Әскери бөлімде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы атап өтілді (+ФОТО)

Айбын Жаңалықтар Рухани жаңғыру Руханият Тұлға ФОТОГАЛЕРЕЯ Әдебиет

Atr.kz/13 тамыз, 2020 жыл. Әлем мәдениетінің ұлы ойшылы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аясында  Атырау  қаласындағы 5546  әскери бөлімінде әдеби танымдық кеш ұйымдастырылды.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Ерболат Сұлтановтың хабарлауынша, аталған шара жас сарбаздар арасында Ұлы ақынның өнегелі өмірі мен мол мұраларын кеңінен дәріптеу мақсатында өтті. Шараға 5546 әскери бөлімінің командирі, подполковник Мақсат Баймағулов  пен әскери бөлімнің жеке құрамы қатысты.

– Абай – ақын ғана емес, ол ғұлама, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы. Абайдың әрбір жазбасының әлеуметтік тәрбиелік мағынасы зор. Сондықтан, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау айрықша маңызды. Ақынның 175 жылдық мерейтойында осы міндетке баса назар аударылуы қажет, – деді  Мақсат Баймағулов.

Кеште әскери бөлімнің клуб басшысы, лейтенант Мәлика Шынжігітова Абайдың әрбір шығармасының мазмұны мен көркемдігі жағынан ерекшеленіп тұратындығы туралы баса айтты. Шараға қатысушылар «Абай әлемі» атты  кітап көрмесін де тамашалады.

Сонымен қатар, әскери бөлімнің сарбаздары Нұрдәулет Исламов, Алшын Қайыржанов, Айбек Меңдешов, Дәурен Кумурзаков, Нұрдәулет Аязбаева тұғырлы тұлғаның қарасөздері мен өлеңдерін оқыды. Кеш барысында бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Тимур Рахимов тағылымы мол әдеби кешке белсене қатысқан жауынгерлерге Абай атамыздың кітабын сыйға тартты.

  • Әскери бөлімде алғаш рет «Абай күнін» атап өттік. Биыл елімізде қазақтың бойтұмары саналған ойшылдың туған күні «Абай күні» деп аталуына ерекше ризамыз. Халқымыздың мақтанышы Абайдың өмір жолын келешек жастарға кеңінен таныту мақсатында бұл датаны ерекше форматта өткізу алдағы уақытта да дәстүрлі жалғасын табады деп сенемін, – деді Тимур Рахимов.

Әскери бөлімнің алаңында өткен бұл басқосуда бүгінгі санитарлық талаптар да қатаң сақталды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған