Атырауда қарақшылық көбейіп тұр

ҚАРАҚШЫЛЫҚ НЕГЕ КӨБЕЙДІ Жаңалықтар

Айналасы бір аптаның ішінде еліміздегі екі қаржылық орталыққа қарақшылық шабуыл жасалды. Тамыздың 22-сі күні «Kaspi Вank» АҚ-ның Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан бөлімшесіне бұзақылар баса көктеп кірсе, арада алты күн өткенде Теміртаудағы шағын қаржылық ұйымды тонау фактісі тіркеліп отыр. Елімізде ұрлық-қарлық, тонау оқиғалары не себепті жиілеп кетті? Өзгенің несібесіне қол салып, оңай-олжа табуды ойлайтындар кімдер?

ҚАРАҚШЫЛЫҚ НЕГЕ КӨБЕЙДІ

Иә, бетіне бетперде киген ұрылар «Kaspi Bank» бөлімшесін тонауға  шатырдан түскен. Сол сәттегі бейнежазбаны ел көрді. Оқиға тамыздың 22-де таңертеңгілік мезгілде орын алған. Беттерін тұмшалаған екі адамның бірі банк қызметкерлерінің қолдарын байлап жатқанда, екіншісі кассадағы ақшаны сөмкеге сала бастайды. Кейін банктің баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінде айтылғандай, қарақшылық шабуыл кезінде ғимаратта банк клиенттері болмаған. Абырой болғанда, қызметкерлер де зардап шеккен жоқ. «Олар дереу дабыл тетігін басып, тәртіп сақшыларына хабар берді. Қазір оқиға орнында полицейлер жұмыс  жасауда. Банктің қауіпсіздік қызметі қылмыскерлерді анықтау  үшін  барлық ақпаратты беріп, тәртіп сақшыларымен белсенді жұмыс істеуде. Нақты қанша қаржы тоналғаны анықталуда» делінген баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Аталған банк күзет қызметін енді күшейтпек болғанда, елімізде екінші қаржы орталығын тонау фактісі тіркеліп үлгерді. Теміртаудағы шағын қаржылық ұйымға қарақшылық шабуыл жасаған бұзақының әрекеті мен бет-бейнесі бейнекамераға анық түсіп қалған. Ол қолындағы пышағымен 22 жастағы менеджерді қорқытып, кассадағы 174 000 теңгені қолды еткен. Бейне түсірілімнен қарақшының баса-көктеп кіріп келгенін анық көруге болады. Жол патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлескен жедел іздестіру іс-шаралары барысында 30 жастағы қала тұрғыны ұсталып, өз кінәсін мойындаған.

Ел ішіндегі ұрлық-қарлық әрекеттер халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеген кезде көбейіп кететіні дәлелдеуді қажет етпейді. Десек те, қарақшылыққа, ұрлыққа қатысты қылмыс біздің аймақта да алаңдаушылық туғызарлықтай. Жуырда ғана Атыраудағы жеке үйлердің бірінен қыруар қаржы мен бағалы заттарды қолды еткен екеуге сот үкім шығарды. Олар жасаған қылмысы үшін он жылдан астам темір тордың ар жағында отыратын болды.

Бұл–сәуір айында қала маңындағы «Рыбник» саяжайындағы жеке тұрғын үйге жасалған қарулы шабуылға қатысты іс. Бетпердемен үйге кірген екеу қожайынның әпкесінің қол-аяғын байлап, 24 миллион теңге мен жалпы құны 800 мың теңгеден асатын алтын бұйымдарды алып кетеді. Ақшаны екіге бөліп алып, қаша жөнелген ұрылардың біреуін сол маңнан өтіп бара жатқан жәбірленушінің көршісінің бірі ұстап, полицейлерге тапсырыпты. Қаражаттың екінші бөлігін иесіз аулалардың біріне тыққан екінші сыбайлас та көп кешікпей қолға түсті.

Облыста қылмыстардың басым көпшілігін ұрлық құрайды. Біреудің мүлкін қолды ету, әсіресе, Атырау қаласында өткір тұр. Облыс орталығындағы әрбір қылмыстың екіншісі – ұрлық. Жауапты мамандар оның орын алуына көп жағдайда тұрғындардың салғырттығы себеп болатынын айтады. Атап айтқанда, адамдардың қауіпсіздік шараларын қажет деп санамауы, тұрғын үйлері мен жеке мүліктерін иесіз қалдыруы, өзгеге сенім білдіруі  және тағы да басқа себептер.

P.S. Қылмыстың өтеуі – ЖАЗА!  Десек те, қылмыстың екінші рет қайталануы мен көбеюі жазаның әлі де жеңілдігін көрсетуде. Сондықтан, қоғамдық тәртіпті қолға алып, оларға қатысты заң талабын күшейту бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр.

Мәлике Мәлік

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз