Атырауда балық аулауға арналған лимит толық игерілмей тұр

Судан маржан сүзгендер Жаңалықтар

Облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі таңда облыста балық шаруашылығымен шұғылданатын 19 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар негізінен Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістіктерінде, Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік шығыс бөлігінде су маржандарын аулап, өңдеумен айналысады.

Судан маржан сүзгендер

Жылдық меже – 71 пайыз

Мәселен, 2016  жылы бөлінген 18384 тонна балықтың 12991 тоннасы немесе 71 пайызы ауланған. Сондай-ақ, осы кезеңде «Атырау» және «Жайық-Атырау» бекіре балығын өсіру зауыттарында 7 млн. дана бекіре тұқымдас балық шабағы өсіріліп, су айдынына жіберілген.

Ал, биылғы қазан айына дейін облыс бойынша 4945,1 тонна балық ауланып, бекітілген лимит (12052,5 тонна) 41 пайызға игерілген. Соның ішінде  Каспий теңізінен – 1991, Жайық өзенінен – 1195,5 және Қиғаштан  1758,5 тонна балықтың аулануы қамтамасыз етілген. Ал, 9 айда өңделген балық өнімдерінің көлемі 8039 тоннаны құраған.

Әрине, барды жоққа шығармасақ та, жыл сайын бөлінетін лимит не себепті толықтай игерілмейді? Бұған байланысты мамандардың айтар уәжі де жоқ емес. Біріншіден, лимиттің көлемін белгілеп, бекіту процесінің өзіне көп уақыт кетеді. Екіншіден, өздерінің еншісіне бұйырғанын толықтай аулауға шағын кәсіпорындардың бәрінің бірдей шамасы жете бермейді. Яғни, мезгілімен тартымға шығып, күнделікті берілген тапсырманы орындауға мүмкіндігі жоқ. Бұған ау құралдарының, басқа да қажеттіліктерінің тапшылығы себеп болып отыр. Оның үстіне, олардың дені  жылына екі мәрте өткізілетін  жауапты маусымға  сақадай сайланып, дайындалып  келмейді.

Мұның сыртында, балықшылардың қалыпты жұмыс жасауына кеселін тигізер жағдайлардың да кездесіп қалатыны жасырын емес. Оған қоса, балықты заңсыз жолмен аулап,  оңай олжа табуды дағдыға айналдырып алғандар бар.

Жаңа жобалар жарылқай ма?

Қазіргі  таңда облыста тауарлы бекіре балығын өсіруге бағытталған екі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жұмыс жасауда. Соның бірі – «Cаspian Royal Fish» ЖШС-нің «Атырау қаласында сумен қамтудың тұйық жүйесінде тауарлы бекіре тұқымдас балығын өсіру және азықтық уылдырық алу жүйесімен балық өсіру кешенін құру» бағытында құрылған шаруашылығы. Қазір мұнда 30 мың дана бекіре тұқымдас балық түрі өсірілуде. Оның 15 мыңы – стерледь, 7,5 мыңы – сібір және соншасы орыс бекіресі.

Өткен жылы осында 10 тонна бекіре тұқымдас балығы өндіріліп, тұтынушыға сатылған. Биылғы жылдың соңына дейін зауытта 20 тонна бағалы балық еті мен 400 келі қара уылдырық өндіріледі деп күтілуде. 2020 жылы кәсіпорын толық өндірістік қуатына (жылына 100 тонна бекіре тұқымдас балық етін өндіру) шығады.

Екіншісі – «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің «Атырау облысындағы Жайық өзенінде бекіре балығын өсіретін шарбақтық шаруашылық құрылысы» жобасы. Аталған шаруашылықта жалпы салмағы 83,5 тоннаны құрайтын 38,5 мың дана орыс бекіресі өсірілу үстінде. Осы жылдың желтоқсан айына серіктестік 1,5 тонна бекіре балығының етін өндіруді жоспарлаған. Ал, жобалық қуатына (жылына 60 мың тонна) шығу 2019 жылға межеленген.

Иә, әңгіме арқауына айналып отырған инвестициялық жобаларды толыққанды іске қосудың арқасында күтілетін түпкі нәтиженің сипаты осындай. Әйткенмен, мұнда да межеленген кейбір жұмыстардың әу баста бекітілген кестеден ауытқып, кешіктірілгені шындық. Жобаны қаржыландыруға қатысты да ішінара қиындықтар туындап, кезең-кезеңімен атқарылуға тиісті іс-шаралардың баяулап қалуына әкеліп соқтыруда.

Бәсекеге сай өнім керек

Балық шаруашылығындағы жетістіктердің санатында Астана қаласында өткен «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне Амангелді атындағы өндірістік кооперативтің балықтың 30-дан астам түрін (жалпы салмағы 80,2 тонна) апарғанын айтуға болады. Өйткені, аталған кооператив балықшылары тауарларын сәтті саудалап, сапасының жоғарылығы және бағасының қолжетімділігімен, қызмет көрсету мәдениетінің биік деңгейімен  тұтынушылар көңілінен шықты.

Рас, мұны құптасақ та, осы саладағы шаруашылық құрылымдарының барлығы бірдей міндеттемелерін орындап, бәсекеге сай келетіндей өнім шығаруға қауқарлы ма? Өзіміз куәсі болып жүргеніміздей, қалада ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде, өңірлік деңгейде өткізілетін отандық үздік тауарлар байқауында көбіне-көп өнімдерін ұсынып, барын базарлайтын да біз тілге тиек етіп отырған «Амангелді» ӨК, «Інжу-маржан», «Каспий-Балық» ЖШС-тері сияқты саусақпен санап аларлықтай  ұжымдар. Судан маржан сүзетін өзге құрылымдар да бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіруге ұмтылса, нұр үстіне нұр болары күмәнсіз.

Ниет оң болса…

Биылғы жыл басынан бері балық аулауға рұқсат қағаздарын беру жөнінде 1745 мемлекеттік қызмет (оның 1082-сі көктемгі және 663-і күзгі балық аулау маусымына қатысты) көрсетілген. Ал, үшінші тоқсанда табиғатты пайдаланушы субъектілердің белгіленген орындардан балық аулағаны үшін бюджетке аударған ақшалай төлем сомасы 50 млн. 227 мың теңгені құраған.

Соңғы кезде балық шаруашылығында көрсетілетін мемлекеттік қызметтің аясы кеңіп келеді. Бұл еліміздің бірыңғай Кедендік және Еуразиялық Одаққа енуімен байланысты болып отыр. Десек те, өнімді ТМД мен жақын шетелдерге өткізумен байланысты құжаттарды рәсімдеуде қателіктер орын алып, заңсыз әрекеттерге (уақытынан кешіктіру, қажетті емес құжаттарды талап ету, декларацияның дұрыс толтырылмауы, т.с.с.) жол беріледі. Мұның бюджеттік міндеттемелердің орындалысына теріс ықпалын тигізетінін жоққа  шығаруға болмайды.

Салалық басқарма басшысының орынбасары Серік Сәрсекеновтың айтуынша, балық шаруашылығына жауапты бөлім де, су маржанының қорын қорғайтын инспекция да, бекіре тұқымдас шабақ өсіретін зауыт та, заңдылықтың сақталуын қадағалайтын құзыретті құрылымдар да, шаруаны ұйымдастыра алатын кәсіби  біліктілігі жоғары мамандар да бар. Тек саланың өркен жаюын қамтамасыз етуге ниет керек.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз