Асқар Мамин атаған үлгілі өңірлер қандай?

20140813072044 Жаңалықтар

Аtr.kz/14 мамыр, 2019 жыл. Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ел экономикасының 1-тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға берді.

«Қазіргі уақытта экономика өсімі оң қарқынмен дамуда. Құрылыс – 8,4, сауда-саттық – 7,3, көлік саласы – 4,8, машина жасау – 19,8, оның ішінде автомобиль өнеркәсібі – 45,8, металл кенін өндіру – 14, мұнай өңдеу – 9,1 және жеңіл өнеркәсіп 27,4 пайызға өсіп, экономиканың негізгі қозғаушы күші болды. Осы көрсеткіштерді одан әрі жақсартуымыз қажет», – деді Үкімет басшысы.

Осы ретте, Премьер-Министр экономиканың негізгі базалық көрсеткіштері бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген өңірлердің жұмысын ерекше атап өтті. «Шығыс Қазақстан облысы инвестициялар бойынша – 58,3, өнеркәсіп бойынша – 13,3 пайызға, Қостанай облысы инвестициялар бойынша – 36, құрылыс бойынша – 21,3 пайызға, Түркістан облысы инвестициялар бойынша – 32,9, құрлыс бойынша – 40,2, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша 30 пайыздан астамға өсім көрсетті.

Павлодар облысы инвестициялар бойынша – 32,1, құрылыс бойынша – 23,9 пайызға, Атырау облысы инвестициялар бойынша – 12,3, құрылыс бойынша – 43, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша – 19 пайызға өсіп отыр. Бұл басқа өңірлерге үлгі боларлық іс», – деді ол. Асқар Мамин Маңғыстау, Ақмола облыстары мен елордада құрылыс, инвестиция және өнеркәсіп көрсеткіштерінің тұрақты теріс динамикасы байқалып отырғанын айтты.

«Сонымен қатар Шымкент қаласында мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғыртуды есепке алмағанда инвестиция мен құрылыс бойынша көрсеткіштер өсуде. Бірақ, әкімдік бұл бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізуі қажет екендігін атап өтемін. Бұл ретте, жоспарланған көрсеткіштердің төмендеуіне жол берген өңірлердің әкімдіктеріне жоспарланған деңгейге шығу бойынша шұғыл шараларды қабылдауды, ал оң көрсеткіші бар өңірлерге жұмыс қарқынын арттыруды тапсырамыз», – деді Үкімет басшысы.


Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз