Атырауда 100 жетім бала бар

жерде Білім

Жуырда облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінде  облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен «Әр балаға – отбасы» атты семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңес жұмысына жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру мәселелерімен айналысып жүрген мамандар, балалар үйі басшылары мен қызметкерлері қатысты.

жерде

Аталған семинар-кеңесте  облыстық білім басқармасы қорғаншылық-қамқоршылық бөлімінің басшысы Анар Қаюпова  облысымызда жетім балалар санының жылдан-жылға азайып келе жатқанына тоқталды. Мәселен, 2014 жылы ол – 198, 2015 жылы  – 152, ал, 2016 жылы 95 бала болғанын тілге тиек етті. Осыған сәйкес облысымызда балалар үйі де қысқаруда. Бұрын ол үшеу болса, қазір екеу. Сонымен бірге, жетім балаларды патронаттық тәрбие мен қабылдаушы отбасына беру ісі қолға алынуда. Елімізде баланы қабылдаушы отбасына беру жобасы Алматы, Тараз, Қарағандыда ғана жүзеге асуда. Алдағы уақытта балалар үйлерін біртіндеп жабу міндеті тұр. Ендігі жерде көпшіліктің «жетім балаларды бауырыма басамын» деген ойлары жүзеге асып, оларды шынымен керек еткен отбасыларына беру жұмысы қолға алынатын болады.

Мұнан әрі Гүлнара Еришова (Индер), Ғалия Бижанова (Атырау), Айсұлу Қадыржанова (Атырау) баяндама жасады.

Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің директоры Гүлсара Аманғалиқызының айтуынша, қазір мұндағы 45 бала алты отбасына бөлінген. Оларды ана-тәрбиешілері, әпкелері бағып-күтеді. Сондай-ақ, көмекші тәрбиеші, музыкалық жетекші, педагог-психолог маманы бар. Айтқандай, 45 баланың 24-і – ұл, 21-і – қыз, 31-і мектепте оқыса, 8-і – студент. Спортты жанына серік еткен тәрбиеленушілер Кристина, Юлия, Шынарды көпке үлгі етеді. Отбасы үлгісіндегі осынау балалар ауылының ашылғанына он бес жыл болған. Осы аралықта 83 бала өз отбасыларына қайтарылған. Ащы судың қызығына түсіп, балаларын қор етіп жүрген ата-аналар да баршылық. Әсіресе, баяндамашы жеті баласы бар ананың осылайша адасып жүргенін,  өзінің аналық құқығын кері қайтарып алғаны   жайлы   әңгімеледі.

Рас, жетім балалар үйін мүлде жауып тастаймыз деу көңілге қонбайды. Өйткені, өмір бар жерде, өлім бар. Аяқ астынан ата-анасы қайтыс боп кетіп, шиеттей бала-шаға жетім қалуы мүмкін. Болмаса, бала күтіміне көңіл бөлмейтін теріс жолға түсіп кеткен әке-шешелерден бейкүнә бала-шағаны тез арада оқшаулау керек. Міне, осындай жағдайларда, сөз жоқ, балалар үйі пана болады. Қазір біздің Атырау облысы жетім балалардың санының аздығы жөнінен республикада Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан кейінгі үшінші орында тұр екен. Солтүстік облыстарда олардың саны әлі шарықтап тұр. Бір ғана Павлодардың өзінде 480 жетім бала бар. Сөзінің соңында Гүлсара Аманғалиқызы: «Жасыратыны жоқ, оңтүстік өңір тұрғындары бала асырап алуды табыс көзі деп қарап, бала күтуге берілетін жәрдемақыларға сондай қызықса, біздің атыраулықтар балаға деген шынайы мұқтаждықтан балалар үйін жағалайды, оларды шын ниетімен бауырына басады» – деді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз