Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: Мәңгілік ел идеясының мәні неде?

Мәңгілік ел идеясының мәні неде 1 Жаңалықтар

«Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел!»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Мәңгілік ел идеясының мәні неде

Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Бұл – киелі парыз, ұлттық мұрат. Осы мұратты бүгін, ертең және ғасырлар бойы қалай жүзеге асырамыз? Мәңгіліктің саяси тұғыры не? Рухани тірегі қайсы? Сірә да сарқылмайтын ұлан-ғайыр уақыттың ұзына бойында көнермеу үшін, өшпеу үшін, адамзатпен бірге жасай беру үшін мемлекет қандай мән-мазмұнға ие болуы керек?

Ұлт пен оның есті қауымы – зиялы қауымның осы қазір және таяу болашақта атқаратын міндеттері қандай? Мәңгілікке бастар жолда бізге кім үлгі?

Жапондар не істеді?

Мұндай қиын сауалдар сарсаңға салған елдер аз емес. Жауабын дәл тапқандар да бар, таба алмай адасқандар да жетерлік. Мәселен, Жапония осы төңіректе ерте ойланған жұрттың бірі. Күншығыс елі «мәңгілікке сыртқы әсерлердің қандайына да (мәдени экспансия, діни арбау, тікелей  жаулап алу, т.б.) төтеп беретін, бастапқы қасиеттерін ешқашан жоғалтпайтын ұлттық діл мен ұлттық рух бастайды» деп білді.

1542 жылы Батыспен қарым-қатынасты біржола үзді. Екі жақты байланыстың жекелеген залалсыз түрлеріне ғана рұқсат етілді. Мәселен – қару-жарақ сатып алу. Ал, мәдениет пен дін, саясат саласындағы араласудың кез келген көрінісіне, әсіресе, христиандық көзқарасқа үзілді-кесілді тыйым салынды.

ХVІІ ғасырдың орта тұсында шетелдіктер түгел елден қуылды. Бұл ахуал ХІХ ғасырдың ортасына дейін сақталды. Сонда жапон халқы не ұтты? Біріншіден, Еуропа елдерінің жаулап алуға бағытталған қатыгез агрессиясынан туған жерін аман сақтап қалды. Екіншіден, төл ұлттың бастапқы этникалық қайнарлардан қайта сусындауына, жас толқынның ата дәстүрлерге шөлін қандыруына, ел ішіндегі түрлі ниеттегі топтар мен қауымдардың ортақ мұратты – ұлттық тұтастықты қадірлеуіне, ұлттық бауырмалдық пен намыстың күшеюіне қол жеткізді.  Бұл ұлы жеңіс еді.

«Біз өшпейміз!»

 Мұндай қадамға Қытай 1601 жылы барды. Елден христиан миссионерлері мен түрлі ағымдағы шетелдіктер қуылды, қытай мәдениеті әлемдегі ең озық мәдениет екендігін дәріптеу басталды. Аспан асты елі туралы идея мәңгілік идеясы ретінде асқақ жырланды. Миллиондар: «Біз өшпейміз!»  деп  ұрандады.

Тегінде мәңгілік дегеніміз – мемлекеттіктің жанартаудай қуатты рухани серпіні, елдіктің шырқау шыңына жетуі. Жаһанға жасқанбай қарай алған халықтың асқақ арманы. Мемлекеті жоқтың мәңгілікте несі бар? Оның мұраты – жан сақтау. Осыған ден қойсақ, қазақ мемлекеттігінің бастауы жарты әлемді билеген Ғұн империясына  тұспа тұс келсе, салтанат құрған кезі – Түркі қағанатының алтын ғасыры. Бумын қаған 552 жылы ту көтерген бұл қағанаттың шекарасы батыста Византияға, түстікте Персия мен Үндістанға, шығысында Қытайға дейін созылды. Мұндай айбынды мемлекет дәл сол тұста бірен-саран-ды. Ал, алып елге ең қажеті ішкі бірлік болатын. Ол мәңгіліктің түпқазығы еді. Сондықтан, даңқты қағандар, данышпан Тоныкөк аралық идеяны – «Тұтас түркі елі» идеясына ғұмыр берді. Дәл осы идеяның бұлжымай сақталуы үшін барын да, жанын да салды.

Ұлттық тамырдың тұтасуы

Асылында, Мәңгілік елдің тұғыры – ұлттық мемлекет. Англияның тарихи тұлғасы Уинстон Черчилль: «Өркениеттің негізгі қағидаты – билеуші таптың халықтың көне дәстүрлері мен ерік-жігеріне бағынуы» деген ғой. Осы дуалы ойды сәл өзгертіп парықтасақ: «Мемлекеттің негізгі ұстанымы – ұлттың тарихи арман-аңсауы мен мұраттарына  адалдық» дер едік. Ал,  біздің тарихымыз, көне сақтар мен ғұндардың, Көктүріктер мен Қазақ хандығының ұлттық мемлекет құру идеясына суарылған. Сол идея жүзеге асқан ғасырларда Ұлы дала дәуірлеген, мемлекеттіктен айырылған замандарда ұлардай шулаған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ Елі» идеясын жайдан-жай көтерген жоқ. Мәңгілік ел мұратын жүзеге  асыратын ұлттық саяси институт ретінде әлеуметтік-философиялық айналымға енгізді. Тілге байланыстыра отырып, баршамызға терең ой салды. Елбасының: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ Мемлекеті деп атайтын боламыз» деуінде және «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» екенін қадап айтуында терең мән бар. Бұлардың бәрі – ұлттық мемлекеттің белгілері

Қытай даналығы және Батыс кемеңгерлігі

Біз қазіргі таңда алғашқысын ел рухының мәңгі сөнбейтін жарық жұлдызына айналдырсақ, соңғысының керегесін керу үстіндеміз. Сондықтан, бүгінгі кезең – дана тарихтың ұлттың ұлағаты болып қайта оралған кезеңі, қазақ халқы өзінің төл арманымен табысып, ұлттық тағына сеніммен отырған шағы. Ал, әлемге қарасаң, тар жолды тайғақ кешкен таңдаулардан аяқ алып жүргісіз. Ұлттық мүдделер мен адамзаттық мүдделер арпалысып жатыр. Сол айқасқа өзіне жаһандық деген ат қойып алған еуропалық таңдаудың айдарынан жел еседі.

Әлеуетті елдердің өзі онымен санасуға мәжбүр. Қытай сонау Цинь династиясы дәуірлеп тұрған кездің өзінде «Қытай даналығы іргелі (фундаментальді) қағидаттар үшін, Батыс кемеңгерлігі – іс жүзінде пайдалану үшін» деген ұстанымда болыпты. Оның әлді көршісі «Жапондық рух пен Батыстың техникасы» таңдауына тоқтаған. Бұдан екеуі де ұтылған жоқ. Өйткені, Еуропаның жетістіктерін барлық салада ұлттық құндылықтарды сақтай отырып игерді. Кей ретте Батыс өркениеті арқылы ұлттық өркениетті байытты. Бүгінде осы екі ел де өздерінің мәңгіліктігіне күмәнсіз сенеді. Ал, Батыс басқа әлемнен көптеген салаларда оқ бойы озып кеткенін айтып, «күн сөнгенше сөнбейміз» деуден жалығатын емес. Кәрі құрлықтың бұлай деуге толық хақысы бар. Оның өрлеу жолы ертеден басталса, әлі күнге жалғасуда. 1500 жылы Еуропа елдері жер шарының 10 пайызын иеленіп, адамзаттың 16 пайызына үстемдік етті. Ал, 1913 жылы құрлықтың үштен бесін билеп-төстеп, әлемдік өндіріс өнімінің 79 пайызын өндірді. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң аз уақытқа тоқыраса, соңғы жарты ғасырдан астам уақытта ғылыми-техникалық прогресте көш бастап келеді.

Ұлттың генетикалық коды

Осы жерде ат шалдырып алып, ойланайықшы. Даму кезеңдерінде империя құрып үлгерген, әлемдік өркениетке сүбелі үлес қосқан, ғаламдағы ірі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің талайына ұйытқы болған, өнер мен мәдениетте де шырқап шыққан Англияда ұлттық салт-дәстүрдің конституцияның орнына жүруі талайларды толғандыруға тиіс қой. Ғасырлар жазып, дәуірлер өңдеген, қария тарих құптаған ұлттық дәстүр толқыннан толқын қуып, барлық буынның ұлағатына айналса, ұлттың түрлі мәдениеттердің ықпалында кетпей, табиғи тазалығын сақтауына ықпал етсе, мәңгілікке бет бұру дегеніміз осы емес пе?! Тарихи жолынан адасқан ұлттың түбі – құрдым.

Бүгінде мемлекеттігі мен туған тілін сақтап отырғандар – текті елдер. Ал, тектіліктің қайнары – тарихи сана. Арийлердің кезінде егілген, сақтардың тұсында көктеген, ғұндар дәуірлеген шақта масақтанған, көктүріктер жемісін терген, талай да талай өңделген, мәңгілік ұғымын туғызған, соған және сендірген ұлттық сана. Римдіктер асқақтап тұрған шағында астанасын «Мәңгілік қала» деп атаған. Қидандар өздерін «Күміс еліміз» деп жариялады. Маньчжуриялықтар (шүршіттер) «Алтын ел» атауымен айбаттанып, Қытайды басып алды. Ал, бізге, азаттық үшін ғасырлар бойы арпалысқан халыққа, тарихымен табысып, ұлттық намыспен дүр сілкінген ұлтқа «Қазақ елі» деген текті ат жарасар еді. Қазақ елі нығайтқан Қазақ мемлекеті қазақты мәңгілік етер еді.

 Францияның ұраны – Еркіндік. Теңдік. Ағайындық. Ресейдің ұраны – Державалық Ресей. Америка Құрама Штаттарының ұлттық идеясы – «Құдайға сенеміз». Біз, ата-бабасы Еуразия құрлығында ат ойнатқан, бүгінгі толқыны жаһанға парасатты ой-ұсыныстарымен жаққан ежелгі ел – Қазақ елі ізгілік пен имандылық ажарландырған, кеңдік пен жомарттық дархандандырған, қайтпас қайсарлық пен намыс шыңдаған ұлттық қуатымызға сенеміз. «Адамзатты махаббатпен жаратқан Алланы сүйеміз». Мәңгілікке құлшындырған даналыққа жүгінеміз.

(Арнайы  «Атырау»  газеті  үшін).

Ағылшын тілінде жыл сайын экономика, әлеуметтану, медицина, т.б. тақырыптарда 550 000 атаулы еңбек жарияланады. Салыстыру үшін келтіре кетейік, орыс тілінде – 97 000, француз тілінде – 65 000, қазақ тілінде – 2300. Техника және жалпы технология жайлы ақпараттың 70 пайызы әлемге ағылшын тілінде тарайды. Осы айтылғандарды саралай келгенде, Елбасының: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды»  деген пайымы одан сайын салмақты бола түседі. Генетикалық кодынан айырылған ел – қаңбақ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз