Әмбебап ID карта қашан қолданысқа енеді?

94de212a492633a100dbc835230f1511 generic Жаңалықтар

Аtr.kz/16 маусым, 2020 жыл. Оқу жылы аяқталған тұста мек­теп мұғалімдері ата-ана мен бала туралы толық мәліметтерді жазу­ды сұрап, арнайы кестенің үлгісін таратты. Аты-тегі, ЖСН нөмірі, тұрғылықты мекен-жайы, жеке, туу туралы куәліктің бар мәліметін енгізу қажеттілігі айтылды. Жеке деректер не үшін қажет болды деп алаңдағанымыз рас. Сөйтсек, әңгіме әмбебап ID карта туралы екен…

Сынақтан сәтті өткен жоба

Бұл – әлеуметтік бірыңғай кар­та. Әмбебап картада бірқатар қызметтер біріктіріледі: зейнетақы мен жәрдемақы алу, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу, сауда, медициналық және басқа да желілердегі тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысуға болады. Со­нымен бірге, ол арқылы жол жүруге, шипажайда демалуға жеңілдіктер қарастырылмақ. Бірінші кезекте кар­талармен зейнеткерлер, мемлекеттен әлеуметтік көмек алушылар және оқушылар қамтамасыз етіледі.

Әмбебап картаны енгізу ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Еңбек ресурста­рын дамыту орталығы» АҚ жүзеге асыратын «Қазақстан азаматының әлеуметтік ID жобасы» аясында жүргізіледі.

– Карта қазақстандықтарға тегін беріледі. Әртүрлі нұсқалар қарастырылды. Соның ішінде NFС технологиясы бар QR-кодтар мен смарт­фондарды пайдалану. Алайда, мұндай шешімдер белгілі бір қиындықтарға байланысты қабылданбады. Біріншіден, көптеген зейнет жасындағы азаматтар смарт-құрылғыларды толық қолдана алмайды. Екіншіден, барлық өңірлердің тұрғындары интернетпен қамтылмаған. Сондықтан, ID картаны – онлайн және офлайн пайдалана алу үшін пластикалық карта түрінде шығару туралы шешім қабылданды, – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» департамент директорының орынбасары Әлішер Елубаев.

Аталған жоба өткен жылы жазда Ақтөбе қаласында сәтті сынақтан өткен. Тиімділігі анықталған соң, оны еліміздің барлық өңірлерінде енгізу жұмыстары қолға алына бастады. Жоба­ны жүзеге асыратын бірыңғай оператор – «Қазпошта» акционерлік қоғамы.

Жаңа жоба бір ізге түсіп, барлық мәселелер тиімді шешілгенге дейін бірнеше жыл бойы «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінің кассаларында жәрдемақы мен зейнетақы алудың баламалы тәсілі сақталатын болады. Үкімет шешіміне сәйкес, 2023 жылға қарай әмбебап картаға толық көшу жоспарланып отыр.

«Ақтөбеде басталған жобаның тиімді болғанын көріп, біртіндеп кеңейту ұйғарылды. Осылайша, әлеуметтік ID картаны Нұр-Сұлтан қаласында, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстарында енгізу жоспар­лануда» делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада.

Әлеуметтік картаны қолдану арқылы түрлі жеңілдіктер алатын азаматтардың бірыңғай әлеуметтік тіркелімін жасауға қол жеткізіледі. Осының нәтижесінде мемлекет тарапынан халыққа берілген барлық әлеуметтік жеңілдіктің қолданылуы туралы нақты есеп жүргізу қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік аху­алын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан бөлініп жатқан бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз етуге, туындаған мәселелеріне жылдам жауап қайтару мүмкіндігін арттыруға себепші болатыны сөзсіз.

Кімдерге беріледі?

Ә л е у м е т т і к к а р т а ә л е м д і к тәжірибеден алынып отыр. Атап айтқанда, Ресей, Эстония, Жапония, Австрия, Малайзия мемлекеттерінде бұл жүйе қолданылады.

«Қазпошта» АҚ баспасөз хатшысы Сәуле Мұқашевадан білгеніміздей, бүгінгі күнге дейін 103490 әлеуметтік карта шығарылып, Қазақстанның бірнеше қалаларына, яғни, Нұр- Сұлтан, Ақтөбе, Қарағанды, Алма­ты, Ақтау, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Семей, Өскеменге таратылған. Картаның негізгі тұтынушылары – зейнетақы мен жәрдемақы алушылар және мек­теп оқушылары. Республика бой­ынша 44736 карта оқушылар үшін шығарылған. Ақтөбелік оқушылар оны оқу орнына кіру, мектеп асханаларын­да тамақтану, қоғамдық көлікте бала­лар тарифімен жүру үшін пайдаланған.

Жалпы, әлеуметтік кар­та барлық санаттағы азаматтар үшін шығарылады. Өйткені, ол банкоматтық карта секілді. АӘК, зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақыны да бір карта арқылы алуға бола­ды. Қосымша мүмкіндіктері де бар. Мәселен, карта иегері белгілі бір әлеуметтік мәртебеге ие болса, жолақысы сол тарифке сай авто­матты түрде алынады. Бұл тәсіл Ақтөбе қаласында қолданылуда. Таяуда өзге қалаларда да қолданысқа енгізу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде, – деді Сәуле Төлеуқызы бізбен әңгімесінде.

Атырауда бар ма?

Атырау қаласында аталған қызметті енгізу жоспарына сәйкес, тиісті ша­ралар қолға алынуда. Атырау қаласы әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау бөлімінің басшысы Әлішер Жанғалиевтен білгеніміздей, жаңа жобаға қатысты алғышарттар жоспарға сай жүргізілуде. «Ең бірінші кезекте мектеп оқушылары мен зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік көмек ала­тындарды картамен қамтамасыз ету көзделуде» деді ол бізбен әңгімесінде.

«Қазпошта» АҚ мен «Смарт Қала» мекемесімен бірлесе «Азаматтың әлеуметтік ID картасы» мен қоғамдық көліктердегі «Smart» жол жүру кар­тасымен интеграция жұмыстары жуырда басталады. Бұл бағытта мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен туберкулездің әртүрлі түрлерімен ауыратын 580 адамның және Атырау қаласы бойынша 61 мектептің 12 мектебінен 10 мыңға жуық оқушының тізімі жасақталды. Қазіргі таңда тізім толықтырылуда» деді А.Жанғалиев.

Қалай десек те жаңаның аты жаңа. Ол туралы сұрақтар туындауы заңдылық. Алайда, мектеп оқушыларына қатысты жасалып жатқан қадамдар құптарлық. Қалтасына ақша салмай, карталық төлем арқылы асханадан алатын ас-суын бақылап отыру – ата-ана үшін бұрын болмаған мүмкіндік.

Жалпы, жоба жетекшілері көздегендей нәтижеге қол жеткізіліп, тиімді тұстары айқындалғанда әлеуметтік қолдау түрлерін алу мен жалпы қоғамдағы ашықтықтың айқындала түсері сөзсіз.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз