АРДАГЕРЛЕРГЕ – АЙРЫҚША ҚҰРМЕТ

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөз бар қазақта. Расымен, қарттарымыз – баға жетпес байлығымыз. Сол қазыналы қарттарымызды қадірлеп, оларға үнемі жағдай жасап, көңіл бөлу – әр адамның перзенттік парызы. Таяуда облыс әкімдігінің қолдауымен құрманғазылық он тыл еңбеккері Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық»  шипажайына жол тартты.

Тыл еңбеккерлерін  Құрманғазы ауданының басшысы Амангелді Барақатов  өңірлеріне Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекелік төсбелгісін тағып, шығарып салды. Ал, Атырау қаласында оларды облыстық мәслихат депутаттары Айбек Ғабдуллин мен Сабыржан Сұлтановтар қарсы алып, «Руслан» мейрамханасында құрмет көрсетті. Қарттар сол бір қиын- қыстау замандағы естеліктерін айтты. Бейбіт өмірдің қымбаттығын, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін әңгімеледі.

– Жеңістің 70 жылдығына орай, еліміздің барлық аймағында сол бір зұлмат жылдардың куәгерлеріне құрмет көрсетілуде. Атырау облысында да Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлерінің әрқайсысына ерекше сый-құрмет көрсету шаралары бастау алды. Облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы аудан әкімдеріне тыл ардагерлерін сауықтыру орындарына жіберу туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі игілікті іс – осы бастаманың бір парасы,  – дейді облыстық мәслихат депутаты Сабыржан Сұлтанов.

Өткеніне ой жүгірткен Төлеп Өтеулиев ел басына күн туған шақта қаршадай болса да  қой бағып, пішен шапқанын айтады.

– Біз бала болып ойнамадық, енді ұрпағымыздың болашағы  жарқын болса екен, – деген қария облыс, аудан басшыларына алғысын білдірді. – Өгіз арбамен қара жұмыс атқардық.  Мал бақтық, егін ектік  – деп замандасының сөзін  жалғаған Рафих Қабиев екінші дүниежүзілік соғыс тарихына, оған қатысқан құрманғазылық жауынгерлердің даңқты жорық жолдарындағы ерліктеріне, тылдағы жанкешті істерге кеңінен тоқталды.

Ағиба Досқариева, Нығмет Жанханов, Төлепқали Алдамжаров сынды қарттар сый-құрметке бөлеген атқарушы билік өкілдеріне үлкен ризашылықтарын жеткізді.

–  Жеңіс бізге оңайлықпен келмеді. Осы жолда қанша ерлеріміз құрбан болса, қаншасы елге жарымжан болып оралды. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды, қан майданда ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміздің ерліктері – бүгінгі ұрпақ үшін аңыз. Тылда еңбек еткендердің де еңбегі өлшеусіз, анамыз майдандағы азаматтарға қолғап, шұлық тоқып отыратын. Ал, біз бала болсақ та таңмен тұрып, жастайымыздан еңбекке араластық, – деген  Жігер Досболаев еліміз аман, аспанымыз ашық болсын деген ізгі тілегін жеткізді.

 – Жеңісті жақындатуға арыстарымыздың майдан даласында, тылда қосқан үлесі өлшеусіз. Сол бір ел басына күн туған шақтарда бұғанасы бекімей жатып еңбекке араласып, балалығын ұрлатқан сіздерге бас иіп, тағзым етеміз. Жеңісті жақындатуға үлесін қосқан тыл ардагерлері қандай құрметке де лайық, –  деген облыстық мәслихат депутаты Айбек Ғабдуллин құрманғазылық қарттарға ақ жол тіледі.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Сурет Ерлан Алтыбаевтікі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз