Қалам ұшындағы құдірет

Қалам ұшындағы құдірет Жаңалықтар

Бейнелеу өнері – өз алдына бөлек әлем. Себебі, қылқалам ұшында былайғы жұрт біле бермейтін, сезе бермейтін керемет дүниелер көрініс табады. Сол бір сырлы әлем, әсіресе, жас буынды армандарға, биік шыңдарға жетелеп келеді.

%d2%9b%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d0%bc-%d2%b1%d1%88%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d2%93%d1%8b-%d2%9b%d2%b1%d0%b4%d1%96%d1%80%d0%b5%d1%82

Дәулет Сәлімовтің де есімі осы бір сырлы әлеммен тікелей байланысты. Себебі, ол саналы ғұмырын бейнелеу өнеріне арнады. Нақтырақ айтқанда, осы салада ұстаздық етіп, талай шәкіртті тәрбиелеп шығарды.

«Әдетте көркем өнер әлемінің алыптары ретінде Леонардо до Винчи мен Микеланджело айтылып жатады ғой. Ол дұрыс та. Себебі, олардың өнерге қосқан қайталанбас туындылары әлемдік деңгейдегі шедеврге айналды. Ондай қайталанбас өнер иелері өзіміздің де арамызда бар. Өз басым шәкірттеріме әйгілі кескіндемеші, график-суретші Әбілхан Қастеевті ерекше үлгі етіп отырамын. Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірегейі болып табылатын Қастеев өнер әлемінде шекараның болмайтынын дәлелдеді» дейді кейіпкеріміз.

Әріптестері оның сабақ берудегі тәсілдерін әдістеме ретінде пайдаланып келеді. «Дәулет Құрметұлы Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы өнер мұражайымен тікелей байланыс орната білді. Оның студенттері жасаған дипломдық жұмыстар облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі көрмелерге қойылып, жоғары бағаға ие болып жүр. Мәселен, Қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен көрші мемлекет президенті Владимир Путин Атырауда өткен Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумында Дәулет Құрметұлының шәкірттері жасаған түрлі қолөнер туындылары, сәндік-қолданбалы бұйымдарына ерекше қызығушылық танытты. Одан бөлек, көптеген шәкірттері шығармашылық бағыттағы республикалық шараларда үлкен нәтижелерден көрініп жүр» дейді әріптестері.  «Ащы тердің тәтті дәмі»  немесе  еңбекпен келген нәтиже дегеніміз  осы  болса керек.

Өз мамандығының шебері саналатын кейіпкеріміз ұзақ жылдардан бері Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледждің «Өнер және мәдениет» бөліміне жетекшілік жасап келеді. «Сызу, перспектива», «Пластикалық анатомия» пәндері үшін жасақтаған шығармашылық еңбектері бүгінде әріптестерінің арасында үлкен сұранысқа ие. Құнды әдістемелік кешен саналады.

Осыдан біраз жыл бұрын көршілес Ресейдің Астрахан әлеуметтік педагогикалық колледжі ұйымдастырған «Инновация және білім жетістігі» атты көрме байқауында да оның еңбектерінің халықаралық сарапшылар назарын аударуы, тәжірибе алмасу бағытында пікір алмасу алаңдарына шақырылуының өзі – еңбектің жоғары бағалануы.

Кейіпкеріміз ұстаздар әулетінің өкілі. «Мен үшін – ұстаздық ең ұлы мамандық. Себебі, біз – білгенімізді үйрету арқылы  жаңа заманның қоғамын қалыптастыруға тікелей ықпал етуші күшпіз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген нақылдың өзі бізге артылған жауапкершілік жүгінің салмағын өлшейтіндей», –  дейді ол.

 

P.S. Кейіпкеріміздің шәкірттері де құрметтен құралақан емес. Біразы мектеп-гимназияларда табысты еңбек етіп, кейбіреулері өз алдына дизайнерлік студия ашып отыр. «Мен балаларыммен бақыттымын» деп мақтанатын  Дәулет Құрметұлының шығармашылығына арналған салтанатты кеш жұма күні өтпекші. Н.Жантөрин атындағы филармонияда болатын шығармашылық кешке әнші, композитор Елена Әбдіхалықова арнайы келеді деп күтілуде. Шынайы талантқа құрмет осындай болса керек. 

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

 

– Ә.Қастеевтің 100 жылдығына орай, 2006 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында «Өнер және мәдениет мамандықтарын нарықтық қатынаста дайындау жолдары» тақырыбында жасаған баяндамасы республикалық жинаққа енгізілді;

– Білім және ғылым министрлігінің Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының құрамында Маңғыстау педагогикалық колледжін, Маңғыстау өнер колледжін, Орал педагогикалық колледжін, Құрманғазы атындағы Батыс Қазақстан колледжін тексеру жұмыстарына қатысты;

– 2014 жылы ҚР Білім және ғылым қызметкерлері Кәсіподағы Атырау облыстық филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз