АПТАНЫҢ БАСТЫ ЖАҢАЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қазақстанға тұңғыш ресми сапарын Атыраудан бастайды. Кеше Президент жанындағы Қазақстанның орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте ресми өкіл Алтай Әбибуллаев осынау маңызды сапардың мән-маңызына тоқталды. Айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен келетін мәртебелі мейманның сапары 30 маусымда басталады. «Бұл екіжақты қарым-қатынастар үшін өте маңызды сапар әрі біздің өзара қарым-қатынастарымыздың жаңа бетін ашуға негізделген» деді ресми өкіл.

30 маусым күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Дэвид Кэмерон Атырауда болып, онда Каспий шельфінде жұмыс істейтін британдық компания өкілдерімен кездесу жоспарланған. Осыдан кейін, 1 шілде күні Ұлыбритания премьері сапарының ресми бөлігі Астанада жалғасады. Екі елдің мүддесіне сай көптеген мәселелер шағын және кеңейтілген құрамда талқыға түсетін болады. Қазақстан мен Ұлыбритания арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, индустриалық-инновациялық ынтымақтастық байланыстар турасында баяндаған ресми өкіл кездесулердің барысында Орталық Азиядағы қауіпсіздік, мұнай-газ салаларындағы және басқа да мәселелер басты назарда болатындығына тоқталды.
*ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми Ресей Федерациясы Федералды жиналысы федерациялық кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенконың шақырумен Ресейге барады. Сапардың барысында Федералдық кеңестің төрайымымен және РФ Мемлекеттік думасының төрағасы Сергей Нарышкинмен екіжақты кездесу жоспарланған. Сонымен бірге, қазақстандық делегация «Ұлы Отан соғысы: тарих сабақтары» тақырыбындағы халықаралық конференция жұмысына қатысады. Ресми өкілдің атап өтуінше, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезд хатшылығының басшысы ретінде Сенат төрағасы Қ.Мәми Ресей Муфтилер кеңесінің төрағасымен, Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллмен кездесуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Мәскеуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасылары съезінің 10 жылдығына арналған «дөңгелек үстел» өтеді.
*Бүгін (18 маусымда) өтетін Үкімет отырысында «2013-2015 жылдарға арналған ҚР республикалық бюджеті туралы» қаулы жобасы қаралады. Премьер-министр Серік Ахметовтің төрағалығымен ететін жиында осы мәселе бойынша ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев негізгі баяндама жасайды. Ресми өкілдің пікірінше, алдағы апта ішінде Үкімет жетекшісі салықтық тәртіп, инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіру және отандық кәсіпкерлікті дамыту секілді маңызды кездесулер мен отырыстар өткізеді.
*19 маусымда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен төменгі палатаның жалпы отырысында бірінші оқылымда «Жол жүрісі туралы» заң жобасы қарастырылатын болады. «Әзірленген жаңа заң жобасы қолданыстағы «Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы» заңның орнына қабылданып, интеллектуалды көлік жүйесін, жолдар мен жаңа көліктік құралдарды бағалаудың ұлттық жүйесін енгізуді көздейді. Заң жобасы аясында елімізде жол қозғалысы қауіпсіздігінің аудит Иституты құрылмақ» деді А.Абибуллаев.
*19 маусымда Ақтауда Қазақстан-Әзербайжан бизнес форумы өтеді. Бұл алқалы басқосуда екі ел арасындағы сауда-экономикалық және агроөнеркәсіп саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселесі басты назарда болады.
Брифингте ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев елдің қазіргі қаржылық жағдайы, экономиканың даму барысы туралы журналистерге толымды етіп айтып берді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз