АЛАШТЫҢ АЙБЫНДЫ АЙДЫНЫ

Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов Жерге оралды. 12 қыркүйек күні таңғы сағат 06.51-де капсула Қарағанды облысына қонды.

 

Экипаж құрамында Геннадий Падалки (Ресей), Андреас Могенсен (Дания) және қазақстандық Айдын Айымбетов бар ғарыш кемесі Жезқазған қаласының шығысынан 146 шақырым жерге қонды.

«Союздің» қонуын қамтамасыз ету жөніндегі іздеу-құтқару қызметіне 200-ге жуық әскери қызметкер, бортында арнайы жабдықтары бар 14 Ми-8 тікұшақтары, төрт Ан-12 және Ан-26 ұшақтары және 15 бірлік техника, сондай-ақ, төрт жол талғамайтын іздестіру-көшіру машиналары қатыстырылды.

Астана  әуежайында ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажын миссияларын орындауымен құттықтады.

«Айдын Айымбетовтің ғарыштағы зерттеулері елімізге үлкен пайдасын тигізеді». Астана әуежайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажын қарсы алғаннан кейін өткен баспасөз мәслихатында осылай мәлімдеді.

«Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстан жерінде болғаннан кейін, біз ғарыштық мемлекеттердің қатарына кіреміз. Сонымен бірге еліміздің аспандағы жер серіктері бар. Оның барлығы тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Айдын ғарышқа бекер көтерілген жоқ, яғни ол ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сәйкесінше, бұл зерттеулердің бізге үлкен пайдасы бар», – деді Президент. Осы орайда Мемлекет басшысы дүниежүзінде екі жүзден астам мемлекет бар екенін, алайда олардың басым бөлігінде өздерінің ғарышкерлерін ұшыруға мүмкіндіктері жоқ екенін атап өтті. «Сондықтан да, ғылыми жағынан, техникалық өркендеу тұрғысында ғарыштық зерттеулермен айналысқан өте дұрыс. Біз Ресеймен осы жұмысты ары қарай жалғастыра беретін боламыз. Бұл бағыттағы шығын ғылыми зерттеулермен Қазақстанның атағы үшін қайтып келеді деп санаймын», – деп түйіндеді Н.Назарбаев.

Өз тілшіміз.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз