Атырауда көршілер болып, құрбандық шалды (ФОТО)

OiKc vEhj0M Жаңалықтар

Егемендікке қол жеткізіп, имандылыққа бет бұрғалы бері мұсылмандардың қасиетті мерекесі саналатын Айт мерекесі облыс, қала, аудан орталықтарында ғана емес, жекелеген көшелер мен көпқабатты үйлер арасында да аталуда.

OiKc-vEhj0M

Нұрашев Шынтай – Атырау қаласындағы бұрынғы Чехов, қазіргі Бейімбет Майлин тұйық көшесінде дүниеге келіп, сол жерде ержеткен азамат. Елуді еңсерген жігіт ағасы айналасындағы жас отбасы иелеріне жол көрсетіп, барынша қазақы салт-дәстүрді ұстануға тырысады. Реті келгенде зайыбы Гүлбаршын екеуі жандарына жаңа қоныс тепкен жас шаңырақ иелеріне төрлерін көрсетіп, ерулікке шақырады. Айт мерекесі таянғанда, көрші-қолаңға өз ойын ашық айтып, көше болып құрбандық шалуды ұсынады. Обалы не керек, бұл ойды сол маңдағы көршілер бірауыздан қолдап әкетеді. Сонымен, қыркүйектің 1-і күні олар көшеге 130 орындық палатка құрып, қазіргі ғана емес, бұрын осы көшеде біраз жыл тұрып, өзге мекен-жайға қоныс аударған сыйлас жандарды да қонақ етеді.

DS1a2o_ZBec

– «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» демей ме үлкендер. Сол айтқандай, бір өзіміз не тындыра алар едік? Сау болсын, көше тұрғындары – Асқар, Марлен, Сұлтан, Қайрош, Анар, Асыл, Зәуре, Марал, Айсұлу – қойшы, тіпті бәрі-бәрі үлкен белсенділік танытты. Әсіресе, кішкене балалар мәре-сәре болды. «Айттан Айтқа аман жетейік!» деген үлкендер тілегін олар да қайталап жүр – дейді Гүлбаршын Базарғалиева.

4SmC-N7VVyk

Дәл осындай шараны қаладағы С.Датов көшесі, №35 «В» үй тұрғындары да өткізді. Бес қабатты үй тұрғындары құрбандық шалу дәстүріне мұрындық болған азаматтар – Салауат, Әлімбай, Еркін, Дәуренге риза болып, оларға барша көрші атынан алғыс айтты.

 Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз