ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК – АЛҒЫ КЕЗЕКТЕ

Азаматтарға әлеуметтік жағдайына қарай көмек беру тек заң шеңберінде ғана жүзеге асады. Бұл жөнінде тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, оларға қолдау көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалында өткен қоғамдық қабылдау барысында кеңінен айтылды.

 

Қабылдауға келгендердің сауалына қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Рая Оралова жауап берді.
Мұнда басындағы түрлі жағдайын айтып, көмек сұрап келгендер аз болмады. Соның бірі Атырау қаласына қарасты Жаңаталап селосының тұрғыны, үш баланың анасы Жауқазын Сырлыбаеваның жұбайы осыдан тоғыз жыл бұрын қайтыс болған, сол уақыттан бері балаларды өзі өсіріп келеді. 2001-2008 жылдар аралығында Жамбыл орта мектебінде мұғалім болып қызмет атқарған. Қызмет бабында заң бұзушылықтар орын алып, жазасын өтеп шығады. Бұрынғы қызметтерін анықтайтын тәжірибелік кітапшасының жоғалуына орай қазір ешбір жерге жұмысқа орналаса алмай жүрген ол қандай болса да қызметке тұруға және кәмелеттік жасқа толмаған балаларына жәрдемақы беру жөнінде қолдау сұрайды.
Сондай-ақ, «Нұрсая» ықшам- ауданының тұрғыны Жеміс Ерғалиева пәтер жалдап тұратынын алға тартып, көп балалы ана ретінде әлеуметтік көмек қажет екенін айтты. Бөлім басшысының орынбасары Рая Қабиқызы бұл азаматшаларға әлеуметтік көмек жөнінде арыз жазу керектігін, одан әрі заң шеңберінде тиісті жәрдемақылар төленетінін түсіндірді.
Бұл жолы да әдеттегідей, жұмыс сұрай келгендер де аз болмады. Мамандығы инженер-механик Асқар Нұрмолдин құрылыс саласында он екі жыл жұмыс жасаған. 2008 жылдан бастап жұмыссыз жүрген ол «қызметке орналасуға мүмкіндік болса» дейді. Бұл азаматтың тәжірибесімен таныс- қан Рая Оралова мекемелерге түйіндемесін жіберіп, бос жұмыс орнын қарастыратынын жеткізді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа биылғы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытып, кәсіпкерлікті ұрпақтан ұрпаққа жалғау дәстүрге айналу керектігі айтылды. Осы орайда қабылдауға келгендер ішінде Жолдауға баса назар аударып, жаңа кәсіп ашып, оны дамыту жөнінде кеңес сұрағандар да болды. Асылбек Айтмағамбетовтың осы бағыттағы жоспарлары аз емес екен. Бұл азаматқа кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығынан толық мәлімет алу керектігі түсіндірілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз