АРЗАН КӨЛІКТІҢ ӘЛЕГІ немесе «бөтен нөмірлілер» мәселесі қалай шешіледі?

ayayayay Жаңалықтар

Atr.kz/24 қаңтар, 2020 жыл. «Бөтен» көліктердің «тағдыры» тығырыққа тіреліп тұр. ҚР Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға армян, қырғыз көліктеріне байланысты үндеу жасап, шетелдік есепте тұрған көлікті тіркеуді ұсынды.

Олай болмаған жағдайда, «Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес елден шығарылады. Ал, өзге елде «жарамсыз» болған «темір тұлпарды» арзан бағасына сатып әкелген жұртшылық оны өз елімізде заңдастыру бірнеше есе шығынға батыратынына шағымданады.

Шынтуайтында, халықтың талаптілегі негізсіз емес. Автосалондарда отандық өнімнің бағасы шарықтап тұр. Оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Бірақ, шетел көлігімен жол-көлік апатын жасап, оқиға орнынан қашып кететін жүргізушілер жоқ емес.

Турасын айтқанда, бұған дейін де облыс орталығында ж а ң б ы р д а н к е й і н г і саңырауқұлақтай қаптап кеткен армяндық көліктердің болашағы «бұлыңғыр» еді. Соған қарамастан, соңғы жылдары ескі көлікке қызығушылардың қатары тіптен көбейді. Бағасы қолжетімді болғандықтан, Армениядан арзан «темір тұлпар» тізгіндеп келіп, нәпақа табушылар саны артты. Айлығы шайлығынан ауыспайтындарға бұл қосымша табыс көзі болды. Қайткенде де, жұрт ай сайын қымбаттаған баға мен өсіп жатқан коммуналдық шығындарын, тіпті несиесін өтеу үшін көлігімен табыс табуды кәсіп қылды.

– Вахталық әдіспен «Теңізде» жұмыс істеймін. Бір ай демалысымды текке өткізбеу үшін былтыр Армениядан көлік сатып әкелдім. Себебі, қазақстандық автомобильдердің бағасы қымбаттап кетіпті. Оны қалтам көтермеді. Сондықтан, жинаған екі миллион теңгеме тым-тәуір машина алдым. Әрине, бастапқыда көңілім күпті болды. Бірақ, басқасына ақшам жетпейтін болғандықтан, шетел асуға тура келді. Енді оны Қазақстанда тіркеуге міндеттеп жатыр екен. Бұл үшін тағы миллион теңгеден астам қаржы қажет көрінеді. Ондай соманы дәл қазір қайдан табамын?- дейді қала тұрғыны Бауыржан Қадыров.

Ал, біз тілдескен тағы бір атыраулық Асылбек Өтегенұлы үшін көлік – жалғыз табыс көзі. Такси қызметі арқылы өз отбасын асырап отыр. Уақытша жұмыссыз қалған отағасы «темір тұлпарымен» ақша табуға мәжбүр.

– Б ұ л м ә с е л е н і ң қозғалғанына біраз уақыт болды ғой. Алайда, билік тарапынан ешқандай шектеу қойылмағандықтан, несие алып, армяндық көлікті әкелдім. Соның арқасында қарызымды өтеп, жанұямның шай-пұлын тауып отырмын. Шынымды айтсам, дәл қазір оны тіркеуге төлейтін қаражатым жоқ. Несие төлеп, бір ғана табысқа қарап отырсаң қаржы жиналмайды ғой. Қазақстаннан машина алайын десең, ең арзаны 4-5 миллион теңге тұрады, – дейді ол.

Министрлік таратқан мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда елімізге Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген 170 мыңнан астам көлік құралы жеткізілген. Армения және Қырғызстан автомобильдеріне қатысты ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында оларды пайдалану бойынша қатаң шектеулер бар.

«Армения мен Қырғызстанда тіркелген автомобильдерді 2014 жылдан 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанға кедендік баж салығы мен салықтарды төлемей уақытша кіргізуге мүмкіндік болған. Қазақстандықтар үшін осы кезеңде Қырғызстан мен Арменияда тіркелген автомобильді әкелуге және пайдалануға тек қана көлікті кедендік декларациялау, баж салығы мен салықтарды төлеу, сондай-ақ, одан әрі Қазақстанда автокөлікті тіркеу кезінде жол беріледі» деп хабарлады ҚР Ішкі Істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Мәселен, қазақстандық өз атына ел аумағынан тыс жерде көлікті тіркеген болса, онда мұндай автомобиль Қазақстанда сатып алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде барлық қажетті алым мен баж салығын төлеп, тіркелуі тиіс. Осылайша, шет мемлекеттерде тіркелген көлік құралдарын Қазақстанда пайдалану заңнамада реттелген. «Белгіленген тәртіпте тіркелмеген автомобильді жүргізгені үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған» делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Өткен жылы бейнекамералар арқылы 90 мыңнан астам ереже бұзушылық анықталып, 1,1 миллиард теңге айыппұл салынған. Әсіресе, жүргізушілер жылдамдық режимін арттырып, белгілер мен таңбалардың талаптарын сақтамайтын көрінеді. Қазіргі таңда мұндай автокөлікті пайдалану фактілерінің жолын кесу үшін полиция кедендік және салық органдарымен бірлесіп, рейд шараларын бастап кетті.

«Министрлік басқа мемлекеттердің аумағында автокөлік сатып алған қазақстандықтарды оны тіркеуге және кедендік реттеу, жол қозғалысы саласындағы заңнаманы бұзбауға шақырады» деп хабарлады министрлік.

Қазір мұнайлы өңірде Армения, Ресей, Қырғыз елінен әкелінген он мыңнан астам көлік бар. Жол полицейлері апат болған жағдайда осындай шетелдік автокөліктерді іздеу қиынға соғатынын айтады. Әрине, жол ережесін бұзған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылғанмен, оларды оқиға орнынан табу оңайға соқпай тұр. Себебі, көпшілігі жол апаты болған жерден қашып кетуді әдетке айналдырған.

– Автокөлік – қатынас құралы ғана емес, тәуекелдігі басым топқа жататынын естен шығармауымыз керек. Өйткені, рөлде отырған жүргізуші көліктегілердің діттеген жеріне аман-есен жетуін жауапкершілікке алатынын ұмытпауы қажет. Демек, автомобильдің иесі болуы тиіс. Ал, көлік жүргізушілерінің жауапсыздығынан қаншама жол-көлік апаты орын алды? Қанша жанның тағдыры қиылды? Мас күйінде рөлге отырып, қайғылы оқиғаға тап болғандар қаншама?

Атырау облысының өзінде өткен жылы 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 65 адам көз жұмып, 424 жан түрлі дәрежеде жарақат алды. Осы апаттың 46-сы шетелдік нөмірлі көлік иелерінің кесірінен орын алған, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мырзалы Өтеғалиұлы.

Иә, соңғы кездері «жолкөлік апатынан көз жұмды» деген ақпараттан көз сүрінеді. Бір ғана заңбұзушылықтың кесірінен тұтастай отбасы қырылып қалды. Енді бірі әкесінен немесе анасынан, баласынан айырылды. Осыдан бір-екі жыл бұрын Атырауда мас күйінде көлік жүргізіп, ғимаратқа соқтығысқан жүргізушінің ақылға симайтын әрекеті әлі күнге дейін естен кете қойған жоқ. Айта берсек, мұндай оқиғалар өте көп. Десек те, тұрғындар қауіпсіздікке аса мән бере қоймайтын сыңайлы. Өткен жылы облыста 35000-нан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген.

– Армяндық автокөлікті тізгіндеген атыраулық жүргізуші бір жылда 65 рет жол ережесін бұзып, 800 мың теңгеден астам сома айыппұл арқалады. Сондықтан, елімізде шетелдік нөмірлі «темір тұлпарларға» шектеу қойылып отыр. Негізі, мұндай көлік сатып алмас бұрын тұрғындар оны тіркеп, заңдастырғаннан кейін ғана қолдана алатынын білді. Соған қарамастан, саналы түрде шетелден көлік әкелуін тоқтатқан жоқ, – деген Мырзалы Өтеғалиұлы қазіргі таңда жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап айтты.

Бүгінде аймақта «Жолда қабылдау» акциясы аясында тәртіп сақшылары 66 орында 500ден астам көлік иесіне түсінік берген. « Ө н д і р у ш і л е р д і ң кеңейтілген міндеттемесі операторы» ЖШС баспасөз қызметінен алған мәліметке сүйенсек, 2016 жылдың қаңтарынан бастап жергілікті автоөндірушілер мен ресм и и м п о р т т а у ш ы л а р утилизациялық алым төлеуге міндеттелді. Алым техниканы бастапқы есепке қойған сәтте төленеді. Утилизациялық а л ы м н ы ң б а з а л ы қ мөлшерлемесі айлық есептік көрсеткішпен белгіленеді, яғни, оның көлемі жыл сайын өседі деген сөз.

Ал, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңгеге дейін көтерілді. Алымның базалық мөлшерлемесі – 50 айлық есептік көрсеткіш. Биыл бұл 132 550 теңгеге тең. Қозғалтқыш көлеміне байланысты үштен (электромобильдер мен қозғалтқыш көлемі бір литрден асқан көліктер үшін) 23-ке дейінгі (көлемі үш литрден асатын көліктер үшін) коэффициент қолданылады. Мәселен, 2.5 литрлік «Toyota Camry» көлігін елге кіргізгенде төленетін утилизациялық алым мөлшері 1 325 000 теңгені құрайды. Ал, қозғалтқыш көлемі 3.5 литрге тең «Toyota Sienna» үшін 3 048 650 теңге төлеуге тура келеді.

Р.S:

Әзірге бұл науқанның нақты қашан басталатыны белгісіз. Бірақ, бұл заңдылықпен келіспейтін жүргізушілер талап-тілектерін жеткізіп жатыр. Тәртіп сақшылары шетелдік нөмірлі көліктердің заң бұзған жағдайда айыппұл, тіпті салық төлеуден жалтарып кететінін айтудан кенде емес. Ескі көліктің экологияға тигізетін зардабы да шаш етектен. Рас, қос тараптың дәйегін жоққа шығаруға болмас. Алайда, адам өмірі бәрінен де қымбат екенін жадымыздан шығармасақ екен.

Айбөпе САБЫРОВА

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

http://atr.kz/el-zha-alyi-taryi/armeniya-men-%D2%9Byr%D2%93yzstandy%D2%9B-k%D3%A9likterdi-kedendik-r%D3%99simdeude-zhe%D2%A3ildik-bolmajdy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз