Қасиетті ай кереметі

1 қыркүйек – құрбан айттың алғашқы күні Жаңалықтар

Құрбан айт – барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын «құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Сауабы мен несібесі мол қасиетті мейрам бірінші қыркүйек күні басталады.

1 қыркүйек – құрбан айттың алғашқы күні

Шынайы  ниет болсын!

Қарап отырсақ, құрбан шалу жай бір жасай салар күнделікті іс емес. Құлшылықтың бұл түріне жіті көңіл бөле отырып, шынайы ниет қойып, малдың ең таңдаулысын құрбан ету – дүниеміз бен ақыретімізге орасан рухани пайда, сансыз сауап, сонымен бірге, бұл көңілі қаяу жандарға жұбаныш сыйлайды.

Құрбан шалудың қоғамға әкелер бірқатар пайдалары да бар. Атап айтсақ, құрбандық шалу – адам бойында бауырластық, өзгеге көмек беру, жан-қиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына ықпал етеді. Сонымен бірге, қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына, әртүрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға, һәм етене араласуына едәуір ықпал етеді.

Дегенмен, амал ең алдымен, Алланың разылығы үшін ғана жасалуы қажет. Сондықтан, құрбандық шалу – жеке бас және қоғамдық пайдаларды бір шетке қойғанда, бірінші кезекте, Алланың разылығы көзделіп жасалатын ғибадат. Құран Кәрімде Алла Тағала бұл жайында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят) деп бұйырады. Яғни, құрбандық шалудағы көзделген мақсат пен ниеттің маңыздылығын әуелі ақыл таразысына салған жөн болады.

Арапа  күнінің маңызы

Құрбан айт мерекесінің бірінші күні дүние жүзінің әр тарапынан қажылық ғибадаты үшін қасиетті Меккеге  ағыл- ған қалың мұсылман жұрты қажылық парызын өтеп, Жа-ратқанға мінәжат етіп, дұға-тілектерін арнайды.

Дінімізде екі айт мерекесі де намаз оқумен басталады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен бір хадисте былай делінеді: «Бұл күндерде (яғни, айт күндерінде) ең бірінші атқаратын ісіміз – намаз оқу». Осыған орай ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған әрбір мұсылман үшін айт намаздарын оқу – уәжіп (міндет).

Айт күндері жақындағанда, алдын ала дайындық жүр-гізіледі, дәмді тағамдар әзірленеді. Мұсылман қауым мереке күні жуынып-тазаланып, таза және әдемі киімдерін киіп, хош иіс сеуіп, айт намазына жөнеледі. Намаз оқылған соң мұсылмандар бірін-бірі құттықтап, жақсы тілектер айтады. Жағдайы төмен кісілерге көмек ретінде садақа беріледі. Айт күндері жеңіл-желпі ойын-сауыққа тыйым салынбайды, бірақ, шариғат шеңберінен шыққан дарақылыққа  жол жоқ.

Батыржан МАНСҰРОВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, РһD докторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз