пен зиялылық, нағыз бекзаттық  тән еді. Халқымыз оның есімі мен еңбегін ұмытпай, әрдайым қастер тұтатын болады»,-деп оның қайраткерлігі мен тұлғалық  қасиеттерін орынды бағалаған еді.

ЕАС 078

Еске алу шарасында «Нұрлан Балғымбаев. Деректі ғұмырнама» атты  естеліктер жинағы мен деректі фильмнің таныстырылымы өтті.

ЕАС 032

Айқара Ғұмар

Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз