Қалдыбайдың баяны

Қалдыбайдың баяны Жаңалықтар

Қалдыбайдың баяны

… Ай туды жарқырап,

Таратып сәулесін.

Сен тұрсың балқұрақ

Жағада сәулешім, – деп наздана толқып,

Нұрлы айға балаймын,

Жүзіңе қараймын.

Сен қашан келесің

Аяулы арайлым,- деп қайырма созатын әдемі ән болатын бір кездері біздің елде. Аудан көркемөнерпаздарының концерті де, ауылдағы жиын-той да «Арайлымсыз» өтпейтін еді-ау…

Сосын біздің бала күнімізде музыка пәнінен сабақ беретін ағайымыз болушы еді. Ұзын бойлы, қара торы, келбетті ағайымыздың салалы саусақтары баян пернесін қуалап, қоңыр даусымен ән бастағанда тар сыныптың ішіндегі өңкей көгенкөз аузымызды ашып, тынып қалушы едік. Ол кезде оның әйгілі «Арайлымның» авторы екендігінен, аудандағы жалғыз өнер мектебінің іргетасын қалағандығынан мүлде хабарсыз едік. Сөйткен ұстазымыз көлік апатына ұшырап, қырық жасында опат болды. Бүкіл ауыл «оһ» деп өкініштен шер жұтқан. Әйткенмен, уақыт жарықтық кімнің көңіліне қарап тұрған?.. Өзіне тән менмендікпен, асығыстықпен зулап өтіп жатты.

Есейіп еңсе тіктеген кезіңде жоқ-барыңды, жоғалтқаның мен жетпегеніңді еріксіз іздей бастайды екенсің… Сондай сәтте біздің Туманың топырағынан өнген талантты ұлдары көз алдыңда галерея құрайды. Елеусіз жүріп-ақ ерен іс тындырғандар … Құм перзенттері… Солардың арасынан Қалдыбай Тілегеновтің көзге ыстық көркем бейнесін оңай ажыратып аласың. Үнемі шабыт үстінде жүретін біздің қайсар ұстазымыз… Тамаша музыкант. Дендердің өнер тарихындағы тарландарының бірі де бірегейі.

Алматы асқан «Ақжайық»

Оның қысқа ғана ғұмырнамасына көз жүгіртсек, Өрлік орта мектебі, Гурьев музыкалық училищесі, әскер қатарындағы екі жыл… Содан соң жалынды жастығы мен кәсіби шеберлігін шыңдаған Индердегі «Борат» мәдениет үйі. Ол 1968-74 жылдары осы өнер ордасының директоры қызметін атқарды. Бұл жылдар аудан мәдениеті тарихындағы айтулы кезеңдер болып есте қалды. Жас жігіттің шексіз қиялы мен қайсарлығы талай жаңашыл бастаманың тұсауын кесті.

Ауданда алғашқы рет «Ақжайық» вокальды-аспаптар ансамблі мен «Жайық әуендері» ұлт аспаптар ансамблін құру Қалдыбайдың жастық жігерінің жемісі іспетті болды.  1972 жылы Алматы телестудиясына барып концерт берген «Ақжайық» ансамблі Тілегеновтің төл идеясы еді. Ол кезде теледидардан концерт беру мәртебесіне ие болу дегеніңіз орындалмас арманмен бір  болатын. Қазіргідей көкжәшіктен кім көрінген жылтыңдамайтын. Қатал сұрып, көркемдік кеңестің сарап-сынағынан соң ғана рұқсат алатын осы жетістік шын мәнінде қиырдағы аудан жастары үшін үлкен жеңіс еді.

Алғашқы директор

Ертеңін ойлаған ел балапанын ұядан баптамай ма?! Осы кезеңде Индер ауданы бойынша саз мектебін ашу жұмыстары қолға алынды. Ұзақ толғанысты күтпей, 1974 жылы ашылып үлгерді. Осы өнер мектебінің алғашқы директоры Қалдыбай Тілегенов бес жыл бойы табан аудармастан тынымсыз еңбек етті. Осы жылдар ішінде аталмыш мектеп қабырғасынан түлеген балғын музыканттар талай доданың талассыз жеңімпаздары болды.  Алғашқы бастаманың өзіне тән бейнеті мен бас қатыратын тұстары болатыны белгілі. Қарапайым оқу құралдарынан бастап, кадр жетіспеушілігіне дейінгі мәселелерге жас Қалдыбай жаны қалмай жүгіргенін әріптестері аңыз қылатын. Мәскеуден бері қарай жоғын түгендеген жас мектеп аз жылда аяғынан тұрды.

Іскер ұлға туған ауыл қолқа салатын тұсы осы еді. Шаруасы шарықтап, атағы республика асып Одаққа кеткен әйгілі «Передовик» музыканттың туған ауылына оралуын тіледі. Ауыл мәдениетін көтеру үшін Қалдыбайдың жастығы мен кәсібилігі ауадай қажет еді. Сол кездегі совхоз директоры Райхан Құспанов аудан басшыларының алдынан өтіп жүріп, Тілегеновті туған ауылына қайтарады. Мұнда келген соң мәдениет үйінің меңгерушісі, орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасты. Ауылда тұңғыш саз мектебін ашты.

Талантты ауыл жастарының басын қосқан 40 адамдық домбыра оркестрі құрылатыны да осы тұс. 1982 жылы ауылдан шыққан оркестр тағы да Алматы телестудиясына барып концерт беріп келді. Бұл оқиға облыстың өнер тарихына алтын әріптермен жазылып қалды.

Тілегеннің үш ұлы

Қазақтың қасиетті қара домбырасы өрліктіктер үшін культке айналған жылдар еді бұл. Музыкаға құштарлық Қалдыбай ұстаздың қанында бар болатын. Бірге туған екі ағасы Мұрасқали мен Оңайғали дәулескер домбырашылар еді. Қос ағасына қолқа салып жүріп ол Тілегеновтердің отбасылық ансамблін құрды.  Жары Ақлима болса сызылтып ән салатын. Әйгілі «Арайлым» әні жерлестердің аузынан түспейтін. Таң атқаннан ақшам ауғанға дейін еңбек майданында жүретіндер ауылдың мақпал кешін құшаққа алып, осы сұлу әнді шырқайтын.

Тынымсыз Қалдыбай болса, Ленинградтың жоғары кәсіподақ мектебінде оқып жүретін. Айтпақшы, ауылдастары оның серілігін сөз қылғанда, бағбандығын айта кетуді ұмытпайды. Ауласын ботаникалық баққа айналдырған музыкант шын мәніндегі эстет болатын. Бүгінде жалғыз ұлы Азамат әкесінің алуан қырынан бағбандығын мұра қылып алып қалды. Ал, немерелерінің біріне армандай болған Арайлым есімі қойылды.

Тілегеновтер отбасынан шыққандардың бәрі де баян созатын, домбыра шертетін. Бұл –олардың қанында бар қасиет. Сол қасиетті кәсібилікке алып келген Қалдыбай өнердің кәтепті қара нары еді. Қадір білер жұрты барда қайран ердің есімі ұмытылмас.

Жадында елдің жаңғырса

Қазір аудан орталығында бір кездері Қалдыбай басшылық еткен өнер мектебі жұмыс жасап тұр. Түлеп ұшқан талантты шәкірттері талай халықаралық байқаулардың жүлдесін қанжығасына байлады. Азат елдің бағыт-бағдарына сай ел рухани жаңғыруда, кәсіби өнерге сұраныс артуда. Сондай бір сәттерде осы ізгіліктің басында тұрған, қиямет қыстауынан өткен алғашқы қарлығаштардың есімі ойға оралады.

Қалдыбай ұстаз қапыда қаза болмағанда биыл жетпісін тойлар ма еді?! Арманда кеткен ардақты ұлының рухына лайықты құрмет көрсету – артында қалған елге аманат. Аудандағы өнер мектебінен алғашқы ұйымдастырушысы Қалдыбай Тілегенов кабинетін ашу жарасар еді… Дүбірлетіп күй мерекесін өткізсе жарасар еді… «Арайлым» деп ән байқауын өткізсе жарасар еді…

Ал, ауылда Қалдыбай музыканттың қос ағасы сексенді бағындырған Мұрасқали, Оңайғали қарттар, жесірі Ақлима мен жалғыз ұлдан тараған жапырақтары жарқ етіп өткен бір ғұмырдың елесін талмап, ескірмес естеліктерін қозғаудан  бір  шаршамайды.

Әлия Дәулетбаева.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз