Арландардың» арыны қатты

Спорт Жаңалықтар

Сенбі күні «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы қытайлық «China dragons» командасымен үшінші жекпе-жегін өткізді. Мұнайлы астанада алғаш рет ұйымдастырылған бокс кеші «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті.

Спорт

Нұрлан Ақүрпеков баптайтын «Астана арландары» командасы биылғы маусымда үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де жеңіске жетті. Айта кетсек, топта қос командамен қатар, ресейік «Patriot Boxing Team» және өзбекстандық «Uzbek Tigers» клубтары болатын.

Атыраудағы бәсекеде шаршы алаңға ең алдымен, 49 келі салмақта Теміртас Жүсіпов пен Хе Цзюньцзюнь шықты. Қазақстанның намысын қорғаған Теміртас Бүкіләлемдік бокс се-риясында осыған дейін 11 рет шаршы алаңға шығып, соның жетеуінде жеңіске жеткен. Биылғы маусымның алғашқы кездесуін Ресей командасының боксшысы Батор Сага-   луевпен өткізіп, ұтылып қалған еді. Осы жолы ол жіберген есені қайтарды.

Жанкүйерлер 59 келі салмақ дәрежесінде Ілияс Сүлейменов пен Ван Лунның арасындағы айқасты қызыға тамашалады. Айта кетсек, екі былғары қол-ғап шебері де ағымдағы маусымда бір жекпе-жектен өткізіп үлгерді. Ілияс ресейлік командаға қарсы болған кездесуде Артем Хотеновпен жұдырықтасып, айқын басымдық танытқан болатын. Ал, Қытай боксшысы өзбекстандық Абдулхай Шарахматовтан жеңіл-ді. Жалпы, Ван Лун – жобаға келгеннен бері жеңіске жетіп көрмеген боксшы. Бұл жолы да Ілиястан айласын асыра алмады.

«Арландар» сапына биыл қосылған Ділмұрат Мижитовтің тұсаукесер жекпе-жегі сәтсіз болған еді. 64 келі салмақта   сынға түскен ол сол олқылықтың орнын толтыруға тырысты. Қарсыласы Лю Янды үш рет нокдаунға жіберіп, командасына үшінші ұпайды сыйлады.

Бас бапкер Нұрлан Ақүрпеков 75 келі салмақта күш сынас-қан Сапарбай Айдаровты айтулы додаға алғаш рет қосты. Оның қарсыласы болған Чжао Минган бұған дейін үш кездесу өткізіп, соның біреуінде ғана жеңіске жеткен. Бұл жолы төрешілердің шешімімен жеңіс отандасымызға бұйырды.

Ал, бокс кешінің соңғы бәсекесін 91 келідегі боксшылар аяқтады. Бұл салмақта қазақстандықтар Антон Пинчукке сенім артты. Ол алғашқы жекпе-жегін ресейлік Илья Квасниковпен өткізіп, жеңіске жетсе, осы жолы қытайлық легионер Сергей Новиковпен қолғап түйістірді. Оның ауыр соққылары қарсыласты біраз абдыратып тастады. Есеп – 5:0.

Енді 18 наурызда «арландар» Таразда ресейлік командамен кездеспекші.

Спорт2

Сіз не дейсіз?

Ілияс СҮЛЕЙМЕНОВ, «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубының мүшесі:

Рингте осал қарсылас жоқ

– Қарсыласым өте мықты болды. Бұрын-соңды онымен шаршы алаңда кездеспегендіктен жекпе-жек алдында оның өткізген кездесулерін қарап, зерттеп, зерделеп шықтым. Ван Лун көбіне солақай соққылар бағыттап, жақын қашықтықта жақсы жұдырықтасады екен. Соған қарап, өзімді дайындадым.

Қолдау білдірген атыраулық, қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айтамын.

***

Нұрлан АҚҮРПЕКОВ, «Астана арландары» командасының бас бапкері:

Командада легионерлер болмайды

– Атыраудағы жекпе-жекке жергілікті екі боксшыны қосуды қарастырғанбыз. Команда мұнайлы астанада оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Бәрінің физикалық дайындықтарын сараладық. Алайда, атыраулық боксшыларды қоса алмадық. Өйткені, бұл – маңызды жекпе-жек. Сондықтан, үлкен жауапкершілік жүктелді. Қазіргі таңда атыраулық екі боксшы Ержан Ордабаев пен Амандық Манашевты болашақта команда сапына алуды қарастырып жатырмыз.

***

Рустам ІРГЕБАЕВ, «Астана арландары» командасының басшысы:

Мен жігіттеріме сендім

– «Арландар» сенімді ақтады. Олар берілген тапсырманы жоғары дәрежеде орындады. Бүгінгі жеңіс – боксшылар мен бапкерлердің маңдай терінің жемісі.

Ешбір қазақстандық боксшы жеңілу үшін шықпайды. Соңғы секундтарға дейін барын салады. Қытайлықтар да осал болған жоқ. Әсіресе, Ділмұратқа қарсы шыққан Лю Янды ерекше атауға болады. Ал, 75 келіде шыққан Сапарбай біздің үмітті ақтады. Алғашқы жекпе-жегі болса да, ешкімнен кем түспеді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Нұртай Қарабалин

    Жерлестеріміз жерге қаратпады. Ойынға барғанымызға еш өкінбедік. Өзім де мектепте оқып жүргенімде спорттық жарыстарға қатысып жүретінмін. Кешегі жекпе-жекті қарап отырып, сол кездер еске түсті. Бізде жалпы спорт саласы дамып келеді. Өткен жылы өңірге әлемді мойындатқан кәсіби боксшылар Геннадий Головкин мен Қанат Исламның, олимпиада ойындарының жүлдегерлері Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовтердің келді. Сонымен қатар, тарихта тұңғыш рет Атыраудан олимпиада чемпионы шықты. Ниджат Рахимов Рио төрінде көк байрағымызды аспанда қалықтатып, Әнұранымызды дүйім жұртқа шырқатты. Мұндай жетістіктер, бастамалар жастарды рухтандырып, жігерлендіре түстіі. Әсіресе, соңғы кездері республкаиық деңгейдегі жарыстардың да Атырауда өтуі (Қансонар – 2017, Жекпе-жек ҚР чемпионаты, Астана Арландарының кездесуі) бұл салаға үлкен серпіліс берері анық. Жігіттер жарады