Қарызға алынған қыз жасауынан жас отбасы береке таппайды

dd6d5303b1101c9c42c750fb8f7b59d0 Жаңалықтар

«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесiз қыз болмайды». Бұл кішкене күнімізден құлағымыз жиі естіп, санамызға сіңіп қалған ұғым. Ата-ананың мойнындағы парыз саналатын бұл дәстүрден халқымыз қай заманда да қол үзген жоқ. Асылында, «қыз жасауы» – отау тiккен жас жұбайлардың үй тұрмысына қажеттi заттардан ғана тұруы керек. Десек те, ата-аналардың арасында қызына затпен бірге пәтер мен автокөліктің кілтін сыйлайтындарын да көріп жүрміз. Ендеше, мұндай аста-төктікке баратындар кімдер? Одан қашан арыламыз? Жұртшылық неге «көрпесіне қарай көсілуден» қашады?

dd6d5303b1101c9c42c750fb8f7b59d0

Басы артық шығынға батып, ысырапшылдыққа бой бермес үшін халқымыз қызына санаулы төсек көрпесі мен ыдыс-аяғын ғана берген. Бұл үнемшілдіктің астарында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Ата-әжелеріміз екі жас бас қосқаннан кейін қалған дүние мүлкін өздері еңбекпен, өмірдің ащы-тұщысын бірге көре жүріп табатын болса, олардың отбасының іргесі берік болатынын айтады. Яғни, жастар арасында сыйластық, ынтымақ орнап, «еңбекпен тапқан нанның» қадірін тереңірек ұғынады екен. Ал, ата-аналары дүниесін түгелдей алып берген, еш нәрсеге мұқтаж емес жұп мұны ұғына қояр ма?

«Бар жылтырды қызымның жасауына беремін, ешкімнен кем қылмаймын» деп жанұшыра зат жинайтын ата-аналар ағайын алдындағы абыройын ойлап жүргенде қалай қарызданып қалғанын да білмей жатады. «Қызымды құтты орнына қондырдым» деп бір парызынан құтылғанына қуанғанмен, қарызға белшесінен батып, берешегін өтей алмай жүрген жанұяларды естіп-білгенде іштей «әттеген-ай» дейсің. Алайда, біреудің мұндай қателігінен екінші адамның сабақ алғанын да көргеніміз жоқ. Керісінше, «жұрттың сөзіне қалмайық» деп бір-бірінен асып түсуге тырысады. Иә, қазір «қыз жасауына» керектінің бәрі бар, бір қаладан шықпай-ақ та қажетіңді табасың. Тіпті, «Той», «Қыз жасауы» деген атпен арнайы дүкендер де ашылуда. Орташа бағасы 500 мың теңгеден басталатын жатын бөлме, қонақүй жиһаздарын да шекесінен шертіп жүріп таңдап аласыз. Кім-кімнің де баласы үшін аянып қалмайтынын білетіндер мұны әлдеқашан табыс көзіне айналдырып үлгерген.

«Отбасы күні» мерекесіне арналған жиында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов осы мәселе туралы пікірін отау құрғанына 30, 40, 50 жыл толған жанұялар мен енді ғана шаңырақ көтерген жастардың алдында ашып айтқан болатын.

–  «Қыз жасауының» қарапайым ғана болуы, отбасындағы ауызбіршілікті сақтауға себепші болады. Бағасы қымбат жиһазды, сол үйдегі еркетотай жиендер мен немерелер бүлдірмей қоймайды. Отбасындағы кикілжің, ұрыстың басы осыдан басталады. Ал, оған түсіністікпен қарайтын келіндер сирек. Сондықтан, жасауын берерде ата-анасы оны да ескеріп, қызының барған жерінде тіл табысып кетуін ойлағаны дұрыс. Бұрын ата-бабаларымыз қыз ұзатқанда төсек көрпе, қонақ көрпе, қонақ күтуге арналған ыдыс-аяқтар мен сандығын ғана берген. Ойлап қарасаңыз, мұның астарында үлкен мән-мағына  жатыр, – деді ол.

Абат КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

Мәдениет қайраткері:

– Тұрмыс құратын қыз балаға не берсе де жарасады. «Өзгелер солай істеді екен» деп банктен несие алып, қарызданып қыз ұзатуға қарсымын. Кезінде қазақтың ауқатты отбасылары, қыздарын бес қанатты киіз үйімен, үйір-үйір жылқымен, күтушілерімен бірге аттандырған. Десек те, дүние-мүлік ешкімге жолдас болған емес. Қазiр қалыңдықтың жат жұртта бағының жануын жасауымен байланысты деп ұғатын болдық па, кiм бiлсiн? Алтын, дүние-мүлік, ақша жүрген жерде береке-бірлік болады деп ойламаймын.

Орынгүл ТІЛЕУҒАЛИЕВА

ардақты ана:

– Бiздiң кезімізде ел арасында өте сирек кездесетiн «қалы кiлем» болды. Жағдайлары барлар қыз жасауы үшiн оны шет елден алдыратын. Өзім анамның берген термелi алашасын әлi күнге дейiн қолданамын. Өйткені, ол маған өте ыстық. Оның қалай жасалғанын да өз көзiммен көргенмiн.  Бүгінге дейін өңiн де берген емес. Халқымыз «Шеше көрген тон пiшер» деген сөздi тектен-тек айтқан жоқ. Қазiргi уақытта ешкiм қолдан киiз басып, кiлем тоқымайды. Тіпті, көрпені де тікпейді. Перзентiн ұядан ұшырарда ата-ананың қалтасы қағылатыны да сондықтан.

«Ертеде бiр дәулеттi кiсi қызын ұядан ұшырарда оның ыдыс-аяғын түгелдей алтыннан жасатыпты. Алайда, итаяғына келгенде алтын таусылып қалған көрiнедi. «Итаяғым алтыннан емес» деп жылаған қызына әкесi қатты налып, «тас бол!» деген екен. Содан әке қарғысы қабыл болып, ұзатылып бара жатқан қалыңдық жасауымен бiрге тасқа айналып кетiптi. Қарт Қаратаудағы Келiншектау атауының шығу тегi осындай» дейдi көнекөз қариялар. Ел арасындағы бұл аңыз әрбiр қыз баланың өз жасауына разы болуы тиiс екенiн бiлдiрсе керек.

P.S.

Қыз балаға қонақ деп қарайтын қазақ оны бетінен қақпай, өсіреді. Алайда, жоғарыда айтылғандай, артық қыламыз деп, тыртық қылатын сәттеріміз де бар. Ата-анасын ойлайтын қыз «маған, ананы-мынаны әпер» демейді. Олай демес үшін, баланың бойында ата-анасынан алған ұлағатты тәрбие, соның ішінде қарапайымдылық қасиет болуы керектігін де естен шығармағанымыз жөн болар.           

Мәлике Қуанышева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз