Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Ұлт намысы – ұрпағында Жаңалықтар

Махамбет ауданында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Ұлт намысы – ұрпағында

«Алтын шаңырақ» Аналар кеңесі өткізген аталмыш шараны Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Тамара Аман-Турлина ашып, жүргізіп отырды.

Махамбет ауданының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы кеңес жұмысына сәттілік тіледі. «Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айқындалған міндеттерді түсіндіру және насихаттау» деген тақырыпта аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейітқалиев баяндама жасады.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – келешек ұрпақтың денсаулығын сақтау. Осынау көкейкесті сауалды сараптап, талқылаған Атырау облысы денсаулық сақтау саласының ардагері, «Астана» оқу-клиникалық орталығының директоры Дина Камелова жастар арасындағы жұқпалы жыныстық аурулардың көп таралу себептеріне тоқталды. Ерте жастан сексуалдық қатынасқа түсудің зардаптарын айта отырып, одан қорғанудың жолдары да бар екеніне жұртшылық назарын аударды. «Ұлы сөздің ұяты жоқ» дегендей, мәселе ұлт болашағы жас ұрпақтың денсаулығын сақтауға тірелгенде мектептерде осы тақырыпта әңгіме өткізіп, жұқпалы аурудан, ерте жүктіліктен қорғану жолдарын айту керектігі жөнінде де кеңес берді.

«Мектеп жасындағы қыз балалардың тым ерте ана болу мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Дүйсекенова аталмыш тақырыптың өзектілігін атап айтты:

«Бүгінгі күннің трагедиясына айналып отырған  тақырыптың тәрбиеден басталып жатқан жайы бар. Бұл жәйт қоғамда бұрын да болды, алайда, қазіргідей  көп  емес. Ол кездерде мектеп директорлары жұмыстан алынатын. Алайда, сол кезде де, қазір де ата-анаға шара алынбайды. Қыз бала кешкі мектепке ауыстырылады, баласы балалар үйіне орналастырылады немесе ағайындары бауырына басады. Бірақ,  той жасалмайтын.

Қазір де солай деуге болады, тек ерекшелігі,  екі жастың ата-анасы келісіп той жасайды. Бұрын қазақта: «Қызға қырық үйден тыю» деген. Қызды тек ата-анасы мен тәрбиешісі емес, одан басқа жеңгесі, көршісі, танысы, құрбылары көз қырын салып, қадағалаған. Қазір  ше?..

Менің ойымша, тек мектеп қана оқушыны тәрбиелеуге, жан-жақты білім беруге  және балаға қатысты барлық келеңсіздіктердің алдын алуға жауапты болып қалып отыр» деп қыз бала тәрбиесіне бүкіл қоғамның атсалысуы қажет екеніне тоқталды.

Ата-аналар күні бойы қызметте болғандықтан бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. Сондықтан, жасөспірім қыздар өзімен-өзі қалып, көршілердің, құрбы қыздарының немесе таныстарының ықпалына түсіп кететіні шындық.

Сонымен қатар, кейбір отбасы перзенттерінің рухани жан дүниесінің байлығын, білімге, өнерге көбірек көңіл бөлуін қадағаламайды, керісінше, материалдық жағдайды бірінші орынға қоятыны жасырын емес.

– Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, ержетіп, бойжетіп, есеюді темекі тарту, арақ ішу, қала берді, жыныстық қатынасқа түсу деп санайтындардың басым бөлігін осы бақылаусыз жүрген жеткіншектер құрайды, – дейді  облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Қадырбайқызы.

Осынау өзекті сауал облыстық білім беру басқармасына үлкен міндет жүктеп отырғандықтан ай сайын көшпелі семинарлар өткізілуде. Әр мектептің, колледждің тәрбие жұмысындағы ең басты тақырып «Отбасылық тәрбие мен қыз бала тәрбиесі» деп белгіленіп, «Ұлттық құндылығымыздың ұйытқысы – тәрбиелі қыз» жобасы іске асып отыр. Бұл шараларға құқық қорғау орындарының қызметкерлері мен гинеколог-мамандар қатысып,  жас өскін қыздардың құқықтық,   медициналық жағынан сауатты болуына атсалысуда.

Алынған шаралар нәтижесіз емес. Өткен оқу жылында облыс бойынша ерте жастан жүкті болғандардың саны  27 болса,  биыл 14 болып отыр. Колледждерде 2015 жылы  39 қыз ұятты жағдайға ұшыраса, 2016 жылы  27-ге дейін азайған.

Қазіргі заманда балаға ұялы телефондар, интернет, теледидар, газет, журналдар, кинолар, түнгі клубтар және басқа орындар кері әсер етіп, теріс  тәрбие беруде.  Өзіне өнегені компьютерден алатын жастар көбейіп келеді. Қоғам бұл мәселеге немқұрайлы қарамауы тиіс. Ата-ана, оқу орны біріге отырып, тәрбиені жан-жақты беруге атсалысқан дұрыс. Өйткені, бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағының тізгінін ұстар азамат.

«Ана. Кәсіпкер. Демеуші» көрмесі ұйымдастырылып, «Сарайшық» асыл тұқымды мал шаруашылығы басшысы Камила Розметова Ерсін Жалауов пен Бекзат Мұқановқа, «Айсанат» наубайханасы меңгерушісі Жәнипа Ғұбашева Әлия Атаулинаға, «Махамбет-Бөдене» ЖШС-нен Нұргүл Болатова көп балалы ана Сандуғаш Өмірзақоваға демеушілік жасады. Махамбет ауданы әкімі  Әлимұхаммед Құттымұратұлы кәсіпкерлерге Алғыс хат тапсырды. Шара соңында семинар-тренинг өткізіліп, аудандық аурухана мен емхана дәрігерлері кеңес берді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз