Қарағандыда – қайғылы оқиға: бала батутта өлім құшты

20190526131625 Жаңалықтар

Atr.kz/26 мамыр, 2019 жыл. «Бала өліміне әкеліп соққан үрмелі батутты қолданысқа енгізген Қарағанды қаласының 40 жастағы тұрғыны «сауық нысанын заңсыз әрі, талапқа сай орналастырмағаны» үшін ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», – деп мәлімдеді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, 25 мамырда Қарағанды қаласының Орталық демалыс саябағында қатты желдің салдарынан үрмелі батут аударылып кеткен болатын. ​Оқиға салдарынан 11 жастағы бала қаза тауып, тағы да 2 бала түрлі жарақаттармен емханаға жеткізілді. ​Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 306 бабы 3 тармағына сәйкес «Адам өліміне алып келген қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін қызмет көрсету» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Тергеу барысы Қарағанды облысы Полиция департаментінің және прокуратурасы басшылығының бақылауында. Сондай-ақ бүгін Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров жедел кеңес өткізді, онда уәкілетті органдарға үрлемелі аттракциондардың қызметін тоқтату, сондай-ақ орталық саябақтың барлық аттракциондарының қауіпсіздікке сәйкестігін тексеруді ұйымдастыру туралы тапсырмалар берілді.

«Құрметті Қарағанды қаласының тұрғындары, батуттарды орнату фактілерін байқаған кезде полицияға хабарлауды өтінеміз. Сонымен қатар, барлық ата-аналарды ойын-сауық және демалыс орындарына бару кезінде қауіпсіздік техникасын сақтауға шақырамыз», – деп xабарлады Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз