Атырауда астаналық нейрохирург ота жасады

neurochirurgie 27 DL Жаңалықтар

Медицина саласын заманауи жабдықтау, инновациялық технологиямен қамту үшін өткен жылдың желтоқсан айында облыстық бюджеттен 340 миллион теңге қаражат бөлініп, облыстық ауруханаға көпфункциялы ангиографиялық «SIEMENS» жүйелі қондырғысы алынған еді. Германияда шығарылған қондырғы жүрек-қан тамырлары ауруын, инсультті және жоғары мамандандырылған технология бойынша барлық ауру түрін диагностикалауға мүмкіндік береді. Аталмыш аппараттың көмегімен Астана қаласындағы «Ұлттық нейрохирургиялық орталықтың» нейрохирургі, медицина ғылымдарының докторы Ербол Махамбетов Атырауға келіп, үш науқасқа жоғары мамандандырылған ота жасады.

neurochirurgie_27_DL

Сондай-ақ, білікті дәрігер аурухананың нейрохирургиялық бөлімінде жатқан аурулармен танысып, өздерімен сөйлесіп, емін тағайындады.

Маманның айтуынша, бұл аппарат әсіресе, инсульт ауруына шалдыққандарды оңалтуда, жедел көмек беруде таптырмайтын құрал болып табылады.

Облыстық ауруханадағы инсультпен ауыратын науқастарға арналған орталыққа 2012 жылдан бастап есептегенде, күні бүгінге дейін  жылына мыңға жуық адам келіп ем қабылдайды. Оның 80 пайызы – инсульттің жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан түрімен ауырғандар. Қалған 20 пайызы – геморрагиялық инсультпен науқастанып түскендер екен.

Еске сала кетсек, Қазақстанда жыл сайын жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульттен зардап шегетіндердің қатары көбейіп барады. Аурудың көптігі бойынша еліміз ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды иеленеді екен. Аталған аурулардың салдарынан еңбек қабілетін жоғалтушылар саны күрт өскен. Сондықтан Үкімет соңғы жылдары мәселені шешудің жолдарын қарастырып отыр. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты тармағын қан айналымының бұзылуынан болатын аурулардың алдын алуға арнады. Осы бағытта өткен жылы республикада 16 инсульт орталығы ашылды. Аталған орталықтың бірі біздің мұнайлы өңірде де іске қосылды.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз