«Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына бақылауды күшейту керек»

whatsapp image 2020 02 19 at 14.22.32 Жаңалықтар

Atr.kz/19 ақпан, 2020 жыл. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сататын сауда алаңдарын көбейтуді тапсырды.

Бұл туралы аймақ басшысы Атырау облысы тұрғындарымен есептік кездесуінде айтты. 

Бұл шаралар әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын реттеуге көмектесуі керек. Тұрғындарды ет өнімдерімен қамтамасыз ету үшін мал басын көбейту жұмыстарын жүргізу керек. Инфрақұрылымы дамыған мал бордақылау алаңдарын құру жұмыстарын жүргізу керек. Егістік жерлер мен көкөніс сақтайтын орындар құрылысын көбейту – кейінге қалдыруға болмайтын мәселе,-деді Махамбет Досмұхамбетов.

Облыс әкімі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына және аудан әкімдеріне осы тапсырманы бақылауға алуды тапсырды. Жыл сайын аймақта жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару, мал басын көбейту жұмысы қарқын алуда. Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау мақсатында 370 шаруа қожалығы субсидияланды. Облыс әкімі ішкі нарықты жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылардың тауарларымен толтырудың маңызы жоғары екенін атап өтті.

– Сол кезде ғана бағаны тұрақтандыра аламыз. Бұл барлық тұрғындар үшін маңызды және пайдалы. Мен осы тақырыпты өңір кәсіпкерлерімен кездесуімде көтердім. Біз өз тарапымыздан шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз,-деді Махамбет Досмұхамбетов.

Дереккөз: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз