Анасын жерлеген қыз бауырларынан шығынды өндіріп алмақшы болды

97662 Жаңалықтар

Жуырда Атырау қалалық соты естір құлаққа ұят істі қарады. Анасын жерлеген қыз бауырларын сотқа берді. Мақсаты – анасын жерлеуге кеткен шығынды қайтарып алмақшы. Алайда, сот бұл өтінішті ақылға сыйымсыз деп танып, қанағаттандырудан бас тартты.

97662

Атырау қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, келеңсіз жағдайдың ұзын-ырғасы мынандай: Өткен жылдың желтоқсанында 50 жасында балалардың анасы өмірден озады. Сотқа шағымданған қыздың айтуынша, марқұмды жерлеу рәсімі мен 7 күндік садақасын өткізуге, газетке жарнама беруге, бейіт салу үшін құрылыс материалдарын алуға және граниттен белгі қоюға 1 560 524 теңге жұмсаған. Сондықтан, мұрагер ретінде жерлеуге кеткен шығындарды мұрагерлік мүліктің мөлшері шегінде қалған мұрагерлерден өндіріп алуға құқығы бар екен. Осылайша талап қоюшы соттан көрсетілген соманы үшке бөліп, әр мұрагерге 520 174 теңгеден келетіндігін көрсетіп, екі бауырынан 1 040 348 теңгені өндіріп алуды сұраған.

Дегенмен, сот шағымданушының айтқан уәждерімен келіспеді. Арызданған адам жерлеуге байланысты алдын ала жауапкерлермен келіспеген, шығындарды өз еркімен көтерген. Азаматтық процестік заңнамаға сәйкес алдағы уақытта өндіріп алу мүмкіндігін қарастырмаған. Сол себепті сот жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескеріп, сонымен қатар заңдық және адамдық өлшемге салып, талап арызды негізсіз келтірілген деп тұжырымдады, толықтай қанағаттандырудан бас тартты.

Қоғамда ерекше талқыға түскен бір үйдің балаларының арасындағы кикілжің сотта осылайша аяқталды. Бірақ, болған оқиға оны естігендерді түрлі ойға қалдырды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз