АЛҒЫ КЕЗЕКТЕ – БҰҚАРА МҮДДЕСІ

Бұдан былай атыраулықтар жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағамен орталықтандырылған базардан сатып алатын болады. Ерекшелігі сол, өнімдер сауда орнының сөрелеріне делдалсыз келіп түседі. Қазіргідей қаржылық қысылтаяң жағдайда қарапайым халықтың қалтасын үнемдеуге ықпал ететін коммуналдық базар жаңа жылға дейін облыс орталығынан есік ашатын болады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлімдеді. Және де облыс басшысы Атырау құс фабрикасының, ешкі фермасы, консервіленген көкөніс шығару өндірісінің алдағы уақытта толық қуатта жұмыс істеп, халық сұранысын қанағаттандыруға жол ашылатынын да атап айтты.

 Сауалнама нені көрсетті?

Бірнеше мәселе қаралған сессияда діни ахуал және жастар мәселесі қызу талқыға түсті. Жыл басынан бері теолог, психолог мамандар 859 адаммен жеке сұхбат, жеке кездесу өткізген екен. «Бұл тұрғыда біз күштік құрылымдардың көмегіне жүгініп отырамыз. Себебі, теріс ағымға ерушілер өз бетімен келе қоймайды» деген облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев бұл бағытта сенім телефондарының, арнайы орталықтың жұмыс істеп жатқандығын айтты. Талап күшейді дегенмен, заңсыз миссионерлік қызметпен айналысушылар, рұқсат етілмеген орындарда діни әдебиеттерді таратып, діни бірлестік өкілдерінің қызметіне кедергі келтірушілер әлі де бар. Ағымдағы жылы осындай он адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Баяндамадағы басты жаңалық – облыстағы діни ахуал және тұрғындардың діни көзқарасын бағалау бойынша 1000 адамның арасында өткізілген сауалнама қорытындысының жариялануы болды. Респонденттердің 56,4 пайызы – облыстағы діни ахуалды «тұрақты», 22,3 пайызы – «күрделі», 9,7 пайызы – «тұрақсыз», 11,6 пайызы – «қауіпті» деп бағалаған.  Қатысушылардың 60,3 пайызы дәстүрлі дін мен теріс ағымды ажырата алатын деңгейде болса, 33 пайызы ажыратудың қиынға соғатынын көрсеткен. Және ең бастысы, респонденттердің 96,2 пайызы –  шараларға қатысу нәтижесінде діни сауатының артқандығын атап өткен. «Мұның барлығы қоғам ішінде діни ахуалға алаңдаушылықтың байқалатынын көрсетеді» деп атап өткен басқарма басшысы қалыптасқан ахуалдан шығудың жолы ретінде екі мәселеге назар аударуды ұсынды.

«Теріс ағым жетегіндегілердің көпшілігінің әлеуметтік жағдайы қиын. Дені –жұмыссыздар. Сондықтан, осындай әйелдерге қамқор болатын, оларды тігін, кондитер цехының маманы сынды жұмыстармен қамтамасыз ететін арнайы дағдарыс орталығын ашуды ұсынамын» деген баяндамашы Еркінбек Шоқаев балалары шет елде күмәнді оқуда жүрген ата-аналардың кейбірінің оларды қайтаруға қаражат таппай отырғандығын, осындай жағдайға да қаржы қарастырудың маңызды екендігін атап айтты. 

Жас отбасыларға – жайлы пәтер

Бір ғана Атырау қаласының өзінде баспанаға мұқтаж 800 жас отбасы бар. Ал, соңғы үш жылда 324 жас отбасы ғана «Қолжетімді баспана» аясында үйлі болған. «Бұл сұраныстың тиісті деңгейде қанағаттандырылмай отырғандығын көрсетеді. Оның үстіне, ажырасудың негізгі себебі ретінде баспананың жоқтығы айтылады. Сол себепті де, облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырыла бастаған «Жас Отау» бағдарламасын жалғастырудың маңызы зор» деген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи қазіргі таңда бес қабатты 90 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, жас отбасыларға тапсырылғандығын атап өтті. Жоба аясында келер жылдың наурызында 5 қабатты 120 пәтерлік тұрғын үй беріледі деп күтілуде. «Ережеге сәйкес, тұрғын үй құрылысы аяқталуға екі ай қалғанда, яғни шамамен ақпан айының басында жас отбасылардан өтініш қабылданады» деді ол.

Жыл қорытындысына арналған сессия соңында облыс басшысы табысты жұмыстары үшін депутаттар корпусына ризашылығын білдірді.

 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз