Әріптес аға Үндеуіне – қолдау

ce65fdf00be301c859ae74be29883a3e "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Atr.kz/15 қазан, 2019 жыл. Оқырманына өңірдің бар жаңалығын, тыныс-тіршілігін, жетістігі мен проблемасын жеткізетін «Атырау» газеті – бірнеше жылдан бері менің айнымас серігім.

Әркез оқырманға айтар ойымды, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласына қатысты ұсыныс-пікірлерімді де жеткізетін мінбер болып келеді. Той өткізу дәстүріне қатысты «Қазақы той: оны қалай қалыптастырамыз?» деген тақырыппен жазған мақалам да облыстық басылымда жарық көріп, газет бетінде ғана емес, әлеуметтік желіде де қызу талқыға түскен еді. Түрлі тақырыптағы жазбаларымды ескерген газеттің редакциялық алқасы «Үздік автор – 2018» аталымына лайық деп таныды.

Бұның бәрі – газеттің оқырманмен байланысы беріктігінің бір көрінісі. Бұл күнде газет оқитындар азайып барады дейміз. Алайда, қанша жерден тез жарияланатын, тез таралатын болса да, қағазға басылған, нақты мәліметтер жазылған газетті интернет алмастыра алмайды. Газеттің алдыңғы санында ел ағасы, елімізге кеңінен танымал кәсіпкер Төкен Танаұлы облыс кәсіпкерлеріне Үндеу жариялап, бас басылымға жазылу науқанына қолдау білдіруге шақырды.

Мен бұл бастаманы толықтай қолдаймын. Облыстағы 60 мың кәсіпкердің әрқайсысы бір дана газетке жазылуымен-ақ, бас басылымымыздың кең таралуына қолдау білдіре алады. Мақтанғаным емес, сөз райы келгенде айта кетейін, «Атырауға» жазылу – менің жұмыс жоспарымда жүйелі түрде жүзеге асатын істің бірі. Өз отбасым ғана емес, өзге де жандардың рухани азыққа қол жеткізуіне жәрдемдесіп, тұрмысы төмен отбасыларға, ардагерлерге жаздырып жүрмін.

Міне, мәрт азаматтардың қолдауымен жүзеге асуы тиіс жақсы істердің бірі де осы! Сондықтан, газетке жазылу науқанына атсалысып, сіз де «Атырауды» үйіңізге алдырыңыз, ағайын!

Мұрат САРМАНОВ,

кәсіпкер, «Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз