АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ТҮЛІК – ТАБЫС КӨЗІ

ЕАС 1529 Жаңалықтар

Елбасы биылғы Қазақстан халқына  Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына да бірқатар тапсырмалар жүктеді. Онда негізі орнықты,  әлеуеті мол, әрдайым жаңарып, қалпына келіп отыратын жер, күн, су ресурстарын  тиімді пайдалануға негізделген  аграрлық саланы, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға бетбұрыс жасау мақсаты алға қойылды.

ЕАС 1529

Бұл, алдымен, әлемдегі азық-түлік  өнімдеріне деген сұраныстың күрт өсуімен  байланысты туындап отырған қажеттілік.  Осыған орай ендігі жерде  республика көлемінде  іске асырылып жатқан  мал тұқымын асылдандыру, жемшөп қорын жасақтау, өнім дайындау мен қайта өңдеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға шаруашылық құрылымдарының белсенді қатысуына мүмкіндік  беретін механизмдерді жетілдіру қажеттілігі айқын сезілуде.

Халықтың үдемелі өсімін қажетті азық-түлікпен, әсіресе, етпен  қамтамасыз ету – әр мемлекеттің өзекті мәселесі. Мәселен, бір адам жылына 85-90 келі ет тұтынуы қажет болса, бүгінде адам басына шаққанда орташа 40 келі ет өндіріледі екен. Адамның күнделікті тұтынатын тағамдарының 60 пайызы – мал өнімдері. Қазір жер жүзінде 900 миллионға жуық қой бар деп есептейтін болсақ, соның 15,7 миллионы – Қазақстанда. Әлемде жалпы саны 600 қой тұқымы болса, соның 15 түрі бізде бар.  Әрине, мұның өзі бір ел үшін аз емес.

Республикамыздың  аумағы өте үлкен, климаттық жағдайы да әркелкі. Дегенмен, осының бәріне де бейімделген қойлардың тұқымы  жеткілікті.  Мысалы, еліміздегі  15,7 миллион қойдың 80 пайызы – құйрықты қой. Оның өзінің алты түрлі тұқымы барын ескерсек, олардың бойында қазақтың еділбай қойының қаны барын да жоққа шығаруға болмайды. Түркіменнің ахалтекесі, славян халқының романовск, американдықтардың линкольн тұқымы секілді еділбай қойы – сөз жоқ, ұлтымыздың мақтанышы.   Еділбай қойы салмағы жағынан, жылдам өсіп, жетілетіндегі жөнінен  дүние жүзінде алдыңғы орында тұр. Оның ең тиімділігі қозысының  өзі небәрі төрт айында тірілей салмақпен 38-40 келі болып, 18-20 келі ет береді.  Осыны біз  ұлттық бренд ретінде көтеруге қақымыз бар. Өйткені,  қозыны  төрт айлығында енесінен бөлген кезде етке тапсыруға болады. Бұл бір жағынан экономикалық тиімді және еттің құрамындағы ақуыз, минералды заттар, дәрумендер, аминді, қышқылды майлар, тамақтың физиологиялық құндылығын анықтайды.

Қазіргі кезде Үкімет үлкен  сұранысқа  ие болып отырған  қозы еті мен сиыр етін экспортқа   шығаруды ұлғайтуға көңіл бөлуде. Әлемдік нарықта ет өніміне сұраныс та жоқ емес. Ет – адам баласына  наннан кейінгі екінші азық түрі. Іргеміздегі Ресей мемлекеті жыл сайын 1,5 млн. тонна етті Латын Америкасынан тасып жейді. Ресейдің үлкен нарығын бізге әбден пайдалануға болады. Бұл мәселе жөнінде Елбасының Астанада өткен агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің форумында «Біз Ресейге 60 мың тонна ет өткізуіміз қажет» деп тапсырғаны мәлім.

Қой шаруашылығын дамыту үшін  үш негізгі шараны іске асырған жөн.  Біріншісі – мал тұқымын асылдандыру. Екіншісі  –  жемшөп дайындау, яғни, азықтандыру. Үшіншісі – түлікті талапқа сай бағып-күту.   «Мал баққанға бітеді» деп бұрынғы аталарымыз айтып кеткендей, осыларды ойдағыдай орындағанда ғана табысқа жетеріміз хақ.                                                           

Біріншіден, мемлекеттен субсидия алу үшін шаруашылық субъектілерінің бағымында асыл тұқымды түліктің бір түрі болуы шарт. Оның өнімділігі тұқымның стандартына жауап беруі тиіс. Шаруашылық субъектілерінің бес-алты жылға арналған қойды асылдандыру жоспарлары және ғылыми қызметкермен қамтылуы қажет. Сонымен қатар, асыл тұқымды малдардың  есебі жүргізілуі керек. Селекция жұмыстары жүргізілмеген жағдайда мал ішінде генетикалық, яғни,  туыстығы  жағынан басым түсіп, өнімділігі төмендейді.

Екіншіден, әлі де болса малды талапқа сай азықтандыру, жемшөп қорын жасақтау жұмысы тиісті деңгейде жолға қойылмауда. Егер малдың азығы нашар, құнарсыз болса, оның генетикалық әлеуеті төмендей береді. Шынында, отандық  мал шаруашылығы саласы бойынша қолдағы бар  генеқор  жаман емес. Тек күтіп-бағу ісіне жаңаша көзқарас пен саясат ұстану абзал. Егер мал қоңды болса, оның төлі де жақсы болады. Ал, анасының сүтіне жарыған қозы тез өседі, әрі салмағы артады. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ұсақ шаруашылықтардың жұмысын келісіммен кооперативтер құру арқылы біріктірсек, дұрыс болар еді. Сонда олардың шөп шабатын техникасы, комбайны, оны таситын тракторы, басқа да техникасы мен мал бір жерге шоғырландырылып, түлік  тұқымын асылдандыру шараларын оңтайландыруға қолайлы жағдай туындар еді деп есептеймін.

Үшіншіден, малдың бағып-күтілуін бір жүйеге келтіру мәселесін  мемлекеттік тұрғыдан шешу керек.

Бұрын шопандарға мемлекет тарапынан елеулі қолдау көрсетілетін, еңбектегі жетістіктеріне қарай марапатталып отыратын. Сондай-ақ, малшы балаларының мектеп-интернаттарда оқуына, жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндіктер туғызылып, жеңілдіктер жасалатын. Өкінішке орай, бүгінде бұл шаруаға екінің бірі тәуекел ете бермейді. Ал, өз ықтиярымен бара қалғандарының алдымен  әлеуметтік мәселесін шешуге жұмыстануымыз қажет. Бұған нақты мысал келтірсек, көршілес Маңғыстау облысының Түп­қараған ауданының Қызылсығыр қыста­ғын­да жаңа үлгідегі Румынияның осы салаға маманданған бір фирмасымен бірлесіп,  еуропалық үлгідегі үш бөлмелі малшы үйі салынған. Үйдің жанында желмен жұмыс жасайтын электр стансасы, төбесінде күн сәулесінен қуат өндіретін және шағын дизельді электр стансасы бар. Мал­шының үйі осы энергиямен жарықтан­дырылып, жылытылады. Сондай-ақ, қора жанынан қазылған тереңдігі 73 метр ұңғыға орнатылған сорғы да осы электр қуатымен іске қосылып, соның арқасында бір  отар мал суарылады.

Жалпы, жоғарыда айтқан мал шаруашылығындағы негізгі үш шараны толыққанды іске асыратын – зоотехниктер. Алайда, соңғы жылдары мұндай мамандар азайып, қат болып кеткені рас. Малды асылдандыруға айрықша ден қойып, содан қыруар пайдаға кенеліп отырған елдердің санатында Англияны атауға болады. Мұнда жылына бір сиырдан 10 тоннадай сүт сауылып, 20 млн. тонна қозының еті экспортқа шығарылады. Бұл жерде өзгенікін мақтап, өзіміздікін даттаудан аулақпыз. Әйтсе де, іс тетігін білікті кадрлар, яғни, өз кәсібінің шынайы мамандары шешетіні тәжірибеде дәлелденген. Ал, асыл тұқымды түліктің қашан да табыс көзі болып қалары кәміл. Ендеше, бар күш-мүмкіндікті сол бағытқа жұмылдырсақ қана көздеген мақсатқа жетеріміз хақ.

Сағима ТАЙШҰНАҚОВА,

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешені комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясы асыл тұқымды мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз