Қасиетіңе бас идім, Байбақты ата!

Қасиетіңе бас идім Жаңалықтар

Аруақты ер Байбақты Қармысұлының дүниеден өткеніне – 100 жыл!

Өткен аптаның жұмасы күні кезінде әлемге мұнайымен танылып, «қара алтынды» селдеткен Доссор кентінің терістігінде орналасқан  Байбақты ата кесенесі басында  аруақты ер, батыр баба Байбақты атаға арнап ас беріліп, ат шаптырылды, суырып салма ақындар айтысы болды, мыңдаған адам әулие рухына тағзым етті.

%d2%9b%d0%b0%d1%81%d0%b8%d0%b5%d1%82%d1%96%d2%a3%d0%b5-%d0%b1%d0%b0%d1%81-%d0%b8%d0%b4%d1%96%d0%bc-2

Шараны ақ бас Алатау баурайынан ат сабылтып жеткен Қазақстанның халық әртісі , КСРО  халық әртісі,  “Парасат” орденінің иегері  Асанәлі Әшімов ашты.

– Біз өзімізден тыс табиғаттың тылсым күші бар екенін білеміз. Міне, сондай бір құдіреттің иесі Байбақты ата басына барша халық жиналып, құран бағыштап отырғанымыз – адамдықтың, кісілік пен бірліктің, ынтымақтың күші. Тағзым ету, дұға ету – сауапты істің негізгісі. Сауапты ісіміз оңға бассын. Қабыл болсын!–деп лебізін жеткізді.

Еске алу рәсімі аламан бәйгемен басталды. Оған республикамыздың түкпір – түкпірінен әйгілі  сәйгүліктер  қатысты. Бәйгенің бас төрешісі, «Ұлттық спорт түрлері» қауымдастығының төрағасы, ҚР жоғары дәрежелі төрешісі  Өнербек Жанбала болды.

%d2%9b%d0%b0%d1%81%d0%b8%d0%b5%d1%82%d1%96%d2%a3%d0%b5-%d0%b1%d0%b0%d1%81-%d0%b8%d0%b4%d1%96%d0%bc

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, мәре сызығына бірінші болып  «Аманат» атты сәйгүлігімен астаналық шабандоз Аян Аманжол  жетті.  Аламан бәйгеге алты жүлде тағайындалды. Астаналық 15 жасар шабандоз Аманжол Аян «Аманат» сәйгүлігімен  бірінші орын алып,  «УАЗ Патриот» автокөлігінің кілтіне ие болды.  Екінші орынды  «Арзамас» сәйгүлігімен қызылқоғалық шабандоз Дастан Тұржанов ұтып алып, «Нива» автокөлігіне қол жеткізді. Жарыс жолына Маңғыстаудан келген «Джек пот» сәйгүлігімен шыққан шабандоз Тілектес Нұртас мәреге үшінші болып келіп, «Приора» автокөлігінің иесі атанды. Ақтаулық «Осмос» сәйгүлігімен шабандоз Хойтбаев Саламат  атан түйеге, атыраулық «Айқаракөз» сәйгүлігімен шабандоз Хайруллин Қайрат бие малын сыйға алды. Алтыншы болып мәре сызығын кескен «Көркем» сәйгүлігімен бейнеулік шабандоз Әли Иманқұл кілемге ие болды.

Рәсімнен кейін Халықаралық «Шабыт» фестивалінің гран-при иегері  Қайрат Кәкімнің орындауында  халық әні «Айжанай» шырқалып, халыққа әдемі көңіл күй сыйлады.

Әсерлі ән құшағында тұрған жұртшылық алдында түрлі марапаттар мен қайырымдылық шаралары жүзеге асып жатты. Атап өтсек, айтулы шараны ұйымдастырушылардың бірі Болат Төлеубаев жылдар бойы Байбақты ата түнек үйінің басында еңбек етіп жүрген шырақшы Нұрлан Алдиярұлына Төлеубаевтар әулеті атынан «Нива» автокөлігін сыйға тартты. Күллі Қазақстан жеріне жар салып, халық үшін имани, рухани, мазмұнды істі  ұйымдастырып, халықтың ынтымағын жарастырған ұйымдастырушы Дәулетов Марат Тілекұлына Құлсары қаласынан келген Байбақты атаның ұрпақтары сәйгүлік мінгізіп, шапан кигізді. Сонымен қатар, Құлсары қаласынан келген Мәриям, Тамара  есімді кәсіпкерлер Доссор кентіндегі мүмкіндігі шектеулі 10 адамға кілем және он адамға он мың теңге көлемінде материалдық көмегін ұсынды.

Батыр бабаның ұрпақтары атынан келген маңғыстаулық Орынбасар  ақсақал Пернебай Дүйсенбин жазған «Шеркешнама» кітабы  жөнінде түсінік беріп,   «Байбақты ата»  қорына ақшалай сыйлық берді. Оны Шырақшы Нұрлан Алдиярұлы мүмкіндігі шектеулі жандарға табыс ететінін жеткізді. Сондай -ақ, Орынбасар ақсақал шараны ұйымдастырушыларға сый-сияпатын жасауды ұмытпады.

Байбақты атаның рухына бағышталған айтулы шаралардың қатарында ақындар айтысы халыққа зор мереке сыйлады. Айтысқа республикамызға танымал аузы дуалы  сегіз ақын қатысты.

%d2%9b%d0%b0%d1%81%d0%b8%d0%b5%d1%82%d1%96%d2%a3%d0%b5-%d0%b1%d0%b0%d1%81-%d0%b8%d0%b4%d1%96%d0%bc-3

Айтыс тақырыбы Байбақты атамыздың келісті келбеті, боямасыз болмысы, азаматтық арманын айта отырып, Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылдығын жырлау болды.Айтысқа төрт жұп қатысты. Финалға екі жұп жолдама алды. Олар: Асхат Қылышбек пен Қайнар Алагөзов және Сырымбек Сәрсенбаев пен Ринат Зайтов.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Атамыз біздің Байбақты,

Қылышын тасқа қайрапты.

Он екіге толғанда,

Таз елінде болғанда.

Өтеп батырдан бата алып,

Сандуғаштай сайрапты.

Батырлығын айтайын,

Түрікменменен соғысып,

Адайға тартып әперген,

Маңғыстау деген аймақты.

Әулиелігін айтайын,

Дұшпанының көзіне,

Жылан болып көрініп

Бұлт болып қуып айдапты.

Жылыойдың сағасын,

Айранкөлдің саласын,

Көшіп қонып жайғапты.

Елі үшін түспей атынан,

Ерте тұрып жай жатты» – деген Мұрадым ақын Асхат Қылышбекпен айтысында сөз бастады.

Айтыс қортындысында Аян Сейітов, Әсем Ережеқызы, Мұрадым Мирланов, Сырым Әуезханға ынталандыру сыйлығы  (жүз мың теңге) берілді. ІІІ орынды Қылышбек Асхат (үш жүз мың теңге), ІІ орынды Қайнар Алагөзов (бес жүз мың теңге), І орынды Сырымбек Сәрсенбаев (1 миллион теңге)  иеленді. Бас жүлдеге талайды ащы шындығымен сүріндірген, есімі елге танымал Ринат Зайытов лайық деп танылып, айтыстың жүлдесіне тігілген автокөлік кілтіне ие  болды.

КСРО халық әртісі, ҚР халық әртісі Асанәлі Әшімов шараны қорытындылап сөз сөйледі: – Бүгін бір тарихта үлкен орны қалатын жиын болды. Аруақтарға бас иіп, солардан қалған сөзді айтып, халықты риза қылған басшыларға, ұйымдастырушыларға рахмет айтамын. Ата – бабаларымыздан қалған жер солардың қанымен,  терімен келген. Олардың еңбегі әр уақытта сыйлы. Соны бағалай білейік. Ендеше, халқымыздың намысынан жаралған, дәуір жүгін арқалап өткен бабаларға тәу ету барша Алаш жұртының перзенттік парызы дер едім. Әманда осылай бірлігіміз артып, біріміз мыңның, мыңымыз ердің, елдің ісін атқаруға Алла нәсіп еткей, –  деп ұйымдастырушылардың барлығына өз атынан шапан кигізіп, шара соңында естелік сыйлықтар табыс етті.

Сөйтіп, атыраулық жұртшылық әділдіктің ақ семсерін көтеріп, елдің қамын ойлаған, өз заманында  жаумен айқасқан ер жүректі батырын, аруақты ерін осылайша еске алып, келер ұрпаққа ұмытылмастай ізін қалдырды.

 

Мөлдір ІЗТҰРҒАНОВА,

Алмагүл ТАУМҰРЫНОВА,

Мақат ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз