Атырауда «Есірткісіз әлем» атты халықаралық деңгейдегі акция басталды

есірткіге 2 Жаңалықтар

Атырауда Шанхай ынтымақтастық ұйымының бастамасымен «Есірткісіз әлем» атты халықаралық деңгейдегі кең көлемді акция басталды.

есірткіге 2

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы «Жайық» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен  акцияны облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсенбаев ашты. Бұдан кейін облыстық  білім беру, дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары Нұрсәуле Сайлауова мен Азамат Бекет есірткінің зиянын ашып айтты.

есірткіге

Есірткіге елітіп, нашақорлыққа салыну өз денсаулығыңды құртып қана қою емес, өміріңе балта шауып, өз көріңді өз қолыңмен қазғанмен бірдей. Оның еркіне беріліп, құрығына ілінген адамның аурудың шырмауынан шығып, қалыпты тіршілікке бейімделіп, түзеліп кетуі өте қиынға соғады. Алайда, барлығы да адамның  күш-қуатына, ерік-жігеріне, иман-сеніміне тікелей байланысты. Сондықтан да «Саламатты Қазақстан» және 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру, осы үрдіске белсенді атсалысып, өзіндік үлесімізді қосу–баршаның парызы.

есірткіге3

Дене шынықтыру және спортты дамыту аймақтық орталығы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының басшылары Сәдіржан Жекенов пен Алуа Сыралиеваның, әлемге әйгілі спортшы Абзал Дүсіповтің де пікірлерінің төркіні осыған тірелді. Оның үстіне, жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттері мен мектеп оқушыларының назарына нашақорлықтың зияны мен қаупі, қоғамға тигізетін кеселі, онымен күресу жолдарын баяндайтын бейнефильмнің ұсынылуы, залдың осы тақырыптағы түрлі көрнекіліктермен безендірілуі акцияның мазмұны мен мәнін арттыра түсті. Бұдан бөлек, есірткі бизнесімен күресетін арнаулы топ пен кинолог мамандардың , «Қайсар» спорт клубы мен «Киокушинкай каратэ-до» клубы тәрбиеленушілерінің көрсетілімдік шаралары да көпшіліктің көңілін аударды.

Дәулетқали Аруев

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз