Атырауда мектеп оқушылары арасында тоғызқұмалақтан ашық турнир өтті (ФОТО)

IMG 6370 Білім

Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының ұйымдастыруымен «BAIZAAR» сауда-ойын сауық орталығында Атырау қаласында орналасқан мектеп оқушылары арасында «Жас зияткер» тоғызқұмалақтан ашық турнирі ұйымдастырылды. Бұл шара Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілді.

IMG_6370

Сайыс ұлдар мен қыздар арасындағы жеңімпаздарды анықтау үшін 6-8 және 9-11 сынып оқушыларын қамтыды. Жарысқа 23 мектептен барлығы 80-ге жуық оқушы қатысты. Шараның ашылу салтанатында сөз алған Атырау «Білім-Инновация» лицейінің директоры Исмайл Эльма, «тоғызқұмалақ ойыны қазақ халқының ежелгі ұлттық интеллектуалдық ойыны. Бұл ойын оқушылардың математикалық ойлау қабілетін арттыруға үлкен септігін тигізетін таптырмас зияткерлік ойын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған турнир келесі жылы да жалғасын таппақ. Жас ұрпақты төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеу жолында бұл ойынды жаппай насихаттауымыз қажет деп білемін»,-деп, өз ойымен бөлісті.

IMG_6368

Турнирде Атырау қалалық №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Құрманбай Әшетов және жаттықтырушы Жанар Акаджанова төрелік етіп, жарыстың жоғары дәрежеде өтуіне өз ықпалдарын тигізе білді.

IMG_6369

«Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде тоғызқұмалақ жақсы насихатталып жатыр. Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бері тоғызқұмалақ жылдан-жылға дамып келеді. Облыс орталықтарында тоғызқұмалақты үйренемін деушілерге үйірмелер ашылған. Осы турнирдің ұйымдастырылуы ұлттық спорттың дамуына одан әрі өз ықпалын тигізбек. Балаларды ақыл-ой спортына қатысуға шақырамыз»,-деді турнирдің бас төрешісі Құрманбай Әшетов.

IMG_6367

Бес сағатқа созылған жарыс қорытындысы бойынша 6-8 сынып оқушылары қыздар арасында 1 орын Б.Нысанбаев атындағы орта мектеп оқушысы Аружан Акаджановаға, 2 орын Б.Нысанбаев атындағы орта мектеп оқушысы Гүлнұр Шораеваға және 3 орын М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп оқушысы Жұлдыз Нұрлыханға бұйырды.

Ал 6-8 сынып оқушылары ұлдар арасында 1 орынға М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп оқушысы Батырхан Бекболатұлы, 2 орынға М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп оқушысы Даулет Елемес және 3 орынға №27 И.Тайманов атындағы орта мектеп оқушысы Айбек Смағүл ие болды.
9-11 сынып оқушылары қыздар арасында 1 орынды №22 Ә.Молдағұлова атындағы орта мектеп оқушысы Жұлдыз Нұрмағамбетова, 2 орынды Тауман Амандосов атындағы орта мектеп оқушысы Дина Нұрмағамбетова, 3 орын Еркінқала орта мектебінің оқушысы Әсел Шынғалиева иеленді.

Ал 9-11 сынып оқушылары ұлдар арасында 1 орынды М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп оқушысы Ақжол Маман, 2 орынды Тауман Амандосов атындағы орта мектеп оқушысы Жеткізген Нұғманов және 3 орынды Атырау «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Кенжебек Таниев қанжығасына байлады.
Сайыс жеңімпаздары арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айқара Ғұмар

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз