Ашық аспан астындағы спорт алаңы

27974017 31c7 469e 8b31 a165e505312c Жаңалықтар

atr.kz/2 қазан, 2020 жыл. Жұрттың жылы ықыласына ие болған тағы бір шара Нұрсая мөлтек ауданындағы 105-үйдің ауласында жалғасын тапты.

Оны көпшілік асыға күтті десек те артық емес. Міне, енді жастардың бос уақытын спортқа арнап, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндігі бар.

Шағын футбол, баскетбол мен волейбол ойындарына арналған алаңның ашылу салтанатына қоғам белсенділері, тұрғындар мен спортсүйер қауым жиналды.

Шараны ашқан Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев спорттың маңызы мен өзектілігін сөз етіп, тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сондай-ақ жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, спортты бұқаралық сипатқа жеткізу бағытында әлі де талай жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

6c8b91ca 2c81 47ac ba12 1de52225b09f

«Мереке қарсаңында осындай тамаша спорт алаңы ашылып отыр. Бұл игі іске демеушілер де өз үлестерін қосуда. Аталған спорт алаңы мен ойын алаңқайы «АқсайГазСервис» акционерлік қоғамының мерекелік тартуы. Ендеше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы қоғамдық орын ел игілігі үшін қызмет етсін, – деді Қ.Оразбаев.

Келесі болып ізгі ниеттің тізбегін жалғаған ақ жаулықты әже Нұрлан Маралова аталмыш алаңның салынуына ұйытқы болған азаматтарға халықтың алғысын жаудырып, ақ батасын берді.

Айта кету керек, 3500 шаршы метрді құрайтын алаңдар заманауи сұранысқа сай салынған. Ауа райының табиғи құбылыстарына төзімді. Футбол алаңына жасанды шөп жабыны төселсе, қалған екеуіне резина жабыны пайдаланылған екен.

Осынау қуанышты сәт қалалық онлайн турнирдің жеңімпаздарын марапаттауға ұласты. Бұдан бұрын қала әкімінің кубогы үшін шахматтан жарыс өткен еді. Қорытындысында, Нұрбек Хайрошев, Шыңғыс Боран және Аят Абдуллаев жүлделі орынға ие болды.

Бұл шын мәнінде бұқаралық спортты дамытуға жасалынып отырған игілікті шара. Енді қала тұрғындары мен жас ұрпақ спорт алаңында уақыттарын мәнді де мағыналы өткізіп тұратын болады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз