Әр балаға – 21 мың теңге: Бір облыста қолдағы мал басы кіріс ретінде саналмайды

әлеумет Жаңалықтар

Atr.kz/ 27 наурыз, 2019 жыл. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қолдағы малдың басын кіріс ретінде санамайтын облысты атады.

«Бүгінде Павлодар облысы қосалқы шаруашылықтар кіріс әкелмейді деп, осы шешімді аймақ бойынша қабылдады. Ол жерде қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс кіріс ретінде саналмайды. Қазіргі таңда министрлік тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Пилоттық режимде бірнеше аймақта осы жұмыстарды жүргіземіз», – деді С.Жақыпова.

Вице-министр атаулы әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде жеке шаруашылықты есепке алу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне берілгенін тағы бір мәрте еске салды.

«Негізі, заң бойынша атқарушы органдар жеке шаруашылықты кіріс ретінде санай ма, жоқ па, оны өздері шешеді. Заңда ондай құзірет берілген», – деп атап көрсетті С.Жақыпова.

Айта кетейік, бұған дейін Светлана Қабыкенқызы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындағанда жеке шаруашылықты есептеген қаншылықты әділ екенін де түсіндірді.

«Мәселен, екі көршіні алайықшы, біреуі 20 сиыр ұстайды. Балалары сүтін ішіп, етін жейді. Ал оның жанында отырған көршінің сиыры жоқ, балаларына сүт ішкізіп, ет жегізетін жағдайы жоқ. Бірақ жәрдемақыны екеуіне бірдей тағайындаймыз. Бірінші көрші де әрбір баласына 20 мың алады, екінші көрші де әрбір баласына сондай жәрдемақы алады. Осы әділетті ме?», – деді С.Жақыпова.

Алайда көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны тағайындау кезінде бірқатар әлеуметтік төлемақылар есепке алынбайды. Соның ішінде «Күміс алқа», «Алтын алқа», мүгедектік үшін жәрдемақы мен стипендиялар бар. Nur Otan партиясының XVIII съезінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Осыдан кейін Елбасы аталған шараларды 1 сәуірден бастауды міндеттеді.

20190212105222

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев балаларға берілетін 21 мың теңгеден бөлек ата-анасына да қосымша ақы төленетінін жеткізді. Бүгінде елімізде күнкөрістің минимумы 29 698 теңгені құрайды.

Осы уақытқа дейін атаулы көмекті бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отбасылар алса, енді Президенттің тапсырмасы бойынша аталған көрсеткіш 70 пайызынан – 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, көпбалалы отбасының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 пайызға, яғни 20 789 теңгеге жетпесе, әрбір балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы беріледі.

«Сосын егер жанұяның әрбір адамына шаққанда табыс күнкөріс деңгейінен (70 пайыздан- авт.) төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, сол ата-анасына да қосымша төленеді. Одан кейінгі ең үлкен жеңілдік, бұрын табысты есептегенде «Алтын алқа», «Күміс алқа», көп балаға берілетін жәрдемақы, мүгедектердің жәрдемақысы мен стипендиясы саналатын. Енді, соның бәрін есепке алмайды», – дейді Б.Сапарбаев.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз