АЛАШ АРЫСтарын ҰЛЫҚтаған

rvaynvyv Жаңалықтар

Atr.kz/26 қараша, 2019 жыл. Атырауда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, республикалық Махамбет, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтардың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, қазақтың көрнекті жазушы-драматургі Рахымжан Отарбаевтың республикалық ІІІ театр фестивалі өтті.

Шараға қазақтың қабырғалы қаламгерінің кіндік қаны тамған Құрманғазы ауданынан, сондайақ, Алатау баурайынан арнайы ат арытып келген, туындыгердің көзі тірісінде сыйластық шыңында болып, өзі «рухани аға» тұтқан қазақтың маңдайына басқан тарлан таланттары Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаевтармен бірге Рахымжан Қасымғалиұлының ағалық қамқорлығын сезінген, «рухани іні» болған қазіргі қазақ сынының тарланбозы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын Ұларбек Дәлей қатысты. Өнер додасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген тоғыз театр көпшілікке таныстырылды.

Үшінші республикалық театр фестивалі Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың кіріспе сөзімен ашылды. – Рахымжан Қасымғалиұлы – қазақтың көрнекті жазушы-драматургы. Бүгінгі күні өзі көзі тірісінде негізін салып кеткен Рахымжан Отарбаевтың республикалық театр фестивалі жалғасын табуда. Осының өзінен біз ұрпақтар сабақтастығын көретініміз кәміл.

Рахымжан Отарбаев – Атырау топырағынан шыққан Халық жазушысы, қазақтың абыз ақыны Әбу Сәрсенбаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Гимні авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденов, филология ғылымдарының докторы, қазақтың эстет сыншысы атанған Зейнолла Серікқалиев шыққан құнарлы топырақтың түлегі.

Осы өңірде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың кіндік қаны тамған. Рахымжан Қасымғалиұлы осындай талантты аға-апаларының соңынан ерді, өзі де қаламдас інілеріне қамқор аға бола білді.

Ол Жаратқаннан дарыған қалам сертіне, қаламшәріп киесіне адал болды. Өмірде кездесетін келеңсіздіктердің бәріне жүрегі ауырып, өз шығармаларына арқау етті. Ондағы ойы – жас ұрпақ жақсылықты танып өссін, жамандықтан жиренсін деген үлкен тілек. Бүгінгі таңда қаламгердің қаламынан жарық көрген дүниелерді сағынған көрермендер мен оқырмандар оның туындыларын іздеп жүріп оқуда.

Ұйымдастырылып отырған театр фестивалінің мақсаты да – жазушы-драматург шығармаларын насихаттау, – деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы. Жазушыны бірге туған інісінен кем көрмей араласқан, талай рет бірге театр фестивальдерін өткізген Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов те аталған өнер мейрамының ашылуымен жиналған жұртшылықты құттықтады: – Рахымжанды сағынбау, іздемеу мүмкін емес.

Оның әр сөзінен, әрбір драмасындағы жүрек қаны, маңдай терінен қазаққа деген сүйіспеншілігі айқын көрініп тұратын. «Ақ Жайыққа қош келдіңіздер!» деп аңқылдап тұратын Рахымжандай іні бүгін өзі болмаса да, соңында оны іздейтін еліжұрты бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Қатысушыларға да табыс тілеймін, – деді ол ақжарыла тілек айтып.

Фестивальдің қазылар алқасының төрайымы Мәскеуден прозалық жинағы шығып үлгерген жазушының қызы Қаракөз Отарбаева болса, мүшелерінің құрамында Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық әртісі, белгілі режиссер Талғат Теменовтердің болуы да жиналған өнерсүйер қауым мен театр мерекесіне қатысушыларға да үлкен мүмкіндік пен мерей сыйлағаны сөзсіз.

Ән-Әміре

Р а х ы м ж а н О т а р б а е в т ы ң республикалық III театр фестивалінің көрермендерінің назарына бірінші болып Нұр-Сұлтан қаласынан келген Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры дайындап әкелген қаламгердің «Әміре» спектаклі ұсынылды. Қоюшы режиссері – Нұрлан Жұмахметов. Спектакль шымылдығы Әміре Қашаубаевтың Париж сахнасында Ақан серінің әйгілі «Балқадишасын» шырқап тұрған сәтімен ашылды.

Жанында ЭКСПО көрмесіне бірге барған делегаттар қолпаштаған Әміренің ең бақытты шағы, өмірінің апогейі жан тебірентерліктей бейнеленген. Әміренің ең жақын досы, қазақтың ғажап талантты ақыны Иса Байзақов тұлғасы да әсерлі сомдалған. Бірден жанды баурап алатын көріністер, сахнада жүріп жатқан спектакль екенін де ұмыттырған әртістердің ғажап шеберлігі көрермендерге әлсінәлі қол соққызып отырды.

Париж сахнасында қазақ әнін шырқап, талғамы жоғары француздардың басын шайқатып, таңдайын қақтырған Әміренің асқақ дауысы, хас өнеріне жұртшылық та бас иіп, қолпаштағаны рас. Әміре мен Мұстафа Шоқайдың кездесуі, Мұстафаның елді сағынып жүргенін білдіретін мизансцена режиссердің де шеберлігін айқындағаны сөзсіз.

Мұстафа Шоқайдың елден келген делегацияны қонаққа шақыруы, олардың бармай қалып, тек Әміренің ғана Мұстафа жайған дастарханға баруы, өзара сұхбаты өте нанымды шыққан. Режиссер хас таланттың жүрек түбіне кір жасырмайтын ақкөңілдігін, аңғалдығын, мәрттігін осылай аңғартқан.

Тағы бір көрерменге аямай шапалақ ұрғызған мизансцена – Әмірені Семей қаласының вокзалынан күтіп алу. Кеңес үкіметінің идеологиясы, белсенді топ, оның әйел басшысы көзге шындығында да өткен шақты елестеткендей. Басына қызыл орамал тағып алған жұмысшы табының өкілінің іс-әрекеті, жазылған транспоранттар, қызыл галстук таққан пионер баланың қимылдарын сомдаған әртістердің шеберлігінде мін жоқ.

Өмірдің өзімен қабысып кеткендей етіп бейнелеген әр образ өз жүгін көтеріп тұрғаны анық. Әміре Қашаубаевтың Париждегі дүниежүзілік көрмеден бас жүлде алуынан астар іздеп, Мұстафа Шоқаймен байланысы бар екенін анықтауға тапсырма берген қызыл комиссар, оның жандайшаптарының да образдары сәтті шыққан. Әміренің кеңестік идеология құрбаны болғанын, совет өкіметінің солақай саясатынан зардап шеккенін бейнелейтін мизансценалар кезінде көрермендер демін ішіне тартып отырды, көздеріне жас алды.

Осының өзі – режиссер шешімінің нақтылығы, шеберлігі, актерлердің де өз рөлдерін шынайы сомдағанының көрінісі. Спектакльден соң көрермен тарап кетпей, он минут бойы қол соғып, қолпаштап тұрып алды. Жұртшылықтың бұл ілтипаты, хас өнер жұлдыздарына бас июі – Әміре өмірінің трагедиясының қаламгер қаламынан жүрек қанын сорғалатып отырып жазылған туынды екенінің айғағы.

Фариза мен Мұқағали мұңы

Фестивальдің келесі күндерінде қазақтың белгілі жазушыдраматургының қаламынан туған құнды дүниелер көрермендердің жандүниесін байытып, көңілдеріне көрік, сезімдеріне шуақ сыйлағаны анық. Мәселен, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыка-драма театры қойған «Фариза мен Мұқағалиды» халық бір деммен көргені рас.

Өнер әлемінің тұңғиығынан маржан сүзген Мұқағалидың қызғаныштың қызыл итіне жем болуы, кемталанттар мен күндестері ұйымдастырған арандатушылықтар, ақындық тағдырдың өзгеге ұқсамайтын қиындау бұрылыстарын әртістер өте шеберлікпен сомдағаны сөзсіз. Өмірден түңілген шақта жарық сәуледей болып ақын жүрегіне шуақ пен мейірім құйған Фариза образындағы күрделі тұстарды сәтті келтірген.

Мұқағали ақынның аурухана төсегіне таңылып жатқан кезінде қанатымен су сепкен қарлығаштай болып Фаризаның қолын созуында да символикалық мән бар екені сөзсіз. Қос таланттың бір-бірін түсінуі, қолдауы, сыйластығы керемет бір нұрлы сәулесін құятындай. Әттең, күрмеуге келмейтін, шектеулерге толы уақыт… Осылайша тіліңді тістеуге мәжбүр боласың. Драматург көбінесе философиялық тұжырымдарды, астарлы мағыналарды бір сөзге сыйғызуға құдіреті жететін талант екенін өз шығармаларында дәлелдеп те жүр.

«Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз, Өмірде ақындардың бәрі жалғыз. Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз, Бірімізден біріміз арылармыз. Біздерді де іздейтін жан болса егер, Шаң басқан архивтерден табылармыз», деп Мұқағалидың неге таусылғанын шын түйсініп, жан жүрегімен сезінгендей әсерге бөленеді көрермен.

«Темір Нарком»

Ал, Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры Рахымжан Отарбаевтың «Темір Нарком» спектаклін ұсынды. Актерлердің ойнау шеберлігі жоғары дәрежеде деуге болады. Қазақтың репрессияға ұшыраған арыстарының бірі Темірбек Жүргеновтің өмірін арқау еткен бұл пьесаның психологиялық иірімі өте терең. Қазақтың маңдайына біткен небір боздақтарының Кеңес өкіметінің солақай саясатының кесірінен темір торда бұлқына да алмай қалған сәттері жұртшылықтың көз алдынан өтеді.

Кейіпкер тағдырына алаңдаған залдағы көрермен демін ішіне тартып, сахнада ойнап жүрген әртістердің әр қимылын қас қақпай бағып қалыпты. Әсерлі көріністердің бірі – Темірбек пен әкесі Қараның кездесуі. Әкелібалалы қос арыстың бірі-бірін түсіне тұрып түсінбеуі, кер заман ұйтқытқан құйынның шаңдағы ғасыр бетіне тұрып қалған қара дақ тәрізді.

Қаламы қарымды қаламгердің жүрегінің қанын сорғалата отырып жазған бұл драмасы да өнер мерекесіне жиналған жұртшылықтың көңілінен шыққаны анық. Сахнадағы кейіпкерлердің іс-әрекетіне біресе сүйсініп, біресе күйінген көрермен қойылым біткенше әртістермен бірге біресе күліп, біресе жылады.

Бір түп жусанға айналған сағыныш

Ақмола облыстық орыс драма театры драматургтың «Бейбарыс» спектаклін сахналады. Он жылдан астам театр сахналарынан түспей келе жатқан пьесаны аталған театр әртістері өзіндік шеберлік, өзгеше көзқараспен дайындаған екен. Актерлік пластикасы көркем қойылым болғаны даусыз. Қазылар алқасының мүшесі Асанәлі Әшімов бұл
спектакльді «фестивальдің әшекейі» деп бағалауының өзінде үлкен астар, мән бар екені кәміл.

Бейбарыс тағдыры, туған жерге деген сағыныштың бір түп жусан арқылы символдық түрде көрініс беруі – драматургтің суреткерлік шеберлігі. Өзі жазған кейіпкерлерін жүрегінің ішіне салып алып, қашан жазылып біткенше бірге ұйықтап, бірге оянатын, бірге күліп, бірге жылайтын, бірге күйініп, бірге қуанатын қаламгердің сезімталдығы, психологиялық астарлы мағынаға мән беріп, өзгелерден де шыңыраудай тереңдікпен, асқар шыңдай биіктікпен келуді талап ететін аса жоғары деңгейі осынау драманың өн бойынан көрініп тұрды.

Бала Бейбарыстың, құлдыққа сатылған талайлы тағдыр маңдайына жазылған Бейбарыстың дана Бейбарысқа, әлемдік деңгейдегі дара Бейбарысқа айналуындағы ғарыштық заңдылық, дала философиясы, жазылмаған дала заңы әртістердің ойынымен ғажайып үйлесім тапқан. Бір түп жусанға айналған сарытап сағыныш, атажұртқа деген іңкәрлік – драманың өн бойындағы көркем желі.

Ақ қағазды зар жылатып…

«Бас» романының желісімен Жұмат Шанин атындағы Шымкент академиялық драма театры дайындаған спектакль жұртшылықты ойлануға жетелегені рас. Драматургтің «Бас» арқылы айтайын деп отырған ойы тым тереңде.

«Кешегі өткен Қабанбай мен Бөгенбай, Қарасай мен Ағыбай, Кенесарылар осы елге ортақ жақсылар ғой. Одан бергі Алашорда көсемдері ше? Ай, айтары бар ма? Осы арыстардың исі қазақ даласы үшін жасаған жанкештілігін жазсаңыз, ақ қағаздың өзі сары майдай ерір еді?!

Осы арыстардың азапты тағдырын, отбасынан ажырап, ұрпақсыз қалғанын, тіпті кәлләсінің өзі әр шұңқырда домалап жатқанын жазсаңыз, ақ қағаздың өзі зар жылар еді?! Бәрінің мақсаты біреу. Қазақты сақтау. Жерін өңшең аш ішекпен жүргендердің талан-таражына бермеу. Сол үшін қайғы жұтқан, қан түкірген. Бері қарап күліп, әрі қарап жылаған. Кім үшін?» деген риторикалық сауалға жауап іздейді суреткер.

Бұл шығармада философиялық тереңдік, психологиялық иірім, мистикалық сарын да бар. Сонау ғасырлардың шаң басқан қойнауында қалған тарихымызға үңіледі драматург. Махамбеттің басын іздеуден басталған оқиға бүкіл алаштың игі жақсыларының басын іздеуге ұласады. Антрополог Ноэль Шаяхметов, Құрақ қарт,

Иса, Дәурен, Айым сияқты жағымды кейіпкерлермен қатар бүгінгінің Ықыласы, Қарауылқожасы, Қайыпқалиы, Баймағамбеті көрерменге үлкен ой салады. Спектакльге жиналған жұртшылық әртістердің шеберлігіне, режиссер шешіміне разы болды.

Мұстафаның тағдыры

Түркістан қалалық Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры Рахымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» пьесасын дайындап әкеліпті. Тарихтың сарғайған беттеріне үңіле отырып, Мұстафа Шоқай жүрген ізді көркем дүниеге айналдырған туындыгердің шеберлігіне қайран қалмасқа амал жоқ.

Түнімен ұйықтамай, жүрек қанын сорғалата отырып жазған драмадағы жұртым деп соққан Мұстафаның жүрегі, елім деген ақ тілегі жұртшылықтың да көзіне жас алдырғаны анық. Түркі жұртын біріктіруді өзінің ең басты кредосына айналдырған Мұстафаның эмиграцияға кетуі, Франциядағы кезеңі де бейжай қалдырмайды.

Жазушы жалғыздығы

Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театры жазушының «Жалғыздық» әңгімесінің желісімен дайындалған осы аттас пьесаны ұсынды фестивальге. Режиссері – Мұханғали Томанов. Жазушының жалғыздығы, талантты жанның талайлы тағдыры драманың өн бойына алтын арқау болып тартылған.

Спектакльдегі мистикалық сарын психологиялық тереңдікке жетелейді. Әруақтар әлемі, өлілермен тілдесу, рухани жалғыздық – шығарманың философиялық тұжырымы. «Мен бүгінде тірілерден гөрі, өлілермен тілдескенді ұнатамын. Сондықтан ба екен, көбінесе өлі әруақтар рухына тәу етіп, соларға мұң шағам» деп еді бір сұхбатында қаламгер.

Режиссердің шеберлігі – әңгіменің негізгі желісін, жазушының жалғыздықтан, рухани жалғыздықтан азап шеккен жан дүниесін түсінуінде. Мизансценалар арқылы берілген өлген жандармен диалог бүгінгі рухани әлемнің, қоғамның жұтаңдығын дәлелдегендей. Әртістердің ойыны, пластикасы, гримі, киімі – барлық жағынан да шеберлікті айқын танытып тұрды.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының «Жалғыздық» спектакліне берілді. Жүлдеге 1000000 теңге сыйақы ұсынылды. Бірінші орынға Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театры лайық деп танылды, сыйақы мөлшері – 800000 теңге.

Екінші орынды Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театры мен Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры бөлісті. Әрқайсысы 600000 теңге көлемінде сыйақымен марапатталды.

Үшінші орын Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры мен Түркістан қалалық Р. Сейтметов атындағы сазды драма театрына берілді. Әрқайсысына 400000 теңгеден сыйақы берілді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз