АЛАШтың АСҚАРы

srprparpara Жаңалықтар

Atr.kz/15 қараша, 2019 жыл. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен Атырау өңіріне белгілі өнер қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармониясына 1991-2007 жылдар аралығында басшылық жасаған халқының қадірлі ұлдарының бірі Асқар Харесовтың 70 жылдығына орай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония ұйымдастырған еске алу кеші осылай аталды.

Атырау облысының белгілі еңбек және мәдениет ардагерлері мен қайраткерлері, еске алу кешінің қонақтары Атырау қаласындағы Асқар Оңғарсынұлы тұрған Сарыарқа-58 мекен-жайында орналасқан үйдің қабырғасына ескерткіш-тақта орнату рәсіміне қатысып, гүл шоқтарын қойды.

Еске алу кеші «асқақ өнердің Асқары» бейнефильмімен басталды. Онда өнер қайраткерінің өсу баспалдақтары, өнердегі өрлеу биігі, өмір жолдары, бірге оқыған дос-құрбыларының естеліктері көрсетілді.

Аталған шараға Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, жазушы Мереке Құлкенов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Қатимолла Бердіғалиев, Асқар Харесовтың жары, Қазақстанның Халық әртісі Ұлмекен Қарағұл, қоғам қайраткері Қабдырахим Жаңбырбаев, «Қазақфильм» студиясының қызметкері, Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының Құрметті азаматы Нұрлыбай Есімғалиев, қоғам қайраткері, Атырау облысындағы ұлттық спорттың жанашыры Өнербек Жанбала қатысып, Асқар Оңғарсынұлының қайраткерлік тұлғасын, өнер саңлағы ретіндегі биік бейнесін еске алып, естеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың аталған шараға байланысты жолдаған хаты оқылды. Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Асқар Харесовтың достары мен өнер жанашырларының, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония басшылығының құрастыруымен шыққан «Арғымақ жалды Асқарым» кітабының тұсаукесері болып, жазушы Мереке Құлкенов пен Өнербек Жанбала лентасын қиды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз