«Аманат» – әділдік алаңы

1458646488 11 Жаңалықтар

Atr.kz/21 мамыр, 2019 жыл. Сайлауға қоғамдық мониторинг жүргізу мақсатында құрылған «Аманат» азаматтық платформас ы н ы ң аймақтағы 262 сайлау учаскесіне бөлінген 20 мобильдік капитаны мен бақылаушылары бар. Олар сайлау учаскелеріндегі жағдайды бақылап, саяси науқанның заңға сай, әділ өтуіне атсалысатын болады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Елордадан келген «Аманат» азаматтық платформасының мүшесі, мобильдік капитаны Арман Ешмұратовтың мәлімдеуінше, негізгі мақсат – сайлау барысын бақылау.

«Бұрын байқаушылар сайлау күні ғана жұмыс жасайтын, ал, біз халықаралық стандартқа сәйкес науқанның бүкіл процесін бақылайтын боламыз. Республикадағы қоғамдық бірлестік жетекшілері құрған «Аманат» өзінің концепциясын қабылдады. Бұл – әділ, әрі ашық сайлауға мүдделі азаматтардың ерікті бірлестігі. Біз жұмыстың негізгі бағытын түсіндіру, мобильдік капитандарымызды оқыту мақсатында Қазақстанды аралап тренингтер өткізудеміз» деді ол.

«Аманат» азаматтық платформасының мобильдік капитаны Арман Хайрулиннің пікірінше, мемлекеттің болашағына, тағдырына немқұрайлы қарауға болмайды. Біз жұтып отырған ауа, тұтынып отырған заттар мен азық-түлік сапасы да мемлекет дамуымен тікелей байланысты. Ал, «Аманат» азаматтық платформасы сайлаушыларға жағдай жасап, олардың құқықтарының қорғалуын бақылайды. «Аманаттың» облыстық өкілдігінің жетекшісі Дәурен Сейтқалиевтің айтуынша, штабы құрылып, аймақтағы сайлау учаскесінің әрқайсысына бақылаушылар бөлінген.

«Біз үгіт-насихат жұмыстарының да әділ өтуін бақылаймыз. Жеті үміткердің сайлауалды бағдарламаларының тең дәрежеде насихатталып, баспасөз құралдарында бірдей көлемде жариялануын қадағайлаймыз. Олардың штабының жұмысын, сайлауға дайындығын бақылаймыз. Сайлау күні де белсенді жұмыс жасап, бюлетендердің дұрыс есептелуін қадағалап, жас сайлаушылардың құқықтарын түсіндіреміз» деген ол аталмыш азаматтық платформа жұмысы негізгі 5 бағыттан тұратынына тоқталды.

Олар – теңдік, саналы таңдау, әділдік, келісім және сенім. Оның айтуынша, сайлау учаскелеріндегі бақылаушы жастарды таңдауда қатаң талап қойылған. Олар партиялардың үгіт-насихат штабының мүшесі емес және мемлекеттік қызметкер болып табылмайды. Баспасөз мәслихатынан соң Арман Ешмұратов тәуелсіз бақылаушыларға арналған тренинг өткізіп, қатысушыларға өзге аймақтардағы бақылаушы міндеттері жөнінде ақпарат берді.

Сондай-ақ, президенттікке кандидат Әміржан Қосановтың штабына барып, оның сенімді өкілдерімен кездесу өткізді. Ресми өкіл, сайлау құқығы мен үгіт-насихат шарттары жайында түсіндірді. Сол күні APEC PetroTechnic колледжінде де болып, жас сайлаушыларға арналған семинар-тренинг ұйымдастырды. Онда жасы 18-ге толған колледж студенттеріне дауыс беру процедуралары, басқа аймақта жүріп дауыс беру жолдары мен құқықбұзушылық орын алған жағдайдағы әрекеттер туралы айтып, студенттерді толғандырған сауалдарға жауап берді.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз