Атырау «тірі алтынынан» неге айрылып қалды? (ФОТО)

236659456 w640 h640 segoletok rohlo Жаңалықтар

«Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» Атырау өңірі о баста айналаға осы балығымен танылған жоқ па? Ендеше, кешегі бағалы байлықтың көзден бұлбұл ұшқаны қалай? Бүгінде байырғы кәсіпті қайта жандандыруға не кедергі? Міне, осы сауалдарды біз сала ардагерлеріне қоя отырып, өткенді саралап, болашақты бағдарлап қоюды жөн көрдік.

236659456_w640_h640_segoletok_rohlo

 Кәрі Каспий күрсінді…

«Ай-күндерім зулап жатыр арада, ешбір қызық қалмай жатыр қалада, қайырылды қыран қанат қиялым, қайырылған қорытпадай жағада» деп ақын жырлағандай, Атыраудың «тірі алтынын» қазір «қара алтын» алмастырды. Қарт Каспийдің қойнауынан бүгінде қорытпа емес, мұнай өндірілуде. Иә, көнекөздердің «балықтың көп болғаны сонша, тіпті, жағаға шығып қалушы еді, ал, ауға түскен бекіренің ішін жарып тек уылдырығын ғана алатын едік» дегені бүгінгі ұрпаққа ертегідей көрінеді.

Телегей теңізден су маржанын сүзіп, жергілікті жұртты қорытпаға қарқ қылған  байырғы балықшылардың бірі – еңбек ардагері Тілекқабыл Мұратолла. Ол өмірінің көп уақытын осы шаруашылыққа сарп еткен жан. Өзі туған Амангелді ауылындағы «Амангелді» ұжымшарында 1972 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін инженер-механик болып тынбай еңбек етті.

– Ата-бабамыздың бәрі де балықшы болған, – дейді ақсақал. – Сол кезде бұл өте абыройлы жұмыс саналатын. Алпысыншы жылдары теңізден балық аулау тоқтатылып, өзекке ау құрыла бастады. Осы іске ауыл тұрғындары жаппай араласты. Бірі ау салса, екіншісі оны тартатын мотормен айналысты, ал, үшіншісі қажетті құралдарды дайындады.

Өйтпегенде ше? Балықшылардың табысы ең жоғары болды. Бекіре тұқымдас балықтардың мол қоры қарапайым колхоздың әл-ауқатын әп-сәтте көтеріп жіберді. Халықтың тұрмысы түзеліп, тұрғын үйлер мен мәдениет ошақтары салынды, жолдар асфальттала бастады. Міне, сөйткен «Амангелді» ұжымшары қазір кооперативке айналды, ата-баба кәсібін кейінгі буын жалғастыруға тиіс.

DSC06314

DSC06429

 Балық батағалары қайта жанданса…

Жіпке тізер болсақ, балық шаруашылығында шешімін күткен мәселе көп-ақ. Өкінішке орай, қазір теңіздің тамағын тереңдетіп қазу жұмыстары тоқтап қалды. Тілекқабыл Иманғалиұлының айтуынша, бұрын сонымен ғана айналысатын арнайы ұйымдар болыпты. Сөйтіп,  балықтар ішкі суларға емін-еркін кіріп-шығып жүрген деседі.

Ертеректе қазіргі Исатай ауданы Забурын елдімекенінде бірнеше балық батағалары жұмыс істеген. Шаруашылыққа көбінесе қазақтарды алып, кәсіпке баулыған. Осылайша, жергілікті халық жұмыспен қамтылған екен.

Сонымен, батаға дегеніміз – қазіргі тілмен айтқанда, балық өңдейтін зауыт. Оны орыстың көпестері салған. Балықтың тез бұзылатыны белгілі. Сондықтан, оны сол жерде аулап, уақыт өткізбей аршып, тез тазалау қажет болды. Сөйткен балық батағаларда бөлшектеліп, өңделді, тұздалды. Ол кезде көлік, пойыз дегендер жоқ қой, дайын балықты түйеге артып, керуенге тиеген көрінеді. Барар жерге осылай жеткізіп отырған.

– Менің әкем Иманғали Мұратолла да байырғы балықшы. Соғыс уақытында балықшыларды соғысқа алмады. Өйткені, майданға балық жіберіп тұру керек болды. Әкем секілді жергілікті балықшылардың ел үшін еткен еңбегі орасан зор. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар күн-түн демей теңізден маржан терді, қиындықпен санаспай қызмет қылды. Себебі, үйдегі балаларды жетілдіру керек болды. Сол үшін де амангелділік балықшылардың көбісі «Ерен еңбегі үшін» медалін өңірге таққан, – дейді Т.Мұратолла.

Р.S.: Байырғы балықшының айтуына қарағанда, қазір де осы салада еңбек етемін деуші жандар бар. Арасында ауыл жастары да жетерлік. Олар балық аулаумен айналысқысы-ақ келеді, тек кәсіптің қыр-сырына қанықтырып, жұмысқа алатын орын болса ғой, шіркін… Онсыз да көбісі бос жүр емес пе? Сала ардагерлері дәл бұрынғыдай болмағанымен, бағалы байлықты кері қалпына келтіруге болатындығынан үмітті. Ол үшін батыл жүректі, көне кәсіпті кеңейтуге ниетті жастарға қолдау білдіру қажет.

DSC_0647

DSC06431

фото (149)

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз