Атажұртты аңсағандар

оралманы Жаңалықтар

«Нұрлы көш» бағдарламасының мәні неде?

Тарыдай шашылған қазақтардың ата мекенге оралуына мүмкіндік берген «Нұрлы көш» бағдарламасы – тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің ең басты жеңісі. Себебі, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан бұл бағдарлама – бір замандары қыспаққа ұшырап, босып кетуге мәжбүр болған қандастарымыздың алдында тарихи әділеттіліктің орнауына мүмкіндік берді. Екіншіден, еліміздегі демографиялық ахуалдың жақсаруына, бизнеске қолдау көрсету арқылы, көптеген әлеуметтік проблемалардың да шешілуіне оң ықпал етті. Осылайша, «Нұрлы көш» тәуелсіздік жылдарындағы ең табысты бағдарламаға айналды.

%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d1%8b

Осы бағдарламаның әкімшісі болып табылатын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тәуелсіздік жылдарында бір миллионға жуық қандастарымыздың тарихи Отанына оралғанын хабарлады. Бұл – 261 мың 104 отбасы немесе 957 мың 772 этникалық қазақ деген сөз.

Шыны керек, Қазақстан этникалық миграциялық саясатты жүзеге асырушы санаулы елдердің бірі. Өйткені, әлемдік тәжірибе көптеген мемлекеттердің мұндай тәуекелге бара бермейтінін көрсетіп отыр. Демек, Қазақстанның бұл саясаттағы батыл қадамы лайықты бағалануы тиіс.

«Мен Қытай жерінде туып өстім. Әжем байғұс – ата мекендерің Қазақстан. Сендер қытай емес, қазақсыңдар. Осыны ұмытпаңдар» дегенді жиі айтып отыратын. Туған елге оралу арманы еді. Ақыры сол ақ арман орындалды. Қазір мен басқа емес, Қазақстанның азаматымын» дейді белгілі айтыскер ақын Азамат Мәлжанбай. Бастапқыда Қазақстанға студент болып келген жігіт қазір Арқалық қаласының Құрметті азаматы атанды. Отбасын құрды. «Асан қайғы бабамыз бар өмірін Жерұйықты іздеу жолында сарп еткен ғой. Мен үшін жер жәннаты – Қазақстан» дейді ол.

Азамат сынды бауырларымыз Қытайдан ғана емес, Өзбекстаннан да, Моңғолия, Түркіменстан, Украина, Ресейден де оралып жатыр. Негізінен Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында орналасқан бауырларымыздың 14 мыңға жуығы тәуелсіздік жылдарында Атырауға да қоныстанды.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Құралай Махметованың айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында өлкемізге 147 отбасы немесе 241 этникалық қазақтар көшіп келген. «Оның ішінде Атырау қаласына 119 отбасы, Жылыой ауданына 25 отбасы, Мақат ауданына 2, Құрманғазы ауданына 1 отбасы орналасты. Бұдан бөлек, соңғы екі жылдан бері Қытай елінен 87 студент келіп, Атырау мұнай және газ университетінде оқуда. Оның 37-сі жақында «оралман» мәртебесін алды» дейді ол.

P.S. Атажұртты аңсағандарға «Көші-қон туралы» заңға енгізілген өзгерістер де жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Бұдан былай оралмандар Қазақстан аумағында түпкілікті қалуға рұқсат алу кезінде өзінің төлем қабілеттілігін растау міндетінен босатылды. Және оларға Қазақстан азаматтығы енді бір жыл ішінде беріледі. Мұның барлығы, мемлекетіміздің өз қандастарының елге оралуына қашанда бар мүмкіндікті жасайтынын көрсетеді. Себебі, біз адами ресурсты ең басты байлығына балайтын елміз.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Сіз не дейсіз?

Құдабай ҚАРЖАУОВ,

 «Оралман Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Демографиялық ахуал жақсарды

«Нұрлы көш» бағдарламасы атажұртты аңсағандар үшін, сөзсіз, үлкен бонустық карта болды. Біріншіден, «Нұрлы көш» елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына, екіншіден еңбек миграциясының реттелуіне мүмкіндік берді.

Десе де, миграция саясаты деген уақытта, мемлекетті құраушы этникалық ұлттарды шекаралық аймақтарға орналастыру мәселесіне маңыз беру керек. Өйткені,  әлемдік ахуал ұлттық қауіпсіздік мәселесіне көбірек көңіл бөлу қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан, әсіресе, солтүстік аймақтарды қазақыландыру, этникалық қазақтарды сол аймақтарға қоныстандыруды ұсынамын. Осы мақсатта «Серпін» бағдарламасын мейілінше тиімді пайдалану керектей көрінеді.

 

Құралай МАХМЕТОВА,

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі бөлім басшысы:

Азаматтық алуда жеңілдіктер көбейді

Айта кету керек, қандастарымыздың дені өз-өзін жұмыспен қамтығандар. Яғни, көпшілігі жеке кәсіп ашып, ел игілігіне қызмет етіп жүр. Жыл басынан бері облысқа 241 қандасымыз көшіп келсе, жұмысқа тұру жөнінде 24-і ғана уәкілетті органға хабарласты. Оның 19-ы әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Біреуі шағын несие алып, екеуі қайта даярлау курсына, екеуі қоғамдық жұмысқа жіберілді.

Және бір мәселе – жаңа заң азаматтық алуда көп мүмкіндіктер беріп отыр. Бұған дейін азаматтық алу кезінде қандасымыздың тіркелген жері болуы керектігі талап етілген еді. Ендігі жерде қызметтік немесе жеке тұрғын үйі болмаған кезде, оралмандар бейімдеу және интеграциялау орталықтарында, уақытша орналастыру орындарында немесе білім беру ұйымдарының жатақханаларында бір жылдан аспайтын мерзімге тіркеле алады.

 

Вырезка!

– Қандастарымыздың 21%-ға жуығы Оңтүстік Қазақстан, 16%-ы Алматы, 9%-ға жуығы Жамбыл, 13%-ы Маңғыстау облысында орналасқан.

– 2013 жылы облысымызға – 181 отбасы,

 – 2014 жылы –  46,

– 2015 жылы  – 28,

– 2016 жылы – 147 шаңырақ көшіп келді. Олардың басым бөлігі облыс орталығына, бірқатары Жылыой, Құрманғазы, Мақат, Махамбет аудандарына қоныстанған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз