Атырау алау эстафетасын қабылдайды

АТЫРАУ АЛАУ ЭСТАФЕТАСЫН ҚАБЫЛДАЙДЫ Жаңалықтар

Қаңтар айының 29-ы мен ақпанның 8-і күндері аралығында елімізде 28-інші бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындары өтетіні белгілі.  Алматыда ұйымдастырылатын бұл шара – еліміздің әлеуетін әлемге танытудың, спорт пен дене шынықтыруға барынша қолдау көрсетудің тағы бір жолы.

%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%80%d0%b0%d1%83-%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%83-%d1%8d%d1%81%d1%82%d0%b0%d1%84%d0%b5%d1%82%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bd-%d2%9b%d0%b0%d0%b1%d1%8b%d0%bb%d0%b4%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d1%8b

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен өткен жиында дүниежүзілік додаға дайындық мәселесі кеңінен сөз болды.

«Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-інші дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция» мемлекеттік қорының аппарат басшысы Дидар Сағадиев ауқымды шараға арналған акциялар Қазақстанның барлық өңірінде өтетінін хабарлады. Олардың ең бастысы – алау эстафетасы.

Дидар Ришатұлының айтуынша, алауды тұтату рәсімі 25 қаңтар күні Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Елбасының қатысуымен өтеді. Алау эстафетасы 26 қаңтар күні Петропавл қаласынан бастау алып, 29 қаңтарда Алматыдағы ойындардың ашылу салтанатында аяқталады. Ал, Атырауда бұл шара 27 қаңтарға белгіленген.

– Алау эстафетасына жалпы 1000 алау тасушы қатысады. Ал, әрбір өңірден 17-28 жас аралығындағы алпыс студент пен аспирант қатысады деп күтілуде. Іріктеудің негізгі шарты алаугер өңірдің жоғары, орта арнайы оқу орнының студенті болуы тиіс.  Өңірлік кезеңдердің негізгі қатысушылары әрі қарай ойындардың ашылу салтанатына қатысады. Ал, Алматыдағы ашылу салтанатында 15 алаугерді универсиаданың ұйымдастыру комитеті белгілейді. Әр өңірдің үздік студенті 29 қаңтарда ойындардың ашылуы кезінде Алау тостағанын жағу салтанатына қатысу үшін жіберіледі, – дейді мемлекеттік қордың аппарат басшысы.

Сондай-ақ, ол жарыстар өтетін нысандар, спортшылар қоныстанатын атлетикалық ауыл туралы кеңінен хабарлап, алау эстафетасы рәсіміндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін де көтерді.

– Универсиадаға қатысу үшін 55-тен астам елден 2 мыңға жуық спортшы өтінім берді. Үш мың ерікті көмек көрсетеді. Ойындар кезінде Алматыға 30 мыңға жуық шетелдік қонақ пен туристер келеді деп күтілуде. Әлемнің 80 елінде трансляция жүргізіледі.

Атырау облыстық  дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Азамат Бекеттің айтуынша, қазіргі таңда байрақты бәсекеде елдің намысын қорғайтын спортшылар арасында іріктеу жүріп жатыр. Атырауда үш қысқы спорт түрі дамуда. Атап айтсақ, олар — шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трек.

– Шайбалы хоккей мен мәнерлеп сырғанауда жаттығатын спортшылардың универсиада талаптары бойынша жас ерекшеліктері келмейді. Ендігі бар үміт — шорт-трекшілерімізде. Ел құрамасы  мүшелерінің толық тізімі жыл соңына қарай белгілі болады. Атыраудан екі спортшы жіберуді жоспарлап отырмыз, – дейді басқарма басшысы.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары «алау эстафетасын Атырауда ұйымшылдықпен өткіземіз» деп сендірді.

Айгүл Ертілеу

Суретті түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз