Атырау базарларында денсаулық акциясы өтті

tea00 e1430499149462 Жаңалықтар

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен Атырау қалалық №3 емханасы «Өз денсаулығың өз қолыңда!» және «Өз қантың мен артериялық қысымыңды анықта!» атты акция ұйымдастырды. Тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру, әрі қолдау көрсету мақсатын көздеген шара «Дина» сауда орталығында қолға алынды.   

tea00-e1430499149462Базар орталығының фойесінде ақхалаттылар тегін дәрігерлік тексеріс жүргізді. Тұрғындар да қанты мен артериялық қысымдарын өлшетуге ынталы болды. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Орынтай Сүгірованың айтуынша, жоғары қан қысымын туғызатын гипертония – өте қауіпті. Бұл инфаркт және инсульт секілді ауруларға душар етуі мүмкін. Кейбір жағдайда ауру белгілері байқалмайтын кездер болады. «Науқан кезінде біз әрбір тұрғынның артериялық қан қысымын, қандағы қанттың деңгейі мен холестерин мөлшерін анықтаймыз. Бұл әрбір адамның денсаулығына деген жауапкершілікті ұлғайтып, аз да болса да ауруының алдын алуға септігін тигізеді» дейді Орынтай Сүгірова.

Акцияда сала мамандары артериялық гипертонияның дамуына әсер ететін қауіпті факторлар туралы да түсінік берді. Ақхалаттылардың айтуынша, құрамында тұз бен майы көп және жемістер мен көкөністері жоқ тағамдарды тұтыну, алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс қолдану аталған дерттің пайда болуына себепші. Сондай-ақ, дене белсенділігінің жоқтығы мен шамадан тыс күйзеліске бой алдырудың салдары мол. «Тұрғындардың саулығына баса ден қойып, аурудың алдын алуға бет бұрмайтыны рас. Сондықтан, мұндай тексерісті тұрақты өткізуді қолға алдық. Ендігі уақытта акция «Тамаша» сауда орталығында жалғасады» дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілі Рысжан Таубаева.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз