Елімізде медиацияны дамыту мәселесі талқыланды

IMG 2284 08 09 18 02 03 Жаңалықтар

Атырауда Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің еліміздегі медиация саласын дамыту мәселелері бойынша көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

IMG_2286-08-09-18-02-03

Депутаттар Қазақстандағы медиация институтын дамыту мәселелерін талқылады. Комитет төрағасы Георгий Кимнің айтуынша, медиацияны дамыту жөнінде бұған дейін де дөңгелек үстелдер ұйымдастырылған.

Бұл жолғы кездесудің мақсаты – медиация мәселелері туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша заң жобасын талқыға салу. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ортаға салынған тақырыптың маңыздылығын атап өтті. Қазір Атырау облысында 40 кәсіби және 10 кәсіби емес медиатор жұмыс істейді. Облыстағы әкімдіктер жанынан 38 медиация кабинеті, Достық үйінде, кәсіподақ орталығында бір кабинеттен ашылған. Қалалық сотта да екі кабинет бар.

Жұмыс бабындағы кездесуде ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Ұлбосын Сүлейменова жетілдірілген жобаның басты ұсыныстарына тоқталды.

«Дауларды сотқа дейін реттеу бағыттары бойынша тиімді механизмдер жасалды. Көптеген даулар медиаторлардың, адвокаттардың реттеуімен, арбитражда сотқа жеткен жоқ. Соттарда тараптардың келісуі, қуынымнан бас тарту, талап етушінің арызы бойынша талаптарды қараусыз қалдыруға қатысты жұмысы тоқтатылған істер саны көбейді», – деді Ұлбосын Сүлейменова.

Кездесуге қатысушылардың пікірлерінше, құқықтық мәдениет, адамдардың менталитетіне қатысты қалыптасқан тұжырымдар өзгере бастаған, дауды соттан тыс келіссөздер жүргізу арқылы да шешуге болатынын түсіне бастады. Бітімгерлік рәсімдерді өзекті ету үшін Жоғарғы Сот соттарда пилоттық жобалар ұйымдастырып жүр.

«Бұл – даулардың кейбір санаттары бойынша медиацияның міндетті рәсімдерін енгізу жөніндегі пилоттық жоба. Мамыр айынан бері «Түнгі сот» пилоттық жобасы іске қосылды. ЖКО қатысушылардың материалдық талаптарын шешу кезінде келтірілген шығынды өтеу жайлы мәселе азаматтық процесте емес, келісім жасау арқылы әкімшілік процесте шешілетін болады.«Отбасылық сот» пилоттық жобасы басталды. Қолданыстағы заңға даулардың қылмыстылығы, міндетті медиацияға қатысты да түзету енгізу керек болады», – деді Жоғарғы Сот судьясы.

Отбасылық даулар бойынша міндетті медиация тиімділігін көрсетті. Жыл басынан бері 8 703 іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Пилоттық соттарда психологтар мен медиаторлар ата-аналарға неке бұзудың құқықтық салдары, оның баланың алға қарай дамуына әсері туралы кеңес береді.

IMG_2284-08-09-18-02-03

Жоғарғы Сот кәмелеттік жасқа толмағандардың мүдделері көтерілетін қылмыстық істердің жекелеген санаттары бойынша және әкімшілік істерде іс сотқа түспестен бұрын, процестің бастапқы кезеңінде міндетті медиация керек деп есептейді.

«Біз Жоғарғы Соттың «Соттан тыс және сотта татуласу» жобасымен жұмыс істейміз және оның нәтижелері әділ сотқа, заңның үстемдік құруына деген сенімді арттыруға оң ықпал етеді деп есептейміз. 2018 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, аймақтарда 21 татуласу орталығы, 697 татуласу кабинеті (медиация) ашылды», – деп атап өтті Ұлбосын Сүлейменова.

Сенат депутаты Владимир Волков медиация туралы заң 2011 жылы қабылданса да, көп жайттарды қайта реттеу қажеттігін айтты.

«Мұны мойындауымыз керек. Қазір еліміз бойынша 371 кәсіби медиатор жұмыс істейді. 3 мыңнан астам медиатор кәсіби емес. Осы кәсіби емес деген атауды қоғамдық медиатор деп ауыстыру керек. Әр түрлі ұйымдар бар оқытатын, сертификат беретін, бірақ бірыңғай орталық жоқ. Олардың қалай оқытып жатқанын білмейміз, сондықтан алда тұрған міндеттердің бірі – солардың бәрін ортақ бір іске жұмылдыру. Мысалы, бағалаушы, адвокат, нотариустар бойынша осындай жұмыстар жүргізілді. Қиын болды, бірақ ортақ жүйеге келтірдік. Қазір олардың жалғыз реттеушісі бар, жеке, түсінікті, ашық жұмыс істейді. Осы маңызды институтты дамыту керек», – деді Владимир Волков.

Талқыланған тақырып бойынша ойлары мен ұсыныстарын Қазақстан халықтары Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, «Медиацияны дамыту орталығы» РҚҰ құрылтайшысы Назым Төлекеевалар да айтты. Кездесуді ҚР Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким қортындылады.

«Медиация – қоғамдағы агрессияны жою мен даулылық аясын тарылту құралы. Оның жұмыс істеуі үшін механизм дайындау – міндетіміз. Медиация кәсіпкерлік қызметке жатпағанымен, бәрібір нарық тұрғысынан қарау қажет. Медиация нарығын анықтау керек. Бейнелеп айтсақ, қазір медиацияға келіп жатқан құқықтық қатынастар саны. Бір медиатор қанша медиативтік рәсім орындай алатынын анықтау керек. Елімізде медиация институтын дамыту үшін нақты жұмыс жасалуы тиіс. Атырауда өткен бұл кездесу кейін Парламентте талқылайтын көптеген сұрақтарды белгілеп берді деп ойлаймын»,- деп атап өтті Георгий Ким.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз