Алтын жүлде – біздің волейболшыларда

2016 жылғы Қазақстан Республикасының волейболдан жоғары «А» лигасы ерлер командалары арасындағы 24-ші чемпионаты мәреге жетті. Бейсенбі күні кешкісін біріншіліктің 5-ші айналымының соңғы кездесуі өткізілді. Ертіс жағалауынан келген «Павлодар-2» ойыншыларымен алаңға шыққан «Атырау-2» командасының волейболшылары өз жерлестеріне зор қуаныш сыйлап, чемпионаттың алтын жүлдесіне ие болды.

Атырау дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне жиналған жанкүйерлерінің қошамет-қолдауымен алаңға шыққан біздің ұшқыр доп шеберлері бірінші партияны асқан жинақылықпен өткізіп, кездесуді өз пайдаларына шешті. Ойын есебі – 25:17.

Екінші партияда да Айбат Неталин, Айбол Өтегенов, Биғали Жұмағазиев, Евгений Богдашин, Парасат Шәріпов, Нариман Әубәкіров сынды белді ойыншылардың белсенділігімен қарсыластарының алға шығуына мүмкіндік бермеді. Тартысты бәсеке 25:20 есебімен атыраулықтардың мерейін үстем етті.

Өз шәкірттерінің намыс қайрап, жеңіске деген жігері жаныған атыраулықтардың бас жаттықтырушысы Александр Запевалов төртінші партияда «Атырау-2» командасының ойыншыларынан тәуір нәтиже күтті. Үміт ақталды. Жігіттері алаңда комбинациялы ойын өрнегін көрсетіп, қарсылас команданың ойыншыларын жойқын соққының астына алды. Бұл партиядағы қорытынды есеп – 25:17.

Сөйтіп, «Атырау-2» волейбол командасы еліміздің жоғары «А» лигасы ерлер командалары арасындағы  кезекті чемпионатта алтын жүлдені қанжығалады.

Кездесу аяқталысымен спорт кешенінде біріншіліктің салтанатты жабылу рәсімі болды. Алдымен дүбірлі сайыс барысында өз командаларын өрге сүйреген үздік ойыншылар марапатталды. Чемпионаттың демеушісі «Азиякредит банк» Атырау филиалының директоры Марат Қанатов «Ұшқын-Искра» командасынан Олжас Шонаевқа, «Динамо-Қостанайдан» Евгений Скабинге, «Павлодар-2» клубынан Ерқанат Қапсаққа, «Жайық» командасынан Данияр Нұрмұхамбетовке,  «Динамо-Есиль-СК» ойыншысы Виталий Третьякқа, «Алтай-2» волейболшысы Жансерік Жұмағалиев пен «Қорқыт-Ата-КМУ» командасынан Нұрхан Сейтасановқа арнайы жүлделерін ұсынды.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық волейбол федерациясының президенті Ғұмар Дүйсембаев спортсүйер қауымның зор қошаметімен  Қазақстан Республикасының волейболдан жоғары «А» лигасы ерлер командалары арасындағы 24-ші чемпионатының алтын жүлдесі мен кубогін «Атырау-2» волейбол клубы ойыншылары мен бапкерлеріне табыс етіп, команданы жеңістерімен құттықтады.

 

Бақытжан ЖҰМАТ.

Cуретті түсірген: Б.Қабдырахиев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз