ҒАЛЫМҒА ҚҰРМЕТ

«Әдіскер әлемінің әйдігі» атанған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Баймұханов бүгінде 85 жасқа шығып отыр. Махамбет ауданында туып-өсіп, қазіргі күні Алматыда тұратын ғалымды  облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдады.

– Шешемнің әңгімесіне қарағанда, 1930 жылы елде конфескелеу, колхоздастыру шаралары ерекше қарқын алыпты. Кеңестік өкімет жұртшылықтан алатын алым-салықтың көлемін ұлғайтқан. Оны орындау мақсатында біздің үйдегілер де тыным таппай, мемлекетке жүн тапсырудың қамымен жанталасқан екен. Мен осындай жаналқымға түскен қысылтаяң кезеңде дүниеге келіппін, – деп бастады әңгімесін  Бүркіт Баймұханов.

Білім беру саласында жарты ғасырдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан ғалымның кейінгі өмір жолы да оңай болмапты. Дегенмен, қиындықтарға мойымай, тынбай ізденіп, талаптануының арқасында биік белестерге шыққан. 1992 жылы өзінің ұзақ жылғы зерттеу еңбектерін жинақтай келе, республикамызда алғаш болып математиканы оқыту әдістемесі саласы бойынша докторлық диссертациясын қорғапты. 1997 жылы профессор атағын алған. Еліміздегі әдіскер-математиктердің мектебін қалыптастырушылардың бірі атанған ол – 150-ден астам мақала мен еңбектің авторы. Жерлесіміздің ғылыми жетекшілігімен 40-тан аса ғылым кандидаты, 5 ғылым докторы диссертациялық зерттеу жұмыстарын қорғаған. Бүркіт Баймұханұлы –«Жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінде математикалық білім берудің концепциясы», «Математиканы оқыту әдістемесі», «9-10 сыныптарда алгебраны оқыту», «9-10 сыныптарда геометрияны оқыту», «Математикадан есептер шығаруға үйрету», тағы басқа оқулықтар мен әдістемелік құралдардың, еңбектердің авторы. Ол осы еңбектерінің бірқатарын кездесуде облыс әкіміне табыстады.

– Менің мектепте оқып жүргенімде ең жақсы көретін сабағым – математика пәні болатын. Оны ерекше құлшыныспен оқып, есеп шығаратынмын. Қазір де осы салаға назарым ауып тұрады. Сондықтан, сабақты жақсы оқыған бала басшы болмауы мүмкін, бірақ, жақсы маман болады дегенді үнемі айтып жүремін, – деді аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Облыстық әкімдіктегі кездесу соңында мерейгерге құрмет көрсетілді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

(Ардагер ғалым туралы мақаланы газетіміздің 11- бетінен оқи аласыздар.)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз