«Айқын» газетінің Бас редакторы Нұрмұхамед Байғара атыраулық журналистермен кездесуде маңызды мәселелерді қозғады

img 20201013 wa0113 Жаңалықтар

Atr.kz/13 қазан, 2020 жыл. Бүгінде әрбір редакцияда ағылшын тілін жетік меңгерген журналист болуы қажет. Бұл – қазіргі замандағы жаңа медианың басты талабы. Осы және өзге де маңызды ақпараттар жөнінде республикалық «Айқын» газетінің Бас редакторы, «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алған білікті журналист Нұрмұхамед Байғараның «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде өткен шеберлік сыныбында кеңінен айтылды.  

Жаңа медианың әдіс-тәсілдерін меңгеруге бағытталған кездесуге аталған медиахолдингке қарасты БАҚ өкілдері тікелей және аудандық газет қызметкерлері онлайн форматта қатысты. Кездесу барысында Нұрмұхамед Байғара ақпарат таратудың заманауи тәсілдері, газет оқырмандарын арттырып, таралымын көбейту, сараптамалық саяси журналистика және жаңа медианың мүмкіндіктері туралы кеңінен айтты. Өзі басқаратын республикалық «Айқын» газетіндегі тәжірибелерімен бөлісіп, тың ақпарат пен дәлелдерге толы әңгіме өрбітті.

  •  Газетке берілген әрбір мақала проблемалық тақырыптарды қамтуы керек. Осы тұста ақпараттың хабар ретінде емес, сарапталып берілуі маңызды. Бұл жағдайда мәлімет қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоймайды. Сондықтан, материал оқылымды болады. Ал, оқылымды материалы бар газетке сұраныс қашанда жоғары, – деді Нұрмұхамед Байғара.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде газеттегі материалдың оқылымын және басылымның таралымын арттырудың жолдарымен бөлісті.

  • «Газетте тақырыбы «менмұнадалған», бүгінгі күннің күйіп тұрған өзекті мәселесін сараптаған мақала жазылғанымен, оны әлеуметтік желілерде бөлісіп, таратпаса, оқылымы артпайды. Сондықтан, материалдың оқылымын көбейту үшін әлеуметтік желілерде қысқаша пост жазып, аудиторияға бөлісу де маңызды» деді спикер.

 Бұдан басқа, оқырманның қызығушылығын арттыруда мақалаға сурет таңдай білу маңызды рөл атқарады. Осы тұста интернет желілеріндегі суретті пайдалана салу оқырман үшін қызықты емес. Сол себепті, әр дизайнер мақаланың мазмұнына сай фотоколлаж жасай білуі қажет.  

Ал, журналиске шетел тілдерін, соның ішінде ағылшын тілін меңгеруді алға қойылған басты міндет деп ұғыну қажет. Өйткені, бұл талап өңірге келген шетелдіктермен тікелей сұхбаттаса білуде аса қажет. Осы және өзге де ақпараттарымен ой бөліскен Нұрмұхамед Байғара жаңа медиада бүгінгі талап үдесінен шығу үшін әрбір газет басшылығы жарыққа шығаратын нөмірге бар күш-жігерін салу қажеттігін  де баса айтты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз