«Алтын сандық» ашыла бастады

ұлт жоспары міндет пен меже 1 Жаңалықтар

Индер ауқымды жобалардан үлкен үміт күтеді

Жерінің асты да, үсті де байлыққа толы Индер инвесторлардан үлкен үміт күтіп отыр. Жуырда Канада, Израиль, Сауд Арабиясы компанияларының өкілдері ауданға келіп, өңірдің ерекшеліктерін зерттеп кетіпті. Индер ауданының әкімі Серік Арыстанның айтуынша, мұнда ауыл шаруашылығы бағытындағы ірі кешен: екі мың бас сауын сиырға арналған сүт фермасы, бекіре және семга балықтарын көбейтетін тоған, лаванда шөбін өсіретін, қысы-жазы жұмыс істейтін жылыжай салынбақшы. Жобаның құны 200 млн. АҚШ долларынан астам соманы құрайды. Биыл оның іргетасы қаланса, келесі жылы толық қуатында жұмыс жасайды деп күтілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бри-фингте Индер ауданының әкімі тәуелсіздік жылдары қол жеткен табыстармен бірге осындай ауқымды жобаларға да тоқталды.

%d2%b1%d0%bb%d1%82-%d0%b6%d0%be%d1%81%d0%bf%d0%b0%d1%80%d1%8b-%d0%bc%d1%96%d0%bd%d0%b4%d0%b5%d1%82-%d0%bf%d0%b5%d0%bd-%d0%bc%d0%b5%d0%b6%d0%b5

1999 жылы құрылған «ИСИ Гипс Индер» ЖШС  гипскартонның төрт түрін және кальцийленген гипс өндіруде. «Тұз» ЖШС  тұз өнімдерін, «ПромСтройЦентрСервис» ЖШС  гипс ұнтағы және қабырғааралық плиталар шығарып, Қазақстанның ішкі нарығын айтпағанда, алыс-жақын шет  елдердің сұранысын өтеуде. Сондай-ақ,  «Еркор», «Үш Есен» ЖШС  халықты қиыршық тас қоспасымен және қиыршықты қоспа топырақ өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Аталған кәсіпорындарда 200-ден астам жергілікті адамдар жұмыс жасайды.

Аудан басшысының баяндауынша, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі барлық меншік түрлері бойынша 2005 жылы тұңғыш рет миллиардтық межені бағындырып, өткен жылдың  қорытындысымен 1 млрд. 662 млн. теңгеге жеткен.

– Экономикамыздың негізгі басым бағыттарының бірі – шағын және орта кәсіпкерлік десек, соңғы 25 жыл ішінде бизнес субъектілерінің саны  – 17, оларда жұмыс жасайтын адам саны – 16, түскен салық көлемі 16 есеге артып, ауданның дамуына оң әсерін тигізуде. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы Индерде тәуелсіздік жылдары 2 заңды, 453 жеке тұлғаға 5 млрд. 931,1 млн.  теңге несие беріліп, екі мыңнан астам тұрғын еңбекпен қамтылды, – деген  Серік Бисешұлы аудан экономикасының тағы бір бағыты – ауыл  шаруашылығы саласының өркендеуі туралы сөз қозғады. Мәселен, күні бүгінде аудан бо-йынша қызмет етіп жатқан шаруа қожалығының саны 231-ге жетіп отыр. Қазірде агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі жоба – ет-сүт өнімдерін шығарып отырған «Алға-1» шаруа қожалығы тәулігіне 210 литр шұбат, 1800 литр қымыз, жылына 1080 келі жылқы, 735 келі түйе етін өндіруге қабілетті көрінеді.

Диқандардың да табыстары аз емес. Биыл егілген егін көлемі – 4,3, одан алынған өнім 12,4 есеге артқан. Аудан басшысы мұның бәрі – негізінен, түрлі салалар бойынша мемлекет қолдауымен және жаңа технологияларды енгізу арқылы атқарылған істің  жемісі екенін тағы бір мәрте атап өтті.

%d2%b1%d0%bb%d1%82-%d0%b6%d0%be%d1%81%d0%bf%d0%b0%d1%80%d1%8b-%d0%bc%d1%96%d0%bd%d0%b4%d0%b5%d1%82-%d0%bf%d0%b5%d0%bd-%d0%bc%d0%b5%d0%b6%d0%b52

– Егемендігіміздің алғашқы жылы ауданның инженерлік инфрақұрылымында да толымды істер атқарылды. Мысалы, 1991 жылы тек екі елді мекен ғана  газ желісіне қосылса, осыдан бес жыл бұрын шалғайдағы Бұқар ауылына дейін газдандырылып, аудан толықтай «көгілдір отынмен» қамтылды. Таза ауыз сумен қамту жайы да солай. Қазірде халықтың 95,7 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл Аққала, Ынтымақ, Құрылыс ауылдарындағы құрылысы аяқталған су тазарту қондырғылары мен су желілері іске қосылғанда, Индер ауданының халқы түгелдей сапалы ауыз суға қол жеткізеді, – деді ол.

Тағы бір білгеніміз, ширек ғасырда тақтайдай тегіс жолдар салу жайы да назардан тыс қалмаған. Аудан елді  мекендерінің облыс аудан орталығымен байланысы нығайып, тауар айналымы артқан. «Атырау–Орал», «Атырау–Индер» тасжолы мен елді  мекендерге кірмежолдардың салынуы, көпірдің пайдалануға берілуі халықтың ұзақ жылдар күткен қуанышы еді.

Одан әрі Индер ауданының әкімі Серік Арыстан тәуелсіздік алғаннан кейін қарқынды жұмыс жасаған өзге де салалар жөнінде кеңінен мәлімет берді. Сонан соң журналистер өздерін толғандырған сауалдарын жолдады.

Сұрақ: – Ауданда су тазарту қондырғысының қатып қалу фактілері жиі кездеседі.  Мұның алдын  алу үшін қандай шаралар қолға алынуда?

Жауап: – Аймақ басшысы ауданымызға келген сапарында бұл мәселені көтерген болатын. Индер ауданындағы су тазарту қондырғысы 1984 жылы салынған еді. Бүгінде оның тәуліктік қуаттылығы 14 мыңнан астам тұрғыны бар Индербор кентін түгелдей қамтуға аздық етіп отыр. Сондықтан,  осыдан екі-үш жыл бұрын жаңадан су тазарту қондырғысы салынды. Дегенмен, Жайық өзенінен су келудің төмендеуі, тағы да басқа техникалық ақаулар болуының салдарынан түйткілді мәселенің түйіні тарқаған жоқ. Тазарту қондырғысының І-көтерілімінің алдынан мүйіс пайда болып, су сору қондырғыларына қиындық келтіруде. Жайық өзеніне бірнеше жылдан бері судың аз келуінен жағалау тартылуда. Қазірде І-көтерілімнің тереңдігі 70 см екен. Алдағы уақытта аязды күндері оған толықтай мұз қатып, аудан орталығы ауыз сусыз қалып, төтенше жағдай орын алуы мүмкін. Аудан көлемінде өзенді тереңдету жұмыстарымен айналысатын арнайы мамандандырылған мекеме болмағандықтан,  жұмыс тоқтап тұр. Біз оны шешу бағытында  техникалық-экономикалық негіздеме жасау үшін облыстан қаржы сұратудамыз. Жобалық-сметалық құжаттама жасақталғаннан кейін қаражаттың аз әрі тиімді жұмсалуын қадағалап, проблеманы реттейтін боламыз.

Сұрақ: –  Облыс әкімінің қатысуымен өткен селекторлық кеңесте қаржының кеш игерілуі жөнінде әңгіме болды…

Жауап: – Индербор кентінде мектепке баратын жаяу жүргіншілер жолы болмағандықтан, оқушылар асфальтқа шығып, жол қауіпсіздігін сақтауға кері әсерін тигізген еді. Ата-аналар тарапынан  бұл  мәселе бойынша өтініш түскен болатын. Осыған орай облысқа сұраныс жолданып, 127 млн. теңге қаржы бөлінді. Ол қаражат Президенттің арнайы қорынан қарастырылып, ауданға тамыз айының ортасында берілді. Біз құжаттарды жинақтап, тапсырдық. Конкурс барысында Қарағанды қаласынан «Әлеуметтік қызмет орталығы» қоғамдық ұйымы жеңіп алды. Сөйтіп, қазан айында екіжақты келісімге қол қойдық. Соның барысында мекеме басшысына мүмкіндігіне қарай жергілікті жерден жұмысшылар мен Атыраудан немесе Оралдан қажетті материалдарды алуды өтіндік. Өкінішке орай, өтінішіміз аяқсыз қалды. Олар жұмыс күшін Қарағандыдан шақырды, қажетті құрылыс  материалдарын да алыс аймақтан алғысы келді. Бірақ, соңында Ақтөбе облысымен келісімге келіп, бастапқыда вагонмен тасымалдады. Оның өзіне де қыруар уақыт керек. Әйтеуір, мәселенің түп-тамырына келгенде біздің ұсыныстарымызға құлақ асты. Жұмыс жалғасып жатыр. Жалпы, Индер ауданында бюджет қаржысын игеруден ешқандай кешеуілдеу болған жоқ. Қазірде 8600 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолының екі мыңнан астам шаршы метрі жасалды.

Сұрақ: – Индер ауданы десек, алдымен,  туризм саласы ойға оралады. Ауданда бұл саланы дамыту бағытында қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?

Жауап: – Индер туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың бірі екенін жақсы білеміз. Тұздыкөлдің өзі көптеген ауруға дауа екені жасырын емес. Бұл бағытта біз бірнеше рет өз ұсыныстарымызды жібердік. Тіпті, аймақта екі жыл қатарынан өткізіліп жүрген «Атырау Инвест» форумында шетелдік инвесторларға көлдердің пайдасы жөнінде толық мағлұмат жібердік. Облыс басшылығы туризмді дамытуды үнемі қадағалап отырады. Сол жұмыстардың нәтижесі болар, ауданымызға осы саланы өркендетемін деп қызығушылық танытқан кәсіпкерлер, басқа да арнайы мамандардан құралған топ келді. Тұздыкөлде болып, карьерлердің суын көрді, Махамбет бабаның басына дұға етті, көптеген қолайлы аумақтарды аралады. Бірақ, әлі күнге дейін тұрғындар жаз кезінде «жабайы» түрде Тұздыкөлге келуде. Алайда, нақ-ты қандай ауруға ем болатындығы ғылыми түрде дәлелденген жоқ. Бұл ретте біз академик М.Диаровпен келісіп, Ресейдің Пятигорск қаласындағы осыны зерттейтін зертханамен біздің мекемелер жұмыс жасап жатыр. Егер олар келісімін берсе, карьердің суын айқындап қарап, пайдасы жөнінде ақпар ұсынса, әрі қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Күні бүгінде облыс орталығының бір кәсіпкеріне Тұздыкөлдің маңынан конкурс арқылы екі-екіден төрт гектар жер беруге жұмыстанудамыз.

Сұрақ: – Ауданға келген инвесторлар әлеуметтік жауапкершілігін қалай сезінуде?

Жауап: – Сөздің шыны керек, ауданға келіп жатқан ірі инвесторлар жоқтың қасы. «ИсиГипс Индер» ЖШС-нің өзі ауыз толтырып айтарлықтай тұрғызған үлкен ғимарат жоқ. Бірақ, аудандағы түрлі шараларға қол ұшын созып, демеушілік көмектерін көрсетуде. Бұдан басқа, канадалық, израильдік, Сауд Арабиясының  кәсіпорындары  жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниет білдіруде. Енді келер жылы осы компаниялар алғашқы қадасын қағады  деп жоспарлап отырмыз. Егер бұл жұмыстар оң іске асса, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына үлкен көмек болары сөзсіз.

 Сұрақ: – Ірі қара арасында тіркелген індетке қарсы күрес жұмыстары қалай жүргізілуде?

Жауап: –  Ауданымызда мал арасында сегіз түрлі жұқпалы ауру, оның ішінде бруцеллез  көптеп кездеседі. Бұған дейін де мұндай фактілер орын алған, биыл да мұндай жағдайлар бар. Ол үшін 1 млн. 400 мың теңгедей өтемақы төленді. Өкініштісі сол, жиырма шақты жанға бруцеллез ауруы диагнозы қойылған. Бірақ, науқасқа шалдыққан үш тұрғынның үйінде мал жоқ, үшеуінің малы болғанымен, бұл аурумен ауырмайды. Сондықтан, оларға мал өнімдері арқылы жұққан деген болжам бар. Бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Залалсыздандыру шаралары әрі қарай да жалғасын табады деген сенімдеміз.

Облыс әкімінің тапсырмасы және оның орындалуы:

Облыс басшысы аудан елді мекендерін аралау кезінде шешімін таппаған түйінді мәселелер бойынша 29 нақты тапсырма берген еді. Оның бірнешеуі күні бүгінде жүзеге асса, кейбірінің іс-шаралар жоспары жасақталып, орындалысы бақылауға қойылды.

–  «Жарсуат» ӨК-не асыл тұқымды қара түсті қаракөл қойының мәртебесін алу үшін «Оңтүстік-Батыс өсімдік және мал шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтының» Атырау филиалының ғылыми қызметкері К.Жанмұқашевпен бірлескен жұмыс басталды.

–  Индeрбор кентіндегі құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылған кәріз суларын тазарту стансасына баламалы электр қуатын алатын станса орнату үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасақтауға ұсыныс жіберілді.

– Көктоғай ауылындағы жазғы су желісінің құрылыс жұмыстары басталды.

– Құрылыс ауылындағы таза су қондырғыларының құрылысын сапалы және мерзімінде аяқтау үшін жаңа мердігер мекемемен келісім-шарт жасалды.

– Бөдене ауылының тұсындағы Жайық өзені жағалауы жарының опырылып құлауына байланысты туындап тұрған төтенше жағдайға қатысты мәселе нақты зерделеніп, ұсыныстар жасалды.

– Аққала ауылына кірмежолды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда.

– Елтай ауылындағы жазғы су желісінің құрылысы жалғасуда.

– Ынтымақ  ауылына  кірмежолды күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндіктері қарастырылып,  қазірде жобалық сметалық құжаттары жасақталуда.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз