АТТЕСТАТ. АШЫҚ АСПАН…

image l Білім

Аtr.kz/5 маусым, 2020 жыл.

«Жас жүректің өмірлік құштары – гүл,

Бағбан ұстаз баулыған құстары – бұл.

Қоштасып бүгінгі күн ұясынан,

Сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр» деп ақындар жырлағандай, үлкен өмірге қадам басқалы отырған жас түлектерге арналған салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Гимнімен басталды. Аттестат тапсыруға арналған салтанатты сәттің алғашқы құттықтау сөзін Хиуаз Доспанова атындағы орта мектептің директоры Дулат Далиев мектептің педагогикалық ұжымына, шәкірттерге, ата-аналарға және қонақтарға арнады.

– Міне, көптен күткен қуанышты сәт те келіп жетті. Кешегі бүлдіршін бөбектеріміз бүгін есейіп, туған елі мен жерінің келешегіне жауапты бойжеткен мен бозбалаға айналды. Өмір заңы – өсу, ержету, есею. Әрине, қимастық сезім жүрегімізді елжіретіп, жанарымызды мөлдіретіп тұрғаны да рас. Балапандарын ұядан ұшыру оңай болсын ба? Алайда, алтын ұя мектеп пен ұстаздар осыған дейін де талай түлектерді баулып ұшырған болатын.

Биылғы мектеп бітірушілердің үлесі мен еншісіне бүкіл әлемдік пандемия кезіндегі карантин талаптарына сәйкес қашықтан оқуды алғашқылардың бірі болып меңгеріп, тыңнан түрен салу міндеті тиді. Ұстаздардың бер­ген білімін тәжірибеде қолданып, мектептің педагогикалық ұжымымен бірге оны да жеңіп шықтық. Ата-ана­лар, қиын сәттегі қолдауларыңыз бен түсіністікпен қарағандарыңыз үшін мың алғыс!

Жас түлектер! Отанымыздың экономикасын өркендетіп, қоғам өміріне айрықша үлес қосатын маман болуларыңызға тілеулеспін. Мектепті, ұстаздарды ұмытпаңыздар! Тамы­рынан ажыраған ағаш көктемейтіні сияқты, туған елі мен жерін, өзі білім алған мектебін ұмыту – азаматқа жат қылық. Осыдан аулақ болыңыздар! Сәт сапар!- деп ақжарма тілегін ақтарды мектеп басшысы Дулат Елемесұлы.

Шәкірттер мен ұстаздарға, ата-ана­лар мен қонақтарға құттықтау сөз айту үшін «Шапағат» діни орталығы директорының орынбасары Мейірбек Құбышев ортаға шақырылды.

Мектеп директоры Дулат Далиев түлектерге кәмелеттік аттестаттарын тапсырды.

Мектеп мақтанышы, көп ішінен оза шауып, он бір жыл бойы үздік оқыған «Алтын белгі» иегері, 11 «А» сынып оқушысы Ұлпан Ержанова түлектер атынан мұғалімдер ұжымы мен ата- аналарға, өзінің сыныптастарына құттықтау сөзін арнады. Сонымен қатар, сынып жетекшілері Сара Қ о й ш ы қ ы з ы м е н Ш о л п а н Омарғалиқызы да ұядан ұшқалы отырған жас қырандарға сәттілік тіледі.

Өмірдің жаңа асуына қол созған түлектердің ата-аналары атынан мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Светлана Фадина сөз алып, мектеп ұжымына, бүкіл қатысушыларға жүрекжарды алғысын айтты.

Соңғы қоңырау соғу құрметіне ие болған Азамат Жәнібеков пен Жаннұр Серікова күміс қоңырау үнін күмбірлетті.

Жас түлектер «Менің атаулы ағашым» акциясы аясында мектеп ауласына жас шыбықтар отырғызды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз