ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын түсіндіруге облысқа келген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева облыстық ауруханада  білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлерімен кездесті. 

 

Министрлік өкілі Елбасының тапсырмасының алтыншы, оныншы, он бесінші, он тоғызыншы және елуінші қадамдарына жеке-жеке тоқталып, оларды тереңірек түсіндірді.

– Бес институционалдық реформаның басты мақсаты – болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру. Сондықтан да, бағдарламаның ел бірлігі мен қоғамдық келісімді әрі қарай нығайтуға бағытталған алты нақты қадамды қамтитын, жеті мемлекеттік орган жұмылдырылған, 33 нақты жобаларды жүзеге асыру жоспарланған төртінші бағыты – Біртектілік пен бірлік деп аталады. Осы бағыт бойынша атқарылатын шараларды негізгі іске асырушы механизмі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы белгіленіп отыр, – деді министрлік жанындағы департамент басшысы Ажар Төлеғалиева.

Сондай-ақ, ол 2020 жылға дейінгі алғашқы кезеңде Мәңгілік ел жалпы ұлттық патриоттық идеясын іске асыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсат-міндеттері аясын кеңейтетін 33 жоба іске асатынын жеткізді. Бұған қоса, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері үшін Еңбек кодексі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жасақталып жатқанын да айтты.

– Балаларды ата-анасынан айырмаудың жолдарын қарастырып, осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарудамыз. Әр бала ата-ана мейіріміне зәру, сондықтан, олар  отбасында тәрбиеленгенін қалайды. Зерттеулер нәтижелеріне сүйенсек, балалар үйінде 1 ай жатқан баланың өз қатарластары арасында ойлау, ойын жеткізу  қабілеті үш айға кемиді екен.

Сол сияқты, мүгедектерге де оңтайлы орта қалыптастыру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Біз «мүгедектерге қызмет қолжетімді» деп жиі айтып жатамыз, бірақ, қаншалықты қолжетімді екенін ескере бермейміз. Олардың барлығы сол қызметті пайдалана ала ма? Егер, қолжетімді болса, олар неге үйдің төрт қабырғасына қамалып, терезеге телміріп отырады? Далаға шығып, көшеде жүрер еді ғой.

Мектептерде де мүгедек балаларды жалпы топтан бөлмеу керек, өйткені, олар үшін көпшілікпен сөйлесу, тіл табысу өте маңызды, – деп астаналық мейман нақты проблемалардың басын ашып айтты.

Жиын барысында сала мамандары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар ала білді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз