АСПАҒА ГАЗ КЕЛДІ

Жуырда Қайыршақты ауылдық округінің тұрғындары екі бірдей қуанышқа кенелді. Біріншісі, Аспа ауылы түгелдей «көгілдір отынға» қосылса, екіншіден, Томарлы селосына таза ауыз су құбыры жүргізілді. Салтанатты сәтке орай тұрғындармен жүздескен Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев оларды игілікті істердің жалғасын табатынына сендірді.

 

– Аспалықтар «көгілдір отынды» сонау 2000 жылдан бері күтіп келді. Ал, биыл қала маңындағы бірден-бір ауыл ретінде ерекше бақылауға алынды. Бұл игіліктердің бәрі де Елбасының сындарлы саясаты мен облыс басшысының тапсырмаларына орай іске асып отыр. Игі іске демеушілік танытқан «Сержан» шаруа қожалығына өзімнің және тұрғындардың атынан ризашылығымды білдіремін. Бір ауылдың артында күллі елдің мүддесі тұр. Халықтың көңіл-күйі оған жасалған қамқорлық пен елдің тұрмыс-деңгейіне және көрсетілер қызмет сапасына байланысты. «Тірлігі жарасқан жұрттың түтіні түзу, бірлігі жарасқан жұрттың туы түзу» демекші, бүгінгі Атырау – тірлігі де, бірлігі де жарасқан баршамыздың ордалы ошағымыз. Сондықтан, бөліп жаратын ештеңе жоқ, міндет те, мүдде де – ортақ, – деген шаһар басшысы табиғи газдың алауын жақты.

Тұрғындар атынан Бақытжан Тоқпаева жергілікті басшылыққа алғысын жаудырды.

Ауылдық округ әкімі Шапхат Қалиевтің айтуынша, Аспа аумағында орналасқан 16 үйдің сегізі қазір «көгілдір отынның» қызығын көруде. Ал, қалғаны газ желісін үйлеріне жүргізіп жатыр. Бұдан басқа, ауыл жарық, су, телефон байланысы секілді коммуникациялық қажеттіліктермен толық қамтылған. Ауылға газ келетінін естіген жеке кәсіпкер Жәнібек Көшәлиев дереу жылыжай ісін қолға алғанын айтады. Ол тамшылатып суару әдісімен 350 шаршы метрлік бір жылыжайында қияр, ал, 700 шаршы метр екінші жылыжайында құлпынай өсіріп отыр. Осылайша алдағы жаңа жылда ауылдықтарды таза көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етпек.

– Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Кәсіпкерлер де іске кірісті. Енді үйлерге газ арқылы жылу беріледі, – дейді жергілікті дәрігер Сәлімжан Аманғалиев.

Осыдан кейін қала әкімі Томарлы селосына қарай бет алып,  Москва көшесінде таза ауыз су құбырын іске қосты.

– Бұл жұмыстар жобада көрсетілмегенімен, мердігер мекеме «Алау-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен іске асып отыр. Енді тұрғындар «Атырау су арнасы» мекемесімен техникалық шарт жасасуы керек. Бұған дейін Томарлы-2 ауылында 135 миллион теңгеге 9 шақырымдық су құбыры жүргізілді, – деді Нұрлыбек Жұмахметұлы. Осы сәтті пайдаланып, тұрғындар ауылдағы 50 метр жолды жөндеп беруді де сұрады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген Ерлан Алтыбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз